Қазақстан халқы Ассамблеясы

18 Ақпан, 2022

388

Марат Әзілханов: Президент елді толғандыратын мәселелерге тура жауап беруде

Мемлекет басшысының QAZAQSTAN арнасына берген сұхбатын қызығушылықпен қарадық.

Президент халықпен диалог жүргізуді жалғастырып, елді толғандыратын мәселелерге тура жауап беруде.

Қоғамның ең басты сұранысы – ӨЗГЕРІСТЕР, яғни оң өзгерістер. Қазақстанның жаңаруы – бұл осы сұранысқа деген жауап. Сондықтан ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН – шын мәнінде біздің ұлттық идеямыз.

Дұрыс жаққа өзгеру үшін барлық кемшіліктерді, кедергілер мен өзекті мәселелерді біліп, ашық айту керек.

Ең алдымен, қоғам өзін-өзі ақтарып, түсінуі керек.

Президент ашықтықтың мысалын өзі көрсетіп келеді. Ол қордаланған мәселелерді дәл және нақты анықтап, оларды шешудегі қадамдарды анық айқындауда.

Алайда, кейбіріміз үшін ашық әңгіме тек сынау мен күмән келтіруге айналып кеткені іспеттес. Ақпараттық кеңістікте тарап жатқан айла-шарғы мен сенімсіздік біздер үшін маңызды осы тарихи сәттің мәнін бүркеп тұрған жоқ па?

Дей тұрғанмен, бұндай реакция да түсінікті. Қоғамның көп жағдайда билікке сенбеуі, оған сенімсіздікпен қарауы әдетке айналып кеткен. Әрине, мемлекеттік аппарат халықтың сеніміне лайық болуы үшін алда әлі зор еңбек тұр. Мұны біздің Президент те түсінеді. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттің тұғырнамасын – азаматтардың игілігі үшін жұмыс істеу қажет екенін нақты белгілеп берді, керісінше емес.

Бұл ретте, қоғам өзіне күмәнданбау керек.

Барлық осы ақпараттық шудың ықпалынан оң өзгеріске ұмтылу деген басты мақсатымыздан тайып қалмауымыз маңызды.

Сондықтан да қоғам өзіне сенімді болуы керек!

Әрине, ағымдағы күрделі кезеңде халық өнегелі қазық болатын құндылықтарға сүйенуге мұқтаж. Кешегі сұхбатта қоғамның іргетасын құрайтын салалар туралы анық айтылды, олар – мемлекеттік тіл, еңбек пен білім құндылықтары, адамның қадір-қасиеті мен құқықтары.

Тағы бір маңызды мәселе бар. Барлығын жылдам әрі бір мезетте болуын қалайтын адамдар бар. Олар түбегейлі өзгерістерді тездеткісі келеді.

Алайда, сапалы өзгерістер реттілік пен байсалдықты қажет етеді.

Дәл осындай реттілікті, табандылық пен байыптылықты Президент сөзімен де, ісімен де көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы өзгерістердің бағдарын айқындап келеді. Түбегейлі өзгеріске ұшырайтын салалар да бар. Бірақ та бұндай бетбұрыс ойланбастан құйындап өтуді білдірмейді.

Өзгерістер басталды, трансформация жүріп жатыр. Мұны түсініп құптайтын тұлғалардың үні қоғамда естілуі өте қажет.

Тұтастай алғанда, реттілік қағидаты Жаңа Қазақстан үшін түйінді ұстанымдарының бірі болуы тиіс деп түсінем.

Келесі. Елді жаңарту тек қана Президенттің немесе мемлекеттік аппараттың ғана жеке міндеті емес.

Мемлекет ол тек билік аппараты мен шенеуніктер деген түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде олай емес. Мемлекет ел аумағы мен онда тұратын халықтан, содан кейін мемлекеттік аппараттан құралады.

Елді жаңартуға деген тарихи мүмкіндігімізді тек бірлігіміздің арқасында пайдалана аламыз. Бірлік үшін өзімізге деген сенім және де бір-бірімізге деген сенім қажет. Сенім бірлікке, ал ол нәтижеге ұласады. Әйтпесе, Крылов мысқылдаған «Аққу, шортан һәм шаян» жағдайында қалып қою қаупі бар.

Елімізде бөтен немесе уақытша жүрген азамат жоқ. Әрбір жан елге, қоғамға қымбат. Бәріміз бір жердің, Отанымыз – Қазақстанның ұлы мен қыздарымыз.

Бір-бірімізге сенсек жетістікке жетеміз – елімізді көркейтеміз!

Бүкіл қоғам, күллі қоғамдық институттар, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы, баршамыз біргеміз!

Кейін қарай