Қазақстан халқы Ассамблеясы

15 Наурыз, 2016

1344

Масленица мейрамы Қарағандыда аталып өтті

Қыс мәресіне жетіп, көктем күн шуағын шашқанда, тамыры ежелгі жылдарда жатқан, жарқын жылулықпен, ерекше шаттықпен, жайлылықпен есте қалар мереке – Масленица тойланады.

Масленица мейрамы күнтізбеде белгілі бір күнге нақты белгіленбеген. Биыл қарағандылықтар 13 наурызда Кеншілер мәдениет үйінің алаңында Масленицаның соңғы күнін шығарып салды.

«Широкая Масленица» аталған мерекелік бағдарламаны «Казачья вольница» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Мерекелік көрсетілімде этномәдени бірлестік жанындағы «Казачья вольница» ән-би халық ансамблі өнер көрсетті. Күн райының қолайсыздығына қарамастан, кеншілер астанасының тұрғындары мен қонақтары әсем мерекенің куәгері болып, Масленица дәстүрлі мейрамының тарихына қанығып, таза ауада өткізілген түрлі ойындар мен байқауларға белсенді атсалысты. Халық әндері мен билері, тәтті сыйлықтар мен самаурында қайнатылған қою шай – нағыз мерекелік атмосфераны орнатты.

Масленицаның басты символы болған құймақтың түр-түрі ашық аспан аясында жайылған салтанатты дастарханға сыймай тұрды. Дәстүрлі құймақпен бірге, арнайы дайындалған басқа да көптеген сый-тағамдар келушілерге ұсынылды.

Дәстүрлі іс-шаралардың ішінде күш сынасу жарысы ұйымдастырылып, тепсе темір үзетін жас жігіттер көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді.

«Ең бастысы, халықтың ризашылығы. Сол үшін бүгінгі мерекеге барымызды салдық. Сегіз жыл қатарынан Масленицаны мерекелеп келеміз. Әуелде Орталық саябақта ұйымдастыратынбыз, биыл төртінші рет Кеншілер мәдениет сарайында өткізуді жөн санадық, - дейді «Казачья вольница» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Семен Раков. – Бүгін жауын-шашынды ауа райына байланысты бағдарламаны қысқартуға тура келді. Қар аралас жаңбыр жауып тұрса да, халықтың тарағысы жоқ. Масленицамен құттықтауға көптеген этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері келді. Көп ұлтты елімізде барлығымыз бірігіп аталмыш мерекені тойлайтынымыз қуантарлық жайт. Біз, қазақстандықтар - бір ел, бір отбасымыз».

Іс-шара ұйымдастырушыларына «Дакия» румын мәдени қоғамы, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі, «Джорджия-2007» грузин мәдени орталығы және «Авги» облыстық грек орталығы қолдау көрсетіп, румын мәдени қоғамы жанындағы «Доруле» ансамблі жиналған қауымды өнерлерімен тамсандырды.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев құттықтау сөзінде: «Тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы – халықтар бірлігі мен достығы. Көп этносты Қарағанды облысының тұрғындары жалпыұлттық бейбітшілік пен этносаралық келісімнің үлгісі болып танылған. Бұл тарапта облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының және этномәдени бірлестіктердің еңбегі зор. Сондай-ақ, бүгінгі іс-шара қазақстандықтардың этникалық айырмашылығы мен діни сеніміне қарамастан, өзінің мәдениетін, дәстүр-салты мен ана тілін еркін дамыту мүмкіндігі айрықша екенін баса айтты. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ұлтаралық келісім мен толеранттылықтың бірегей үлгісінің негізінде жүзеге асып жатқан барлық шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметімен тығыз байланыста екенін атап өтті.

«Казачья вольница» этномәдени бірлестігі мүшелерінің айтуынша Масленица мерекесіне арналып 2000 мыңға жуық құймақ пісірілген.

Масленица мерекесінен кейін ауыз бекіту басталады. Бұл салтанатты іс-шара ерте кездері ерекше серпінмен, барлық әдет-ғұрыптар сақталып аталып өтілген. Масленица аптасын тойламаған ауыл мен елді-мекен кемде-кем болған. Ал Масленица аптасы дәстүрлі рәсімдерге, кәделерге толы. Әрбір күннің әртүрлі атаумен аталатыны әлі халықтың жадында.

   

   

   

 

 

Қарағанды облысы әкімі аппаратының

"Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметі

тел., WhatsApp: +77024190203

e-mail: info@kelisim.kz

 

 

Кейін қарай