Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Мамыр, 2020

1770

Мухаббат Миражапова: «Игі іс жасау – әрбір жанның парызы»

«Адамды адам ететін – мейірім мен қайырым» деп, дана халқымыз бекер айтпаған. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі.

Бүгінде игі істі мақсат еткен ұйымдар жоқ емес. Олар әрқашан көмекке мұқтаж жандарға бірінші болып қол ұшын созып, тағдырдың тауқыметіне ұшырағандарды желеп-жебеуге дайын. Соның бірі Жамбыл облысы Қазақстан Халқы ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесі. Кеңестің төрайымы Миражапова Мухаббат Сайдуллақызы ханыммен аз-кем тілдесудің сәті түскен еді.

– Мухаббат Сайдуллақызы, өзіңіз басқарып отырған «Аналар кеңесінің» мақсаты қандай?

– «Аналар кеңесі» 2015 жылы Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан құрылды. Қазіргі таңда кеңеске 26 этномәдени білестіктің аналары мүше. 5 жыл ішінде біз өте көп іс-шаралар өткіздік. Әрине, ең басты мақсатымыз - отбасы құндылықтарын сақтау және нығайту. Жастарға отбасы түсінігін насихаттау болып табылады.


– Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда отбасы құндылықтары ескерусіз қалып, отбасындағы жылулық, ата-ана мен бала арасындағы түсіністік төмендеп бара жатқаны ащы да болса ақиқат. Бұған не дейсіз?

– Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда отау құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Басқа түскен болмашы мәселелерге шыдас бермейтін жанұяларға біз өз тарапымыздан кеңестер айтып жылдың басынан 8 отбасының ажырасуына тосқауыл бола білдік..

– Әлемді жайлаған қауіпті індеттің зардабын ең бірінші көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен жанұялар көрді. Аналар кеңесі мұқтаж жандарға қандай жәрдем көрсетті?

– Карантин кезінде ауыр салмақ көп баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға түсті. Материалдық жағынан ақсап тұрған жанұяларға біз өз тарапымыздан азық-түлік беріп, азын-аулақ болсын көмегімізді көрсеттік. Күні кеше «Бақытты отбасы» орталығында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының төраға орынбасары және хатшылық меңгерушісі Қожаева Маржан Төреғұлқызы қабылдау жүргізген болатын. Қабылдау барысында 14 жанұяның мәселелерін талқыладық. Әрине, басты мәселе ол материалдық жағдайға тіреледі. Әлеуметтік жағынан көмек ретінде мұқтаж жандарға орталығымызда киім-кешектер үлестірдік.


– Әлеуметтік көмекті алу үшін көп балалы жанұялар не істеуі қажет?

– Әлеуметтік көмекті кез келген көп балалы мұқтаж отбасы ала алады. Ешқандай кедергі жоқ, тек отбасылық жағдайын дәлелдейтін құжаттарын көрсетуі тиіс. Ал егер құжат жағынан мәселе туындаған болса, біз құжаттарды дұрыстауға да көмектесеміз.

– Сөз соңында бүгінгі жастар туралы ойыңызды айтып кетсеңіз...

– Жақсылық жасау үшін адамға ең бірінші жүректің тазалығы қажет. Аналар кеңесіне мүше жандар әйел заты болғандықтан, қай отбасының проблемасы болмасын немқұрайлы қарамайды. Кез келген жағдайда көмек беруге ұмтылады. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда жан жылуын аңсайтын жандарға көмек бергенге не жетсін?! Осындай сауабы мол игі іске атсалысу әрбір жанның азаматтық борышы деп білемін.

Жастарға келетін болсақ, «Ораза-айт» мерекесі қарсаңында, қасиетті Рамазан айының құрметіне Тараз қаласының Өзбек этномәдени бірлестігінің жастар қанаты «Айт-дастархан» акциясын ұйымдастырып, акция аясында 20 аз қамтылған және көп балалы отбасыларына гуманитарлық көмек көрсететін болады. Сондай-ақ, облыстық ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері де көмек қолын созды. Олар да 30 аз қамтылған және көп балалы отбасыларды түрлі азық-түлікпен қамтамасыз етпек. Айта кету керек, олар әрқашан игі істердің жанында үнемі және кішіге оң үлгі! Осындай тәрбиелі жастардың ізімізді басып келе жатқанына ризашылығымды білдіремін!

Менің ойымша, жастар ойлап тапқан бұл акция мейірімділіктің зор үлгісі болып, отбасы мүшелеріне жарқын көңіл-күй сыйлайды деп айтсам қателеспеймін. Ересектердің мейірімділік, қайырымдылық - ізгі істері жастардың жүрегіндегі жанашырлық қасиетін ашуға мүмкіндік береді.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Әңгімелескен: Бибігүл Шахзада

Кейін қарай