Қазақстан халқы Ассамблеясы

04 Сәуір, 2016

1049

Семинар-тренинг өтті

Наурыз айының 31 күні М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дің оқу ғимаратында «Жаңа қазақстандық патриотизмді және азаматтық біртектілікті қалыптастыруға әлеуметтік желілер мен басқа да ғаламтор ресурстарының әсері» тақырыбында Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптама тобы мен «Жастар зерттеу» Жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен семинар –тренинг болып өтті.

Семинарға «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы «Ақ желкен» жастар лигасы, этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар ұйымдарының мүшелері, қаладағы жоғары оқу орындары мен колледж білімгерлері мен жас оқытушылар, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

Іс–шара модераторы - ғылыми сараптама тобы төрағасының орынбасары, философия ғылымдарының кандидаты Парида Мамедова болды.

Осы іс-шара аясында қазіргі қоғам жағдайында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырумен байланысты ғылыми-теориялық мәселелер: патриотизм – әлеуметтік феномен ретінде, жаһандану мен ақпараттандырылу жағдайында патриотизмді қалыптастыру;  қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ерекшеліктері және қазақстандық социумды  жұмылдырудағы азаматтық бірегейліктің рөлін күшейту мәселелері белсенді түрде   талқыланды.

Тренинг барысында қатысушыларға азаматтық бірегейліктің негізінде жалпыұлттық бірлікті нығайту  бойынша стратегиялық бағдарламаларды ілгерілетудің тиімді тетіктері ұсынылды.   «Тараз достары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан жиналғандарға идеологиялық жұмыс жүргудегі әлеуметтік желілердің рөлі  туралы баяндаса, «Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде экстремистік және террористік  мазмұндағы материалдарды таратуға жол бермеу мақсатында  заң нормаларын қолдану» тақырыбында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ магистрі Асқар Қадырқұлов   айтып берді.

Семинардың тренинг бөлімінде жас жаттықтырушылар Әділет Әліпбеков, Дмитрий Наливайко және Альбина Тапаева тәжірибелік құрал ретінде патриотизм идеясы мен барша қазақстандық бірегейлікті танымал әлеуметтік желілер мен блогплатформаларға  онлайн-режимде қатысу арқылы ілгерілету туралы  баяндап берді. Аудиториямен бірлесе отырып, әлеуметтік желідегі өзекті мәселелерді дұрыс талқылау, оң түсініктемелер жасау жолдарын сөз етті.

Семинар жұмысына қатысқан дәріскерлер мен жаттықтырушылар  жаңа жалпыұлттық "Мәңгілік Ел" идеясының қазақстандық патриотизм мен  этносаралық келісімнің нығаюы мен өсуіндегі рөлін ерекше атап өтті. «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асырып, одан әрі дамытатын жастар болғандықтан, олар ең алдымен білімді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білген, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуға талпынуы керек.

Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

   

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі

Кейін қарай