Қазақстан халқы Ассамблеясы

04 Наурыз, 2016

1286

«Мәңгілік ел» поезы Ақтөбе қаласында

2016 жылдың 2 наурызы күні сағат 8.00-де темір жол вокзалында ақтөбеліктер Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған мерейтойлы іс-шаралар аясында құрылған «Мәңгілік ел» поездын қонақжайлықпен қарсы алды.

Көк туымыз желбіреген алаңда ақтөбеліктер қонақтарды қарсы алды. Эстрада музыкасының оркестрі ойнап, ұлттық киім киген қыздар келген қонақтарды дәм-тұзбен қарсы алды. Асыл әжелер ансамблінің қатысушылары поезд делегаттарын шашу шашып қарсы алды.

Салтанатты күтіп алу рәсіміне Ақтөбе қаласының әкімі Б.Сағын, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының өкілдері, облыстық департаменттер мен басқармалар қызметкерлері, қалалық мекемелер, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы мен қызметкерлері, сонымен қатар қала жастары мен қоғам белсенділері қатысты.

Сахна алдында салтанатты митинг өткізілді. Қала әкімінің алғы сөзінен кейін, «Қазақстан теміржолы» ҰК» АОФ «Ақтөбе жол бөлімі» директоры М.Оразқұлов, сонымен қатар «Мәңгілік ел» поезының басшысы Ә.Әлпейісов аталған поездың мақсаты мен міндеттерін атай отырып, өз ойларын білдірді.

Акция барысында ақтөбеліктерге түрлі саланың жоғары білікті мамандары, соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері тегін қабылдаулар жүргізді.

Сағат 10.00-де Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында Қоғамдық келісім кеңесінің азаматтарды қабылдауы өтті. Азаматтарды  поезд штабының басшысы Р.Барбасов, Қостанай облысы армян қауымдастығының жастар қанатының төрағасы Р.Мартиросян, Астана қаласы бойынша «Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығы» ҚҚ басшысы Ю.Денисенко, РММ жетекші маманы А.Дүйсенбиев қабылдады.

Сағат 15.00-ден ҚХА залында «Бейбітшілік пен келісім үлгісі – Қазақстан бренді» тақырыбында дәріс-презентация және «Теңдесіз сый» қайырымдылық акциясы өтті.

Сонымен қатар, қала қонақтарына Қазақстан халқы Ассамблеясының концерт залында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, «Мәңгілік ел» акциясына арналған мерекелік концерт өтті. Оған Ақтөбе облысы этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық топтары қатысты.

   

   

   

 

 

«Ақтөбе облысы әкімінің аппараты» ММ

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі

Кейін қарай