Қазақстан халқы Ассамблеясы

21 Ақпан, 2022

2726

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ильяс Буларов жұмыс сапарымен Қордай ауданында болды

Бүгін Қордай ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ильяс Буларов келіп, бірқатар елді мекендер тұрғындарымен кездесті. Сортөбе ауылында өткен кездесуге облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов, аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, Сортөбе ауылдық округінің әкімі Рустам Фушанло, шекара қызметінің өкілдері, мешіт имамдары, ауыл ақсақалдары қатысты.

«Еліміздің басты байлығы – бірлігіміз. Ол бейбітшілік пен келісім. Достастық қарым-қатынас орнаған жағдайда ғана біздің қолымыздан дамыту, құру келеді. Соңғы қайғылы оқиғалар түсіністік пен келісім болмаса прогресс болмайтынын дәлелдеді. Бейбітшілік, достастық, түсіністік, патриотизммен қатар идеологиялық тәрбиенің негізіне салыну керек. Өткенін білмейтін халықтың болашағы жоқ. Патриоттық тәрбиенің маңыздылығын түсінетін адам аз. Сондықтан, басқаларға үлгі боларлықтай этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға шақырамын. Қастық ойлаушылардың арандатуларына берілмеу керек. Бідің ең басты құндылығымыз – ол Тәуелсіздік. Ол –бейбіт өмір, қоғамдық келісім, халықтың әл-ауқатын арттыру, жастардың ертеңге күнге сенімдері. Мұның бәрін сақтап, одан әрі нығайту қажет. Келісімге негізделген халқымыздың келісушілігін бағалауымыз қажет. Әр азамат тарихты, мәдениетті, мемлекеттік тілді білу керек- бұл адамның Отанына деген құрметі. Қордай ауданында орын алған қайғылы оқиғалардан кейін Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Бейбітшілік және келісім» пилоттық жоба аясында жергілікті билік тұрғындарды мазалайтын және жаппай наразылық тудыратын проблемаларды анықтау, және оларды шешу жолдарын қарастыру мақсатында ауылдардың арнайы әлеуметтік карталарын әзірлеген. Бұл үшін арнайы өңірлік бағдарлама жасалған», - деді өз сөзін мемлекеттік тілде бастап, осылайша қазақ тілге деген құрметін білдірген Ильяс Юсупович.


Кездесу барысында ауыл тұрғындары өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, Сортөбе ауылының тұрғыны Фатима Паншарова отбасында екі мүгедектің болуын алға тартып, үйге газды тарту үшін төлемақыны бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылса деген тілегін жеткізді. Жиын барысында газ шаруашылығының өкілі бұл мәселе басшылық пен ауыл әкімімен шешілгенін және Фатима апаның үйіне газ тегін кіргізілетінін жеткізіп, қуанышты жаңалығымен бөлісті. Келесі кезекте жергілікті тұрғындар егін шаруашылығымен айналысатынын, сондықтан судың ауадай қажет екенін алға тартқан Хуров Сулейман су қоймаларын салу немесе қолданыстағы су қоймаларының мүмкіндігін ұлғайту мәселесін көтеру бойынша тілегін жеткізді. Бұл маңызды мәселені шешу үшін жуырда Қарақоңыз су қоймасын қайта құру және екі су қоймасын салу жұмыстары жоспарлануда. Кездесу барысында Масаншы ауылын газдандыру мәселесі көтерілді, 2229 үйдің 150 ғана «көгілдір» отынға қосылған. Бұл мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдарға ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп мәселені шешу тапсырылды.


Мешіт имамы Паншаров Губар 437мүгедек тіркелген округте оңалту орталығын салу және мешіттерді газдандыру мәселесін көтерді.

Жергілікті мектептің оқытушысы Мәдиева Назира балалардың шетел төлқұжаттары жөнінде мәселені көтерді. Шекара аймағында тұратын округ тұрғындары көрші Қырғызстанға жиі барады, ал бір балаға шетел төлқұжатын рәсімдеу үшін 25 000 теңге қажет.

«Бұл көрші елдің қойып отырған талабы. Қазақстан шекарасынан өту үшін тек қана туу туралы куәлік қажет. Бұл мәселе үкіметтік деңгейде шешілу керек. Тілектеріңізді жеткіземін, бұл мәселе шешімін табады деген сенімдемін», - деп уәде берді Ильяс Буларов.

Содан кейін халық қалаулысы этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті, іс-шаралардың көбісі кәсіпкерлердің есебінен жүргізіледі, орталық басшылары жоспарлы іс-шараларды жүргізу үшін заң жүзінде қаржыландыру мәселесін көтерді.

Депутаттың жұмыс сапары Қайнар ауылында жалғасын тауып, елді мекен проблемалары көтерілді.

Кейін қарай