Қазақстан халқы Ассамблеясы

16 Қаңтар, 2017

4332

Кітаптың тұсаукесері өтті

Атырау облысының Қазақстан  халқы Ассамблеясы және  «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен  Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының конференц-залында  ҚХА кафедрасының доценті Жаннат Aсабаеваның  «Қазақстан халқы Ассамблеясы - Н.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім формуласы. Өңір тәжірибиесі» атты кітабының тұсау кесері өтті.

Асабаева Жаннат Уахитқызы Атырау облысының  Қазақстан халқы Ассамблеясының бастауында  өзі болғандықтан, монографиялық кітабында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі, этномәдени бірлестіктер,  Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихында жарқын із қалдырған тұлғалар туралы жазған.

Іс-шараға кезінде Ж.Асабаевамен қызметтес болған этномәдени бірлестіктерд өкілдері, зиялы қауым, ғалымдар, жазушылар және Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

Тұсаукесер  рәсімін ашқан Атырау облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Гүлмира Шәкірова  қонақтарды  осындай маңызды оқиғаның өткізілуімен шын жүректен құттықтап, авторға жылы лебізін білдіре отырып, кітаптың мазмұны мен көркемдік деңгейінің жоғары екеніне баға берді.

Жанат Уахитқызың Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының дамуына қосқан үлесі зор. 2000 жылдан  хатшылық басшысы лауазымына отырғаннан бастап әр этнос адамдарын  жұмылдыра отырып,  осы күнге дейін бейбітшілік пен келісім бағытындағы жұмыстарды  жалғастыруда. Монография ретінде жазылған кітаптың қамтыған ауқымы кең. Тілі жеңіл, әрі тарихи деректер көптеп келтірілген. Бұл кітаптан Атырау облысының КХА жайлы тың деректер алуға болады. Сиясы кеппеген кітаптан оқырмандар мол мағлұмат алады деп ойлаймын,- деп қорытындылады сөзін хатшылық басшысы.

Сөзді жалғастырған  кітап авторы Жаннат Асабаева тарихқа қысқаша шолу жасап: «Тоқсаныншы жылдары  кейбір этнос өкілдері  жаппай өз елдеріне кетуге бет бұрды, олардың ішінде білікті мамандар да болғаны есімде. Сол кезде  біздің Президент  әрбір азаматқа сенімділік, қауіпсіздік сезімін беретін органды құру туралы шешім қабылдап, 1995 жылғы 1 наурызда Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды», - деп бастады сөзін.

Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде Қазақстан жан-жақты дамып, әлем қауымдастығы тарапынан үлкен қолдау тапты. Қазақстан халқы Ассамблеясы тұрақтылық пен келісімнің символына айналып, бұл жолда зор істерді атқарып келеді. Тұрақтылық қамтамасыз етілген елімізде, жастардың білімге деген құштарлығы күннен-күнге артып келеді. Білім мен ғылым арқылы еліміздегі басты байлық – бейбітшілікті баянды ете аламыз, - деп атап өтті ол.

Автор әсіресе мәдени біртектіліктің қазақстандық үлгісін баяндауға, еліміздегі этносаралық қарым-қатынас пен конфессияаралық келісімді нығайтуға ерекше назар аударған. Ұлттық идеяны жүзеге асыру, өркениеттер тоғысқан заманда мәдени біртектілікті сақтап қалудың амал-тәсілдерін де қарастырған.

Жаңа кітаптарға байланған лентаны қиған кезде, Жаннат Уахитқызы осы кітаптың жарыққа шығуына зор үлес қосқан Атырау облысы КХА төрағасы, өңір басшысы Нұрлан Ноғаевқа, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы  Т.Ө. Аман-Турлинаға  алғысын білдірді.

Жиналған қонақтар алдында «Тхоньил»  кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Ли сөз алып: «Автор кітапта біздің өңіріміздегі ҚХА-ның бүкіл тарихын өз сөзімен баяндаған, ешкімді ұмытпай, әр этномәдени бірлестіктер туралы үлкен сүйіспеншілікпен жазған. Шын мәнінде кітаптың кұндылығы осында»,- деп лебізін білдірді.

Құттықтау сөзін осы іс-шараға қатысушылар жалғастырды. Атап айтқанда, еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы Ю.Кустадинчев, шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы З.Зубариев, грузин этномәдени бірлестігінің  төрағасы З.Бобохидзе  және тағы  да басқалары.

Кітаптың тұсаукесерінде қорытынды сөзді облыстық ардагер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов алып, кітап бейбітшілік пен келісімді қадірлейтін  әр адамға  маңызды  құрал  екенін атап кетті.

Кейін қарай