Қазақстан халқы Ассамблеясы

23 Желтоқсан, 2015

1188

Маңғыстау облысында «Достық үйі» ашылды

Маңғыстау облысында этномәдени бірлестіктерге арналған «Достық үйі» ашылды. 

Маңғыстау облысында этномәдени бірлестіктерге арналған «Достық үйі» ашылды.

Достық үйінің ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі А.С Айдарбаев, Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Б.Қ Жүсіпов, этномәдени бірлестіктер төрағалары, мемлекеттік мекеме басшылары, ҮЕҰ, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты іс-шара барысында сөз алған облыс әкімі Алик Айдарбаев жиналғандарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады. «Биылғы жыл Қазақстан халқы үшiн аса маңызды жылдың бірі болды. Себебі, биыл 17 миллион қазақстандықтың басын біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Осы орайда, Республикамызда мыңдаған іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда киелі Маңғыстау өңірін 50-ге жуық ұлт өкілі мекен етеді. Баршаңызды бүгінгі Достық үйінің ашылуымен шын жүректен құттықтай отырып, елімізге ырыс пен ынтымақ, отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін», - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.

 

Іс-шара аясында Т.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігінің төрайымы Т.Лесниченко Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында ашылған «Достық үйі» Маңғыстау облысындағы барша этномәдени бірлестіктерге арналған жақсы сый деп ниетін айтып, облыс әкіміне өз ризашылығын білдірді.

Ал, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы А.Джайлханова салтанатты іс-шарада жиналғандарға «Достық үйінде» этномәдени бірлестіктерге арналған барлық жағдайдың жасалғанын жеткізді.  

 

Достық үйінде этномәдени бірлестіктерге арналған кабинеттер, концерттік зал, киім бөлмесі, медиация орталығы, этномәдени бірлестіктердің мұражайы, кіші конференц залы, жексенбілік мектептерге арналған кабинеттер және «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандарына арналған жұмыс кабинеті мен этномәдени бірлестіктер жанынан ашылған «Жас қанат» жастар орталығына арналған кабинет бар.

 

Салтанатты іс-шара барысында түрлі этномәдени бірлестіктердің салт-дәстүрінен сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Достық үйінің қонақтары әр түрлі этностардың ұлттық киімдерінің ерекшеліктерімен танысып, олардың ұлттық тағамдарынан дәм татты.

МОӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай