Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Желтоқсан, 2015

2411

Оңтүстікқазақстандықтар Ассамблея жылын Қазақтың ұлттық тағамы «Ет асу» фестивалімен қорытындылады

2015 жылғы 9 желтоқсан күні Шымкент қаласында орналасқан «Оңтүстік» қабылдау үйінде Оңтүстік Қазақcтан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және облыстық этномәдени бірлестіктер қазақтың ұлттық тағамы «Ет асу» фестивалін ұйымдастыра отырып, Ассамблея жылын дәмді әрі мол дастарханмен қорытындылады.

2015 жылғы 9 желтоқсан күні Шымкент қаласында орналасқан «Оңтүстік» қабылдау үйінде Оңтүстік Қазақcтан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және облыстық этномәдени бірлестіктер қазақтың ұлттық тағамы «Ет асу» фестивалін ұйымдастыра отырып, Ассамблея жылын дәмді әрі мол дастарханмен қорытындылады.

Фестивальде жайылған дастархандардың барлығындағы ең басты ас қазақтың ұлттық тағамы асылған ет болды. Облыстық этномәдени бірлестіктердің өкілдері қазақтың ұлттық асын дайындау мен оны ұсынудағы барлық ерекшеліктер мен талаптарды орындай отырып, өзара сынға түсті.

  

Ауқымды іс-шара таңертеңгі сағат 6.00-ден 20 қойдың етін бөліп, жіліктеуден басталды. Арнайы сойылған әр қой етінің бір бөлігі «Қайырымдылық керуені» акциясының аясында аз қамтылған отбасыларға таратылса, қалған бөлігі қазанға салынды. Фестиваль қатысушылары бүкіл қазақстандықтардың ең сүйікті асын мейілінше дұрыс дайындап қана қоймай, қазақы дәстүрге сай ұсынылуына да аса мән берді. Ас-суы мол өңірдегі этнос өкілдері оңтүстікке тән кеңпейілділікпен жайылған мол дастарханға басты аспен қатар, басқа да қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынды.

«Қазақстандықтар татулық пен бірлікті әр ісімен көрсете біледі. Өзге ұлттардың салт-дәстүрін сыйлап, оларға құрметпен қарау Қазақстан халқының қанында бар. Республика бойынша кең көлемде аталып отырған Ассамблея жылы аясында өткізілген көптеген іс-шаралар мен қайырымдылық акциялары осының бір айғағы деп білемін»,- деді  облыс әкімінің орынбасары Е.Айтаханов жиналған қауымды құттықтай отырып.  

 

Білікті қазылар алқасының бағалау қорытындысы бойынша Бас жүлде және 100 мың теңгенің сертификатын кәріс этномәдени бірлестігі жеңіп алды. Бірінші орын және 80 мың теңгенің сертификатын ұйғыр этномәдени бірлестігі иеленсе, екі екінші орындарды және 50 мың теңгелік сертификаттарды армян және тәжік этномәдени бірлестіктері өзара бөлісті. Ал, үшінші үш орынды және 30 мың теңгелік сертификаттарды славян, татар-башқұрт және неміс этномәдени бірлестіктері алды. Қалған қатысушылардың барлығына алғыс хаттар мен 10 теңгелік сертификаттар тапсырылды.

Жалпы, жоғары деңгейде өткізілген бұл жобаны жыл сайын ұйымдастыру жоспарлануда.

Кейін қарай