Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Тамыз, 2023

1092

ШӘКӘРІМ МҰРАСЫ - ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫ

Ұлттың ұлы тұлғаларының бірі, қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде өзіндік із қалдырған, ұлы Абай мектебінің дәстүрін жалғастырушы, өзінен кейінгі ұрпаққа сарқылмас мол мәдени мұра қалдырған қазақ даласынан шыққан ақын, аудармашы, тарихшы, сазгер, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына биыл 165 жыл.

Шәкәрім Құдайбердіұлы - белгілі гуманист ақын, дінді, әдебиетті, тарихты, географияны, жаратылыстану ғылымын, физиканы, сөз өнерін, музыка өнерін игерген, араб, парсы, түрік, орыс, татар тілдерін жетік меңгерген, ең білімдар адамдар санатына қосылады. Абайдың өсиетіне құлақ асып, 1905-1906 жылдары қажылық сапармен Араб, Түрік, Еуропа елдерін аралайды. Әлем кітапханаларындағы маржандармен танысады. Небәрі 20 жасында болыс болған, домбыра шертіп, гармоньда ойнаған, жазу-сызудан бөлек, ән айтып, саятшылық құрып, сурет салған. 14 жасынан бастап ән шығарып, аспаптарда ойнаудан бөлек, ағаштан мандалин, қобыз жасап, киім тіккен. Ой еңбегімен қатар, дене еңбегіне төселген, шеберлікті үйренген, бертін келе мәдениетті жолға салып, ұлттық киімдердің үлгісін жаңарту, ас пісіру, дастархан әзірлеу, көшпелі ел жағдайында, қатты қыстарда, далада, қар үстінде шырпысыз от жағу, үйді үйдің, іргелес қыстаулардың арасында сымды қатынас орнату сияқты тұрмыс мәдениеті жөнінен халыққа өзі тапқан тәсілдерін ұсынған. Ауырып, сырқаттанғандарға алғашқы медициналық жәрдем көрсете алған, ғылымға, оқуға, білімге, өнерге шақырған өлеңдері бар.

Шәкәрім шығармаларында әділ, адал адам бейнесіне ерекше орын берілген. Оның шығармаларында «ар-ождан» деген термин көптеп қолданылған. «Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда? Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?». Жалпы «ар» немесе «ар-ождан» дегеніміз не? Шәкәрімді өмір бойы толғандырған, ақиқатты іздеуге серпін берген мынандай үш сұрақ: Бұл өмірге қайдан келдім? Осы өмірден кейін қайда барамын? Осы өмірді дұрыс өткізу үшін не істеуім керек? Ақын жалпы өмірді мағыналы да мәнді өмір сүруге болатынын, оның жолы, оқып-үйренетін ғылымы бар ма? деген сұрағына, байлықтың ең үлкені – ғылым, «ғылымсыз адам – айуан, не қылсаң да ғылым біл… күні-түні дей гөрме, ғылым ізде, қалсын десең артыңда адам атың» деген, әрине, рухани қараңғылықтан алып шығатын ғылым да, оны іске асыратын ғалым да бар екенін айтып кеткен. Ақын «әділет, ынсап, мейірім бар ма адамда, — деп толғанып, заманын, қоғамын сынап, адам бойындағы жағымсыз мінез-қылықтарға жиіркене қаратып, басқаларды да жиіркендіреді. Оның басынан қуаныш пен күйініш те, үміт пен күдік те өтеді.

«Балаң білсе қадіріңді, орындап екі айтқызбай әміріңді, жасыңнан жаның сырлас жарың болса, қыл өткізбей білетін тамырыңды» — деп, адамның егде тартқан тұсында баланың, жардың қызметіне, отбасылық құндылықтарға ерекше мән береді.

Шәкәрім артында, «мейірімділік, қайырымдылық, ұстамдылық, саналылық, адалдық, төзімділік, әділеттілік –деген, қасиеттер болуы керек деген өсиет қалдырды, оларсыз адам өмірде тыныштық пен келісімді таба алмайды, бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл , болашақ ұрпақ үлгі алсын, үйренсін деп өсиетін жалғастырды», оған өзі сенді және келесі ұрпақты да сендірді .

Қазақ «Алып анадан туады» деген сөзді тегін айтпаса керек. Құнанбайдың анасы Зере , Абайдың анасы Ұлжан, Шәкәрімнің әжесі Күңке де, анасы Төлебике де – қазақтың сол дана қыздарының заңды жалғасы болған. Шәкәрімнің анасы араб, түрік тілдерін жетік меңгерген, қолөнерге өте шебер, кесте тігетін, ою оятын, киім пішетін, пышақ соғатын ісмер, өлең де шығаратын дана, білімдар адам болған. Бұл қасиеті кейіннен Шәкәрімге берілген. Ал Шәкәрім ғұмырын зерттеушілер бұл асыл ананы «Бар өнерін отбасының жолында құрбан қылған жан» деп жазады. Осыны да құрбандық дей ме? Артында Шәкәрімдей ұрпақ қалдыра алған анада нендей арман, нендей өкініш бар екен? Шәкәрім мұрасы – ұрпаққа аманат!

БҚО ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, п.ғ.д., профессор

Шалқыма Хайроллақызы Құрманалина

Кейін қарай