Қазақстан халқы Ассамблеясы

19 Наурыз, 2016

692

«Мәңгілік Ел» пойызы - Түркістан қаласында

Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мен дамыту, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы тұғырнамасына байланысты Елбасының бейбітшілік пен келісім саясаты төңірегіне қазақстандықтарды біріктіру мақсатында алты топтан құралған «Мәңгілік Ел» пойызы» жалпыреспубликалық акциясы 13 наурыз күні Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи Түркістан қаласында аялдады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  25 жылдығына орай ұйымдастырылған пойыз делегациясын қаланың теміржол вокзалында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков, Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев және киелі қала тұрғындары қонақжайлықпен қарсы алды.

Салтанатты іс-шара барысында пойыз штабының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар кафедрасының доценті Ә.Әлпейісов сөз алып, аталмыш іс-шараның маңыздылығын түсіндірді. Соңынан делегация мүшелері белгіленген жерлерде әлеуметтік мәселелер, мемлекеттік қызмет көрсету, бизнес және кәсіпкерлік бойынша кеңестер беріп, денсаулық сақтау саласының мамандары науқастарды қабылдап, қажетті медициналық көмектерін көрсетіп жатса,  жастар жағы «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік жобасы аясында кездесу өткізді.

Сондай-ақ, құрамында «Қоғамдық келісім»  РММ-і директорының орынбасары Т.Жақиянов, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесі, Астана қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі, ф.ғ.д., профессор Қ.Қазкенов,  Астана қаласындағы «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы А.Пириев, Қызылорда облысы Н.Ілиясов ауылының Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Н.Қуандықов бар топ облыстық ассамблея тарапынан ұйымдастырылған бірнеше іс-шараға қатысты. 

Соның ішінде, жергілікті этнос өкілдерімен және өзара тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесі мүшелерімен кездесу,  «Теңдесіз сый» акциясы, «Мәңгілік Ел – Болашағы біртұтас ұлттың рухани негізі» тақырыбында лекция, мемлекеттік этносаясат, қоғамдық келісімді қалыптастыру, толеранттылық және этносаралық қатынастар мәдениеті мәселелері бойынша семинар-тренинг өткізілсе, арнайы шақырылған фокус топпен жүргізілген эксперттік сауалнамада  Қазақстан өңірлеріндегі этно-әлеуметтік жағдай тақырыбында маңызды мәселелер талқыланды.

Сонымен қатар, арнайы топ өкілдері  іс-шараның барысы мен мақсатын ашып көрсету үшін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, сауалдарына жауап берді.

   

   

                                                                   ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы,

облыс әкімі аппаратының  «Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі  

Кейін қарай