Қазақстан халқы Ассамблеясы

16 Ақпан, 2016

1105

Мұса Жәлелді еске алу кеші

Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында татар ақыны Мұса Жәлелді еске алу кеші өтті. Іс-шара ұйымдастырушылары - «Булгар» татар этномәдени бірлестігі. Тағылымды іс-шараға Маңғыстау облыстық туризм колледжінің студенттері мен Н.Марабаев атындағы мектеп-лицейінің оқушылары қатысты. Татардың батыр ақыны Мұса Жәлелдің есімі әдебиет тарихында оның «Моабит дәптері» атты кітабы мен фашистер тұтқынында жүргізген ерлік күресі арқылы қалған.

Мұса Жәлел 1941 жылы Қызыл армия қатарына шақырылған. Ол Ленинград және Волхов майданында соғысқан. Қан майданда Мұса «Отвага» газетінің тілшісі қызметін де атқарып жүрген. 1942 жылдың 26 маусымында ақын Мясной бор ауылының жанындағы Любан операциясы кезінде кеудесінен жараланып, тұтқынға түскен. Жауға қарсы күресін жалғастыру үшін Мұса «Идель-Урал» неміс легионының қатарына қосылады. Қайсар Мұса «Идель-Урал» легионының құрылған жері Польшаның Едлинк қаласының жанында жасырын топ ұйымдастырып, тұтқынға түскен әскерилерді қашырып отырған. 1943 жылдың тамызында гестапо Мұсаны және ол босатқан әскери тұтқындарды қолға түсіреді. Мұса Жәлел 1944 жылдың 25 тамызында әскери тұтқындарды қашырды деген айыппен Берлиннің Плётцензе  түрмесінде өлім жазасына кесілген.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Мұса Жәлел социалистік құрылысты жырлауға белсене қатысқан. Бұл жылдары шыққан оның «Орден алған миллион», «Өлеңдер мен поэмалар» атты кітаптары мен «Директор мен Күн», «Джиган», «Хат тасушы» поэмалары бір ақынның емес, бүкіл татар әдебиетінің елеулі туындылары болып саналды. Мұса Жәлел шығармаларында еңбек пен қуаныш, махаббат пен ерлік тақырыптары көптеп кездеседі.

«Оның жасаған ерліктері мен шығармаларын кейінгі ұрпақ ешқашанда ұмытпайды, - дейді «Булгар» татар этномәдени бірлестігінің төрайымы Зульфия Бернеева. - Отан үшін қан майданда от кешкен жандарды кейінгі ұрпақ ешқашан да естен шығармайды. Біз жыл сайын татар ақыны, әрі батыры Мұса Жәлелдің құрметіне мәдени іс-шаралар легін ұйымдастырамыз. Мұндағы мақсатымыз жастарға ақын жайлы мол мағлұмат беру. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды».

Кеш барысында ақын шығармалары оқылып, жастар өз ойын ортаға салды.   

   

   

МО ӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай