Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Маусым, 2015

1072

«Корейдің әнші балалары»

Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл

          Биылғы жыл еліміз үшін айтулы мерекелерге толы. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдағы тойланып жатыр. Ал Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі жақында ғана атап өтіліп, ардагерлерге құрмет көрсетілді. Осы мерекелер құрметіне жуықта Қазақстан корейлері қауымдастығы Қарағанды филиалының ұйымдастырумен және облыстық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен өнерлі корей балаларының дәстүрлі фестивалі болып өтті. Жыл сайын өтіп келе жатқан бұл өнер мерекесінде облыс аймағында тұратын корей ұлтының балалары өз ана тілінде ән айтып, би билейді. Фестивальге корей тілінде ән шырқайтын басқа ұлт балалары да қатыса алады. Алдымен барлық мектептерде іріктеу туры өткізіліп, сонда үздік шыққандар осы облыстық фестивальге қатысуға шақырылады. Фестивальдің мақсаты – корей балаларының өз ана тілін үйреніп, салт-дәстүрін білуге ықпал ету болып табылады.

Сонымен, фестиваль басталып кетті. Алдымен сахнаға көтерілген Қазақстан корейлері қауымдастығының Қарағанды филиалының төрайымы Лилия Ким шығып, жиналғандарды құттықтады. Бірінші кезекте Қазақстан халқы Ассамблеясы 20 жылдығына арналған мерейтойлық медальді корей этно-мәдени орталығының бір топ белсенді мүшелеріне тапсырды. Мұндай құрметке Қарағанды филиалының мүшесі, «Экожан» өндірістік кооперативінің  төрағасы Юрий Ли, Қазақстан корейлері қауымдастығы Қарағанды филиалы төрағасының орынбасары Борис Ким ие болды. Сонымен қатар, бір топ тыл ардагерлеріне Қазақстан корейлері қауымдастығының алғыс хаттары тапсырылды. Олардың қатарында Татьяна Ли, Ксения Тен, Ханна Ли, Дарья Ким, Глафира Ким тәрізді  ардагерлер болды. Осыдан соң кілең корейлерден тұратын ардагерлер хоры ән шырқап, көрермендерді риза етті.

      

     Сахнаға 17 әнші бала шақырылды. Әділ қазылар алқасы сайланып, оның төраймы болып «Парасат» орденнінің иегері, мәдениет қайраткері Рымбала Омарбекова белгіленді. Фестивальге қатысушылар үш топқа бөлінді. Алғашқы топта бастауыш сыныптың оқушылары, екінші топта 5-9 сынып балалары және үшінші топта жоғары сыныптың жасөспірімдері болды. Бұдан кейін бірінші топтағы бес өнерлі бала сахнаға кезек көтеріліп, ән салды. Келесі кезек екінші топқа тиді. Мұндағы «Балауса» триосы бастаған тағы бес әнші бала өз өнерлерін ортаға салды. Үшінші топты «Мирас» вокалдық тобының өнерпаздары бастап, тағы 7 қызбен ұл сахна төрінен табылды. Олардың барлығы да ән салып, өнерлерін аяп қалған жоқ.

          Сонымен облыстық фестиваль қорытындысы шығарылып, жеңімпаздардың аты аталды. Бастауыш сынып оқушылары арасында бірінші орынға Қарағанды қаласындағы №93 гимназияның оқушысы Юлия Пак, екінші жүлдеге №101 мектеп-лицейдің оқушысы Валерия Ли, үшінші орынға №92 гимназияның оқушысы Тимур Тен ие болды. Орта топтың ішінде «Балауса» триосы бірінші жүлдеге  және екінші-үшінші жүлдені Теміртаудан келген Сон Ми мен Юн Симдер алды. Үшінші топта бірінші орынды Теміртау қаласынан келген Гүлзар Даулетбаева, екінші орынға «Мирас» вокалдық тобы алды.

          Барлық жеңімпаздарға құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

 

 

Кейін қарай