Қазақстан халқы Ассамблеясы

21 Қыркүйек, 2025

21

Қостанайда дәстүрлі халықаралық марафон-бәйге «Ұлы дала жорығы» басталды

20 қыркүйекте Қостанай облысында дәстүрлі халықаралық марафон-бәйге «Ұлы дала жорығы» басталды. Биылғы шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналды.

Іс-шараның ашылуына ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Е.Қошанов, сондай-ақ Қостанай облысының әкімі Қ.Ақсақалов қатысты.

Марафонның мақсаты - еліміздің рухани мұрасын сақтау, қазақстандық патриотизмді нығайту, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін дәріптеу. Жобаның ұйымдастырушысы - «Joryq» республикалық ат спорты федерациясы.

Жорық бағыты Торғай ауылынан басталып, Арқалық қаласында аяқталады. Сәйгүліктер күн сайын 100 шақырымнан жүріп өтіп, 5 күн ішінде жалпы 500 шақырымды еңсереді. Биылғы жарысқа 20 команда қатысуда, олардың құрамында 100-ден астам спортшы бар.

Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл халықаралық марафон-бәйгеге «Бірлік» деген символдық атаумен команда жасақтады, оған елімізде тұратын түрлі этнос өкілдері кірді.

Аталған шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының делегациясын ҚХА Төрағасының орынбасары Р.С.Ахметов бастап келді.

Жарыс қатысушылары атап өткендей, спорт, оның ішінде ұлттық ойындар мен түрлері - елімізде бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан барлық этностарды біріктіретін, топтастыратын қуатты құрал болып табылады.

Ұлы дала ежелден мәдениеттердің, тілдердің және дәстүрлердің тоғысқан мекені болған. Дәл осы жерде төзімділік, ашықтық және өзара құрмет рухы қалыптасты. Марафон қатысушылары келісім мен бірліктің жолын символдық тұрғыда қайта жаңғыртып, Ұлы даланың құндылықтарын - достықты, өзара қолдауды және ортақ тағдырды паш етеді.

Жыл сайын өтетін бұл марафон-бәйге дәстүрлерді дәріптеуге, жаңа жетістіктерге шабыт беруге, сондай-ақ еліміздің азаматтарын бірлік пен тарихи мұра құндылықтары төңірегінде топтастыруға қызмет етеді.

Кейін қарай