Қазақстан халқы Ассамблеясы

13 Сәуір, 2016

1053

СЕНБІЛІК ҰЙЫМШЫЛДЫҚПЕН ӨТТІ

                9 сәуір күні облыс бойынша тазалық айлығы басталды. Тазалық-санитарлық жұмыстар қаламыздың әр түкпірінде жүргізілді. Шаһардың санитарлық  жұмыстарында облысымыздың 21 этномәдени бірлестігінің өкілдері мен жоғары оқу орындары мен колледж студенттері белсенділік танытты. Бірнеше ұлт өкілдерінің жастарынан құралған топ қаламыздағы қарттар үйінің маңын тазартты. Олар ағаш түптері мен жол жиегін әктеп, 100-ге жуық жеміс-жидек ағашын отырғызды. Таңғы сағат 9-да басталған тазалық жұмыстарының нәтижесінде 2 тоннадай қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарын аяқтаған белсенділер бірден кетіп қалмай, көңілдеріне қаяу түскен қарияларға арналған концерттік бағдарламасын ұсынды.

- Бүгін біздер, қарттар үйінің маңына 100 түп ағаш отырғыздық. Барлық этномәдени бірлестіктер өкілдерімен қосылып, осылай қарттар тұратын жерді абаттандыруды ойластырдық. Енді, өзіміз осы отырғызған ағаштарымызды әрдайым бақылап, күтіп, баптап отырамыз, - деді «АЛА-ТОО» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Құрбанәли  Газибеков.

- Бүгін біз ҚР Тәуелсізідігінің 25 жылдығына орай, "Қайырылымдық керуені" акциясы аясында осы қарттар үйінің маңын  қоқыстардан тазарттық. Жеміс-жидек ағаштарын отырғыздық. Бұл жерде түрлі тағдыр иелері бар. Самайларын ақ шалған қарияларымыздың көңілін аулап, бір серпілту үшін қолымыздан келгенін жасап жатырмыз, – деп атап өтті "Ехпайрутюн" армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Айрапет  Курдоглян. 

«Қарттар үйі» мемлекеттік мекемесінің тұрғындарына Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облыстық хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина да өз лебізін жеткізді.

Біз Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз. Сіздер қанша жасқа келсеңіздер де, әрдайым жандарыңыз жас екенін ұмытпаңыздар.

Осындай әдемі тілектерді жергілікті өнерпаздар өз туындыларымен әрі қарай жалғастырды. Солардың бірі - «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің өкілі Ислам Музаев. Қарттар әдемі әннің ырғағымен би билеп, көңілдері марқайып қалды. Сондай-ақ №8 «Ақжелкен» бала бақшасының шығармашылық ұжымы өз өнерлерін ортаға салып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Кезекті «Ана жүрегі» әні шырқалған уақытта қариялардың ет жүрегі елжіреп, көздеріне жас үйірілді. Өткен өмір жолдарының  естеліктері естеріне түскен шығар, бәлкім.

Содан соң балабақша тәрбиешісі Айсана Қайырболатова «Анашым» әнін орындап, Николай Федотов қазақтың қара домбырасынан «Адай күйін» төкті. «Цыган» биі орындалып, оны дүйім жұрт асқан қызығушылықпен тамашалады. Ал, әзірбайжан этномәдени бірлестігінің өкілі Самира Абдуллаеваның ұлттық аспапта ойнағаны көпшілікті тамсандырды. Бұл тағы да қазақ халқы мен әзірбайжан елінің арасындағы ауызбірлік пен ынтымақты білдіретіні сөзсіз. Іс-шара жас әнші Ислам Музаевтың «Мой Казахстан» әнімен қорытындыланды. Ал, ақ жаулықты аналар мен қарттар өз кезегінде іс-шараны ұйымдастырушылар мен жас өнерпаздарға  алғыстарын жаудырды. 

 

   

   

 

 «Қоғамдық келісім» МКК Баспасөз қызметі

Кейін қарай