Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Қараша, 2020

1045

Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде «Тіл-достықтың алтын көпірі» байқауы өтті

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен ҚХА 25 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатымен жыл сайынғы «Тіл – достықтың алтын көпірі» байқауы барлық санитарлық нормаларға сай өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты-мемлекеттік тілді үйренуді ынталандыру, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастарын қазақстандық мәдениет пен шығармашылыққа тарту, сондай-ақ, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын насихаттау болып табылады.


Тартысты бәйгеге елордалық ҚХА-ның 6 этномәдени бірлестіктері қатысты. Олар: «Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы филиалы» ҚБ, «ТАҢ» татар-башқұрт этномәдени орталығы» ҚБ, «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы» ҚБ, «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі» ҚБ, «Лад» республикалық славян қозғалысының Астаналық филиалы» ҚБ, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы» ҚБ. Байқау шартына сай қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрлерінен көрініс, үй тапсырмасына берілген «Қазақстан халқы Ассамблеясындағы этномәдени орталықтың маңыздылығы» немесе «Тіл - достықтың көпірі» тақырыптарында бейнеролик көрсету және ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбаевтың шығармаларын мәнерлеп оқу кезеңдері бойынша бақ сынасты.


Әділ қазылар алқасы қатарында ҚР ұлттық музейі археология және этнография бөлімінің жетекшісі Мұсырманқұл Пердехан, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің жетекші солисі Әсел Әлібекова, ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Саитова болды.

Сайыстың бірінші кезеңінде қатысушылар «Көрімдік беру», «Сүйінші сұрау», «Шашу» сынды қазақтың салт-дәстүрлерін жетік меңгергендігін көрсетті. Сахнада өздерін ұстауы, дауыстары, образға еніп орындауы сияқты барлық қырлары есепке алынып, бағаланды. Ал, екінші кезеңінде үй тапсырмасына берілген «Қазақстан халқы Ассамблеясындағы этномәдени орталықтың маңыздылығы» немесе «Тіл - достықтың көпірі» тақырыптарындағы бейнероликтер көрермендер назарына ұсынылды. Қазылар алқасы бұл кезеңде этномәдени бірлестіктермен жақын танысу мүмкіндігін алды. Үшінші кезеңде Абай атамыздың 175-жылдығына орай ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Қазақ тілінде қыған өлеңдері мен орындаған үзінділері де әсерлі шықты.


Байқау өте тартысты өтті. Қазылар алқасының шешімімен «ТАҢ» татар-башқұрт ЭМБ, «Лад» республикалық славян қозғалысының елордалық филиалы, «Вайнах» шешен-ингуш ЭМБ Алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі 3-орынды Ә.Әлібекованың табыстауымен Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығының филиалы иеленді. Ал 2-орынды марапаттаған Г.Саитова «Юнчи» дүнген этномәдени орталығын шын жүректен жүлделерімен құттықтады. Бірінші орынды табыстау үшін ортаға Нұр-Сұлтан қаласы Әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Рахманберді шақырылды. Ол өз сөзіндеқатысушы ЭМБ өз алғысын жеткізіп, құттықтай кетті. «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мынадай қанатты сөздері бар: «Еліміздің патриоты болу – Қазақ елін өз жүрегінде ұялату деген сөз. Мемлекет бар жерде тіл болу керек, тіл бар жерде мәдениет те, дін де, саясат та болады». Сондықтан барлықтарыңызды қазақ тілін дәріптеуге бағытталған іс-шараға белсене ат салысып жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін», - деп атап өтіп, жеңімпаз «Жайхун» қарақалпақ ЭМБ марапаттады.


Тағылымдық мәні-бар іс-шараға қатысқан әрбір қатысушыға ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Көрерменсіз өткен кешті Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Facebook әлеуметтік желіcіндегі парақшасынан тамашалай аласыздар.

Кейін қарай