Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Қыркүйек, 2025

32

Сергей Пономарев Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының басшысы болып сайланды

2025 жылғы 10 қыркүйекте Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының (Қауымдастық) конференциясы өтті.

Конференция барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» Жолдауында белгіленген бастамаларды ілгерілету ісіндегі этномәдени бірлестіктердің рөлі талқыланды.

Қауымдастық мүшелері Мемлекет басшысы айқындаған экономиканың барлық салаларын жаңғырту үшін ауқымды цифрландыру, жасанды интеллект енгізу бағытын қолдады және Жолдаудың міндеттерін жүзеге асыруға белсенді қатысатындықтарын мәлімдеді.

Ел болашағы үшін маңызды бастамалардың бірі – парламенттік реформаға және Президенттің бір палаталы парламент құру туралы ұсынысына ерекше назар аударылды.

Қатысушылар бұл ұсыныстың, ең алдымен, заң шығару жұмысының сапасы мен тиімділігін арттыратынын, «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын іске асыруға бағытталған жұмыстың заңды жалғасы деп атап көрсетті.

Қауымдастық мүшелері кешенді тәсілдің маңыздылығын және алдағы реформаларды қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға дайын екендігін білдірді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының тапсырмаларын орындау, Ассамблеяның 30 жылдығы аясындағы іс-шараларды іске асыру, Қауымдастықтың Ассамблея жобаларына қатысу мәселелері арнайы қаралды.

Қатысушылар Қауымдастықтың елдегі қоғамдық келісім, бірлікпен қоғамның бірлігін одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосатынын айтты.

Конференция барысында ұйымдастырушылық мәселелер де қаралды. Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының төрағасы лауазымына Қауымдастық басшысының бірінші орынбасары болған Сергей Пономарев сайланды.

Ұйымды 2016 жылдан басқарған Владимир Божко Қауымдастықтың құрметті төрағасы болды.

Анықтама: Сергей Пономарев отыз жылдан астам уақыт журналистика және қоғамдық коммуникациялар саласында жұмыс істеді, жетекші телеарналарда авторлық және талдамалық бағдарламалар жүргізді, қоғамдық кеңестер мен өкілді органдардың жұмысына белсенді қатысты. 2023 жылдан бастап VIII сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты.

Кейін қарай