Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Қаңтар, 2017

1262

Холокост құрбандарын еске алу күні

2017 жылғы 27 қаңтарда Алматы қаласы республикалық Достық үйінде Холокост құрбандарын еске алу халықаралық күніне арналған іс-шара өтті.

Іс-шара ұйымдастырушылары: «Центр Забота-Хэсэд Полина» республикалық еврей қайырымдылық ҚБ, Қазақстандағы еврей ұйымдарының «Мицва» қауымдастығы, Венгрияның Алматыдағы бас консулдығы, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ.

Іс-шараға қатысқандар: Венгрияның мемлекеттік хатшысы; Орта Азиядағы БҰҰ өкілдері; Қазақстан Республикасындағы Израиль елшілігінінің өкілдері; Венгрияның Алматыдағы бас консулдығы; Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері; республикалық және қалалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері.

Іс-шара модераторы «Центр Забота-Хэсэд Полина» РЕҚ ҚБ директоры Чугайнова И.А. өз сөзінде былай деді: «Көрмеде 1930-1940 жылдары соғыс пен саяси оқиғалар салдарынан зардап шеккен көрнекті ғалымдар, жазушылар, өнер қайраткерлері тағдыры туралы материалдар орын тапты.  «XX ғасырдың ұмытылмас тағдырлары» - бұл Венгрия мен бүкіл әлемнің қайғы-қасірет тарихы. Адам өмірі мен бостандығы - баға жетпес құндылық, оған ешбір қиянат келтіруге болмайды». Осындай көрмелер Астана, Мәскеу, Екатеринбург, Калининград қалаларында болып өтіп,  көптеген адамдарды жинады - деді ол сөз соңында.

Іс-шара барысында Холокост құрбандарын еске алу халықаралық күніне арналған екі фильм көрсетілді.

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Питаленко Л.Н. өз сөзінде: «Холокост құрбандарын еске алу халықаралық күні - бұл тірі қалғандарды құрметтеп, құрбандарды еске алу күні. Барша мүше-мемлекеттер антисемитизм мен расизмге қарсы күрес жүргізіп, осы зұлымдықтың келешекте қайталанбауы үшін арнайы білім беру бағдарламаларын әзірлеуі тиіс», -деді.

«Бүгінгі  таңда Венгрияда жүз мыңнан астам еврей қауымы тіршілік етіп, мемлекеттің дамып, нығаюына өз үлесін қосып келеді. Бүгінгі күні Холокост құрбандарына, олардың туған-туыстарына шын ниетпен көңіл айтамыз. Болашақ ұрпақты адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу қажет»,- деді өз сөзінде Венгрияның мемлекеттік хатшысы Иштван Микола.

Іс-шара қатысушыларына БҰҰ бас хатшысы Гутерреш Антониудың Холокост құрбандарын еске алу халықаралық күніне арналған бейнеүндеуі көрсетілді. БҰҰ бас хатшысы өз жодауында: «Бүгін біз Холокост құрбандарын еске аламыз. Бұл адамзат тарихындағы ешбір теңдесі жоқ қайғы-қасірет. Біз осыны ұмытпауымыз керек»,-деді.

«БҰҰ бас хатшысы ретінде мен әрдайым антисемитизмге, басқа да өшпенділік әрекеттеріне қарсы күрестің алдынғы қатарында боламын» - деді ол сөз соңында. 

Сөз сөйлегендер: ҚР СІМ өкілі Жакенов Д.Т.; Қазақстан Республикасындағы Израиль елшісі Бродский Михаэль; Қазақстан Республикасындағы Венгрия елшісі Барани Андраш; Орта Азиядағы БҰҰ өкілі Самек Властимил.    

Жиын соңында Абай атындағы Опера және балет театрының хормейстері Марина Майнерман өнер көрсетіп, «XX ғасырдың ұмытылмас тағдырлары» атты көрме өз жұмысын бастады.

***

Холокост құрбандарын еске алу күні БҰҰ Бас ассамблеясының 2005 жылғы 1-қарашадағы шешімімен бекітіліп, дүниежүзі бойынша 27 қаңтарда аталып өтіледі.

Құжаттың қабылдануына бастамашы болған - Израиль, Канада, Австралия, Ресей Федерациясы, Украина, АҚШ. Әлемнің 90-нан астам мемлекеті бұл шешімді қолдады. Бұл күн 1945 жылы 27 қаңтарда кеңес әскері Аушвиц-Биркенау-Освенцим концлагері (қазіргі Польшаның аймағы) тұтқындарын азат еткен күнге байланысты белгіленген. Гитлерлік нацизм кесірінен 1933-1945 жылдары алты миллиондай еврей көз жұмған. Бұл концлагерь жұмыс істеп тұрған уақытта мұнда 1,5 миллионнан 2,2 миллион адамға дейін қаза тапқан, дейді әртүрлі дерек көздері. 1945 жылы дәл осы күні Кеңес әскері нацистік Освенцим-Биркенау ажал лагерін азат еткен болатын. Сондықтан, бұл күн сол нәубет жылдарында өмірі қиылғандарды еске алу күні ретінде атап өтіледі.

Кейін қарай