Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Наурыз, 2016

2596

НАУРЫЗ – БІРЛІК МЕРЕКЕСІ

Наурыз мерекесі – жер бетіндегі ең ежелгі мерекелердің бірі. Ол көктем мен табиғаттың жаңару мерекесі ретінде бес мың жылдан астам уақыт бойы аталып өтілуде.

Қазақстандағы Наурыз құнарлылықты, достық пен махаббатты білдіреді. Осы күні адамдар әсем киініп, туған-туыстарына, жақын адамдарға қонаққа барады және жақсы тілектер білдіреді. Шығыс халықтары үшін Наурыз Жаңа жылмен бірдей, екі мереке де жаңа өмірдің хабаршысы. Парсы тілінде Наурыз мерекесінің атауы «жаңа күн» дегенді білдіреді.

Наурызда әр мерекелік дастарханда міндетті түрде дәстүрлі тағам, наурыз-көже болу керек. Наурызда осы тағамнан дәм тату керек, сонда жыл бойы молшылық болады  деп санайды қазақтар.

Наурыз көже – ұлттық тағам. Келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде ол наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген. Халықтық дәстүр бойынша оған бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар міндетті түрде қосылуы тиіс. Тақ санын сақтап, мұндай заттар көбейтіле беріледі. Соғымнан арнайы сақталған мүшелер (қазы, қарта, шұжық, т.б.) де қосылады. Ол негізінен бидай көже, тары көже секілді әзірленген (қысқаша Көже). Наурыз көжені халық арасында “тілеу көже”, “көп көже” деп те атай береді. Наурыз көжеге, наурызға арналып сойылған малдың кәделі асына Наурыз бата берілген соң, жиналған халық: “ақ мол болсын” деген тілек айтып, тарқасады.

Наурыз жалпы символдарға толы. Наурыз-көжеде жеті компонент болғандықтан, Наурызды тойлауда жеті санының маңызы өте зор. Наурыз-көжені жеті ыдысқа құйып, оны жеті дана ақсақалдың алдына қояды. Әр адам үйіне жеті адамды қонаққа шақырады, сондай-ақ өздері де міндетті түрде жеті үйде болулары керек.

Наурыз тек қана мемлекеттік мереке емес, оны БҰҰ халықаралық мереке ретінде таныған. Наурыз барлық Орта Азия елдерінде, сондай-ақ Грузияда, Үндістанда, Иранда, Қытайда, Түркияда және бүкіл әлем бойынша көптеген басқа елдерде аталып өтіледі.

Биылғы жылы Павлодарда ерекше рекорд орнатылды. Облыс орталығында және қала маңында барлығы жүзге жуық киіз үй орнатылды. Киіз үйлер тек қана өзен жағалауында емес, Гагарин атындағы жаңартылған саябақта да тігілді. Көшелерде театрландырылған көрсетілімдер мен көріністер көрсетілді. Мерекеде «Қошқар көтеру», «Арқан тартыс», «Асық ату», «Жамбы ату» сияқты ұлттық жарыстар мен «Қазақша күрес» ұлттық күресі және т.б. болды. Жоғарғы жағалауда тоғыз құмалақ, бір мезгілде шахмат ойындары, гір тасын көтеру, армреслинг спорты бойынша жарыстар өтті. Төменгі жағалауда – көкпар және аударыспақ бойынша мерекелік турнирдің көрсетілімдері болды.

Достық үйінің алаңында 4 киіз үй тігілді, ұлттық ойындар өткізу үшін спорттық-ойын алаңы ұйымдастырылды, алтыбақан орнатылды. Таңнан бастап «Қазандар аллеясының» жұмысы басталды, онда 7 қазанда ұлттық тағамдар дайындалды. Үй иелері бауырсақ, ет, құрт дайындау құпияларымен бөлісті. Өзбек, тәжік, ұйғыр, қырғыз аспазшылары  барлық қонақтарға әр түрлі палаудың дәмін тарттырды. Алаң орталығында этномәдени бірлестіктердің ұлттық тағамдарының көрмесі өтті. «Қоғамдық келісім» КММ-нің шығармашылық ұжымдары ауқымды концерттік бағдарлама ұйымдастырды.

«Мерекеге жақсы дайындық сезіледі. Барлығы қарастырылған. Достық алаңына келген павлодарлықтардың барлығы мерекеге, көктемнің келуіне қуанышты екендерін танытты», - деп қала тұрғыны Ирина Макаренко өз пікірімен бөлісті. 

   

   

Мақсат АЙТПАЕВ

Назыгүл СМАҒҰЛОВА 

Кейін қарай