Қазақстан халқы Ассамблеясы

19 Мамыр, 2015

892

Мұнайлы аймақтағы башқұрт және татар ұлттарының өкілдері сабантой мерекесін тойлады

Ақтауда татар-башқұрт ұлттарының ұлттық мерекесі - сабантой кең көлемде аталып өтті. Биылғы мейрам ҚХА 20 жылдығы мен «Салават» башқұрт этномәдени бірлестігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Шараға Башқұртстан Республикасы мен Астанадан арнайы шақырылған қонақтар келді. Мереке шымылдығын Ресей мен Башқұртстанның халық әртісі, актер Хурматулла Утяшов бастаған бір топ өнерпаздар ашты. 

Шара барысында келушілердің назарына спорттық ойындар, қолдан жасалған бұйымдардың көрмесі мен концерттік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ, сабантойдың басты жарысы «күрэш» ұлттық ойыны да ойналды. Дәстүр бойынша ең мықты палуанға жүлде ретінде тірі қой мен ақшалай сыйлық тапсырылды. Ұйымдастырушылар мерекеге келген қауымға қызықты көңіл-күй сыйлады. Шараға жиналғандардың барлығы киіз үйде жайылған дастарқаннан дәм ауыз тиді. 

Айтулы мейрамда Башқұртстаннан арнайы келген Х.Ахметов атындағы Башқұрт мемлекеттік филармониясының өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салды. Сайда Ілиясова мен Филус Калмурзин сынды күміскөмей әншілер әуелете ән шырқаса, Ілнұр Хайруллин сынды өнерпаз курай аспабынан әсем әуендерді төгілтті. Сонымен қатар, Миндегафур Зайнетдинов қобызда ойнап қалың көрерменді тамсандырды. Шара барысында мереке ұйымдастырушысы «Салават» башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Урал Азнабаев сабантой мейрамының тарихы, татар және башқұрт ұлттарының дәстүрі туралы айтып, қалың бұқараны мерекемен құттықтады.

Бағдарлама аясында ұйымдастырылған шараларға ҚХА Маңғыстау облыстық хатшылығы, облыстағы барлық этномәдени бірлестік басшылары, мұнайлы аймақтағы өнер ұжымдары мен татулықты ту еткен «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері қатысты. 

Кейін қарай