Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Наурыз, 2016

865

«Мәңгілік ел» пойызы Маңғыстау облысында

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында жолға шыққан пойыз наурыз айының 6-сы күні Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Маңғышлақ станциясында болды. Мұнайлы өңір тұрғындары пойыз жолаушыларыа  шұбат ұсынып, сән-салтанатымен күтіп алды. Маңғышлақ станциясында жиналған тұрғындарға пойыз мүшелері іс-шараның маңызын түсіндірді. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева митинг барысында пойыз мүшелерінің игі ісіне сәттілік тіледі.

-Халық арасында болып, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып жатқандарыңыз үшін сіздерге рахмет. Елдің өткенін зерделеп, бүгінін бекемдеуде сіздерге табыс тілеймін. Маңғыстау облысында болған екі күн ішінде сіздер киелі мекеннің тек адамдарымен ғана таныспай, сонымен қатар, тарихи жерлерін де көресіздер. Қарт Каспийдің жағасына ұмсынған ару қала Ақтауды көресіздер. Берекелі Маңғыстау жерінде бүгінде 50-ден аса этнос тұрады. 21 этномәдени бірлестігіміз бар. Олардың барлығы Қазақстанның тұрақтылығы жолында аянбай еңбек етуде, - деді Б.Нұрғазиева. 

«Мәңгілік ел» пойызының құрамында министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, барлығы 100-ден астам түрлі саланың мамандары бар. Олар Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласында құқық, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау,  білім беру, кәсіпкерлік, әлеуметтік және басқа салалар бойынша ақыл-кеңестерін берді. Медицина саласының білікті мамандары емханаларда бір  күн ішінде 300-ден астам адамды қабылдап, қажетті ем-домын жасады.

Сонымен қатар, пойыз мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратын аралап, түрлі ұлттың құнды жәдігерлері қойылған мұражаймен танысып, этномәдени бірлестік төрағаларымен, ҚХА Маңғыстау облыстық хатшылығы басшылығымен, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшылығымен және Ақтау қалалық мәслихатының хатшылығы басшылығымен кездесті. Жиын барысында «Мәңгілік ел» пойызы штабының басшысы, ҚХА мүшесі Әміржан Әлпейісов сөз алып, шараның маңызын түсіндірді:

-Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Елбасы тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған пойыздың мақсаты – шалғайда жатқан елді-мекендерде болып, халықпен араласып, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын тұрғындарға жеткізу. Біз ұлы мемлекеттердің қатарына тұруымыз керек. Ол үшін бүгін сіз бен біз тынбай еңбек етуіміз керек. Елбасының саясаты бірлікке негізделген. Қазіргі таңда жаһанда түрлі қиындықтар болып жатса да, біздің еліміз аман. Биыл – ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл. Біз осы 25 жыл ішінде биік белестерді бағындырдық. Ендігі мақсатымыз әлемнің дамыған 30 мемлекеті қатарына кіру. Сол үшін біз әрдайым ауызбіршілікте, татулықта болуымыз керек.

Жиын барысында «Халықтар келісімі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юсуп Шахшаев ең алғаш Маңғыстау жерінде пайда болған «Халықтар келісімі» бірлестігінің шығуына тоқталды.

-ҚХА құрылуы жайлы әркім түрлі пікір айтады. Ассамблея үлгісі ең алғаш Маңғыстауда пайда болды десем артық айтқаным емес. Мемлекет басшысы 1994 жылы біздің облысқа келіп, жиын өткізіп, «Халықтар келісімі»  ұйымы жайлы мол ақпарат алып, бізді қолдайтындығын жеткізген болатын. Сол кезде Елбасы Қазақстан бойынша осындай үлгінің керек екендігін айтты. Содан соң, 1995 жылы 1 наурызда ҚХА құрылды. Қазір Мемлекет басшысының алдымызға қойған мақсаты  барлығымызға жақсы таныс. Жанымызға жақын десек болады. Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері Қазақстанның татулығы мен бірлігі жолында жұмыс істейді. Бізде осы жолда аянбай еңбек етеміз, - деді Ю.Шахшаев.

Дөңгелек үстел барысында әрбір қатысушы өз ойын ортаға салып, пікір алмасты. Жиын соңында пойыз мүшелері этносаралық қарым-қатынасқа арналған «Теңдессіз сый» кітаптар жинаған Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кітапханасына сыйға берді. Кітаптардың ішінде Елбасы еңбектері мен Жеңістің 70 жылдығына арналған кітаптар бар.

Мұнайлы ауданының тұрғындары мен ақтаулықтар білікті дәрігерлер, заңгерлер, кәсіпкерлер, әлеуметтік сала мамандарынан өздеріне қажетті ақпаратпен қанықты. «Біздің мақсат – елді-мекендерді аралап, тұрғындардың сұрағына жауап беру, дейді ҚР Әділет министрлігінің сарапшысы Ләйла Ермаханова. - Маңғыстау облысының тұрғындары көбінесе жылжымайтын мүлікті рәсімдеу тәртібі туралы көп сұрады. Жалпы, біз әр аймақтарда болғанымызда біздің қабылдауымызға 500-ге тарта адам келеді. Олардың ішінде 450-дей нақты әділет саласындағы сұрақтар. Біз тұрғындардың қойған сұрақтарына жауап беріп, шешімін тауып, түсініктеме береміз.

Бағдарламаның екінші жартысында пойыз белсенділері Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде  «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы - тұрақты дамудың негізі» тақырыбында мемлекеттік қызметкерлерге, мұғалімдерге, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен БАҚ өкілдеріне лекция-презентациясын өткізді.  

Лекция аясында қатысушылар өздеріне қажетті ақпаратпен қанықты. Сондай-ақ, жастармен кездесулер, «Үкіметтік емес ұйым - дамудың жаңа деңгейі» тақырыбында семинар-тренингтер ұйымдастырылды.

Пойыз қонақтарына арнайы ұйымдастырылған кешкі ас барысында дәрігерлер мен әлеуметтік сала мамандарын Ақтау қаласының әкімі С.Тұрымов алғыс хатпен марапаттады.

Маңғыстау облысының Маңғышлақ станциясына жасаған пойыз сапары Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік концертпен қорытындыланды.

Әлеуметтік маңызы бар пойыз наурыз айының 7-сі күні Маңғыстау ауданындағы  Шетпе станциясында болды. Сапар барысында пойыз мүшелері жастармен кездесулер, митингтер, семинар-тренингтер мен лекциялар өткізді. Ал, дәрігерлер, кәсіпкерлер, заңгерлер мен ауыл шаруашылығының мамандары болса тұрғындарды қабылдады. Маңғыстау ауданының басшылығы пойыз мүшелерін ауданның тарихи жерлеріне апарып, аудан жайлы мол мағлұмат берді.

Бұл станцияда да пойыз сапары жергілікті көркемөнерпаздар дайындаған ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік концертпен қорытындыланды.      

   

   

   

   

        

 

МО ӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай