Қазақстан халқы Ассамблеясы

27 Ақпан, 2017

3331

Масленица – жаңару мерекесі

Масленица мерекесі – көпшілік асыға күтетін мерекелерінің бірі. «Славяне» қоғамдық мәдени-орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 25 ақпанда Достық үйінде «Масленица» мерекесі өтті. Дәстүрлі Масленица – қысты шығарып салу мен көктемді қарсы алуға арналған христиандардың Ұлы оразасы алдындағы бір апта бойына жалғасатын мереке. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық ассамблея хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының, этномәдени бірлестіктің мүшелері, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов барлық қатысушыларды мерекемен шын жүректен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады. «Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық, бейбіт күннің, татулықтың мән-мағынасын ұғынған әртүрлі этнос өкілдерінің мейрамдары біздің өңірде жыл сайын әспеттеліп, тойланады. Егемендігіне 25 жыл толған Қазақ елі - қашаннан да бауырмал халық. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген, жат жұрттардың бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Бүгін елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті өмір кешіп жатыр. Бүгінгі Масленица мерекесі баршаңызға құтты болсын»,- деді.

Мерекеде облыстық ассамблея хатшылығының басшысы Л.Төрешованың атынан «Славяне» қоғамдық мәдени-орталығы» қоғамдық бірлестігі мен олардың іс-шараларында әрдайым белсенділік танытып жүрген орта мектептер алғыс хаттармен марапатталды.

Масленица бір күн емес, апта бойы тойланады. Әрі әр күнді тойлаудың өзіндік ерекшелігі болады. Дүйсенбі – кездесу күні, сейсенбіде ойын ойналады, сәрсенбіде тәтті тамақ пісірілсе, бейсенбіде серуен басталады, ал жұмада күйеу жігіт қайын ененің үйінде қонақта болса, сенбі қайын апа (қайын сіңлі) шаңырағында жүздесу, ал жексенбі күні кешірім сұрау басталады.

Әсем ән де, ұлттық киімдермен жасанған көркемөнерпаздардың мың бұралған билері де бұл күннің шырайын келтіре түсті. Іс-шарада «Анар бэби» және «Сударушки» вокалды ән тобы, флеш моб билер, көңіл көтеретін тақпақтар орындалды. Сондай-ақ, тәттілер мен қолөнер туындылары болды. Ал, Масленица мерекесінің дәстүрлі тағамы құймақ тұрғындарға тегін таратылды. Шеңбер пішіндес құймақ күн бейнесін кескіндеп, көктем мен жылылықтың символын, мерекенің бұлжымас белгісін айшықтап тұрғандай көрінеді. Спорттық ойындар ұйымдастырылып, қуыршақты жағу рәсімін Достық үйінің алаңында көпшілік қызыға тамашалады.

Кейін қарай