Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Мамыр, 2016

2909

Музыка оларды достастырды

Жексенбі күні Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында облыстық орыс қоғамдастығының бесінші дәстүрлі пасхалық фестивалі екі сағаттық гала-концертпен аяқталды. Концерт ұйымдастырушылары бұл күнді Славян мәдениеті және жазуы күнімен ұштастырды.

- Біздің фестиваль мамыр айының 17-20 күндері өтті, - деп атап өтті орыс қоғамдастығы төрағасының орынбасары, көркемдік жетекші Владимир Сорокин. Дәстүрлі номинациялар: аспаптарда орындау, хор және вокал өнері, би, көркемсөз, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнерлеріне біз өзіндік жаңалықтарды енгізуге тырыстық. Мысалы, барлық қатысушыларды жастарына қарай бірнеше топтарға бөліп, орыс халық ертегілерін сахналаудың жаңа жанрын енгіздік. Фестивальға барлығы 200-ден астам адам қатысты – бұл өзінше бір ерекше нәтижені көрсетеді. Барлық лауреаттарды, жаңа орындаушылар мен ұжымдардың өнерін бүгінгі күннің көрермендері  үлкен сахнада көретін болады.

Есте қаларлық концерттің басында-ақ бұл концерттің ерекше болатыны айтпаса да түсінікті болып тұрды. Себебі, басымдық орыс халықтық, классикасы, советтік және қазіргі заманғы әндер мен әуенге берілді. Тағы бір көзге ерекше түсетін нәрсе – бұл орыс халқы әуендерінің қазақтың киелі домбырасымен орындалуы еді. Бұл екі мәдениеттің өзара кірігуін, ықпалдастығын көрсетеді. фестивальдің гран-при жеңімпазы Сұлтан Әлімқұлдың орындауында Абай мен Жамбыл бабаларымыздың шығармалары мен П.Чайковскийдің «Гүлдер вальсі» тамаша естілді. Сол сияқты «Пойду ль, выйду ль я», «Саратовские напевы» әндерін Инабат Алтынбекова мен Арман Ысқақұлы тамаша орындап шықты.

Бірінші рет залда жиналған көрермендер «Ностальгия», «Пастушок» және орыс халқы әуендерінен тұратын поппуридің флейтада орындалуын тамашалады. Жамбыл және Байзақ аудандарындағы балалар өнер мектептерінің жас дарынды өнерпаздары бұл фестивальға алғашқы рет қатысуда. Сонымен қатар, фортепиано, баян, гитара әуендері де ұмытылмай, олар қалалық балалар шығармашылығы мен мектептен тыс жұмыс жасау орталығының түлектерінің орындауында тамашаланды.  №24 мектеп-гимназиясы оқушыларының орындауындағы «Зайкина избушка» ертегісінің сахналануы мен Валерий Ковальдың «Колокольчик звенит» әні жиналғандардың ризашылығына бөленді. Қалалық  №35 орта мектептің оқушылары Александр Гирин, Василина Маркова, №2 орта мектептің әншілері Анна Костиди, Аружан Сапарғали, Сарыкемер ауданынан «Вишенька» би ұжымы мен «Жас дәурен» хореографиялық ансамблінің өнерлері ерекше атап өтілді.

   

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай