Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Қараша, 2016

1066

ОСЕТИН ХАЛҚЫНЫҢ «ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ» РӘСІМІ ӨТТІ

Көп ұлтты Қазақстан халқы үшін әр түрлі салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар бір-біріне жат емес. Тығыз қарым-қатынаста болғандықтан маңғыстаулықтар мерекелік той-думандарда өзге этностардың салт-дәстүрлерімен жақын танысып та жүр.

20 қарашада Ақтау қаласының «Достық үйінде» ерекше іс-шара өтті: Маңғыстау облысындағы осетин диаспорасының өкілдері  «Осетин халқының үйлену рәсімі» атты іс-шара өткізді. Оған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының өкілдері, Маңғыстау облысы әкімшілік басқармасы, этномәдени бірлестіктер өкілдері және облыстық «Қоғамдық келісім» ұжымы қатысты. «Алан» осетин диаспорасының  төрайымы Фатима Михайловна Биркле: «Әр ұлт өзінің әдемі салт-дәстүрімен бай. Заман өзгеріп, өз ағымымен қанша жылжыса да, әр халық өз әдет-ғұрпын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып отыруы тиіс», - дейді.

Осетин халқының салт-дәстүрімен таныстыру мақсатында осетин этномәдени бірлестігінің  өкілдері «үйлену рәсімінің» бүге-шүгесіне дейін көрсетіп, нағыз тойдың атмосферасын келтірді. Сәнді киінген «күйеу жігіт» пен сұлу «қалыңдық», ұлттық киімдер киген қыз-жігіттер, ұлттық тағамдар мәзірі, залдың безендірілуінен ұйымдастырушылардың қызу дайындықтары көрініп тұр. Ең кереметі – үйлену тойының салты. Тәрбиелік мәні зор дәстүрлер көреремендерді сүйсінтті. Көрермендер өздерін нағыз тойда отырғандай сезінді. Жас жұбайлар көңілді ән мен бидің сүйемелдеуімен сахна төріне шықты. Осетиндіктердің қазақ халқына ұқсайтын әдет-ғұрыптары да жоқ емес. Қазақ халқы сияқты олар да кіріп келген жас-жұбайларға шашу шашты. Ақсақалдардан бата алды. Келінге енесі ақ орамал тақты. Осетин халқының ұлттық әндері шырқалып, қонақтар би билеуге ортаға шықты. Құттықтау тілектері айтылып, сыйлықтар да берілді. Осылайша, нағыз үйлену тойы тойланып, керемет кеш өтті.  

Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан қазақстандықтардың өзге ұлттардың салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауы аса маңызды. Бейбітшілік пен татулықтың мәңгі орнап, әр этностардың айрандай ұйып отыруының бастауы – олардың бір-біріне деген сый-құрметі!

Маңғыстау облыстық «Қоғамдық келісім»

КММ баспасөз хатшысы

Кейін қарай