Қазақстан халқы Ассамблеясы

23 Мамыр, 2017

1006

«Полонезге» 20 жыл

Өткен сенбіде Жамбыл облыстық «Полонез» поляк тілі орталығы  және мәдениеті» қоғамдық бірлестігі  өзінің 20 жылдығын бар сән-салтанатымен атап өтті. Поляк этносының күні Қазақстандағы Польша Республикасының елшілігі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен ТарМПИ әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Айтулы шараны тамашалауға Польша елінің Алматыдағы вице-консулы Марек Стшешневич, оның мәдениет жөніндегі ассистенті Анна Опалиньска, Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева және өзге де ресми тұлғалар арнайы келді. Сондай-ақ, шараға этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенді мүшелері, пединституттың оқытушылар мен білімгерлері де қатысты.

«Полонез» поляк тілі орталығы  және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лариса Калькова: «Еуропаның орталығында біздің Отанымыз – Польша орналасқан. Ал бірнеше поляк ұрпағының екінші Отанына айналған Қазақстан Азияның жүрегінде орын тепкен. Қазақ даласы бізге өзімізді поляк деп атауға, адамзатқа көптеген ұлы адамдарды сыйлаған елдің жетістіктерімен мақтануға, ана тіліміз бен мәдениетімізді меңгеруге барлық жағдай жасады. Сонымен бірге 100-ден аса этносқа пана бола білген Қазақстанның барлық салаларында белсенді еңбек етуді қамтамасыз етті. Сол үшін, қонақжай, кеңпейіл қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз» - деп атап өтті.

Вице-консул Марек Стшешневич өз сөзінде  «Полонез» орталығына өсіп-өркендеу тілеп, Алматыдағы Польша Республикасының консулы Радослав Кругтың атынан Лариса Кальковаға сыйлықтар мен гүл шоқтарын  ұсынды. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева Қазақстан мен Польша халқының басынан өткен жағдайлар ұқсас, екеуі де «мың өліп, мың тірілген» халық екенін тілге тиек етті.

«Қазіргі таңда «Полонез» поляк мәдениетінің орталығы облысымыздағы қазақтар мен поляктар арасындағы достық, серіктестік пен келісімді арттыруға үлкен септігін тигізіп келеді. Осы тұста, аталған орталықтың жұмысына қолдау көрсетіп отырған Польша Республикасының елшілігіне алғысымызды білдіреміз. Сіздерге өз еңбегіне қазақ халқының тарихын арқау еткен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын тарту етпекпіз». Сондай-ақ, орталықтың бірқатар белсенді мүшелерінің еңбектері еленіп,  Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының атынан алғыс хаттармен марапатталды.

Бұл күні соғыстан кейінгі жылдары облысымыздың бірқатар салаларына еңбек сіңірген поляктардың есімі аталып, құрмет көрсетілді. Олардың қатарында ауыл шаруашылық ғылымының кандидаты, КазНииВХ қызметкері Франц Вышпольский, теміржолшы, Жамбыл қаласының құрметті тұрғыны Иосиф Тункель, химиктер ауруханасының хирургы Владимир Каминский, инженерлер Зинаида Мачнева мен Андрей Майкович бар.

Мерекелік концерт аясында поляк, қазақ және орыс тіліндегі әндер мен сахналық қойылымдар көрсетілді. Ал Жамбыл облысында тұратын барлық этностардың биі шараға ерекше сән берді. Оны № 40 гимназияның жанынан ашылған «Парус» қосымша білім беру мекемесінің бес би тобы орындады. Құрметті қонақтар Этнос күнін жоғары бағаласа, көрермендер ұйымдастырушыларға қошемет көрсетіп, алғысын білдірді.

 

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі

Кейін қарай