Қазақстан халқы Ассамблеясы

24 Ақпан, 2016

2317

Шешен және игнуш халықтарының жер аударлағанына биыл 72 жыл

Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында, 23 ақпан күні Қарағанды қаласының Достық үйінде шешен-ингуш халықтарының Қазақстан және Орта Азия жеріне күштеп көшірілген саясат құрбандарын еске алу іс-шарасы өтті. Іс-шараны ұйымдастырған Қарағанды облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі. Жиынға этномәдени орталықтың ақсақалдар алқасы, Қарағанды орталық мешітінің бас имамы, Бала-қажы мешітінің наиб-имамы және жастар ұйымының белсенділері қатысты.

«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы жиналған қауымға алғысын білдіріп: «Бүгін біз шешен және ингуш халықтарының тарихындағы қаралы күнді еске алу үшін бас қостық. Атап айтсам, Қазақстан мен Орта Азияға бейбіт халықтың зорлықпен қоныс аударылғанына 72 жылдың жүзі болыпты. Солақай саясат 1944 жылдың 23 ақпанында туған жерінен айырып, бұл вайнах халқына жасалған ең үлкен зорлық-зомбылық болды», -деп ерекше тоғаныспен сөз сөйледі. Аталмыш іс-шараның Қазақстандағы жаңа мереке – Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған 1 наурыз этностардың бір-бірлеріне және қазақ халқына Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылып отырғанын айтып кетті.

Өткен ғасыр Қазақстан жері көптеген ұлттардың панасына айналды. Бұл процесс тек зорлық-зомбылықпен жүзеге асқаны белгілі. Шешен-ингуш халықтарының депортациялануы Кеңес үкіметі тарихындағы ең үлкен жер аудару үрдісі атанды.

«Чечевица» атауымен орындалған операцияда Шешен-Ингуш АССР тұрғындары туған отанынан Қазақстан мен Орта Азияға жаппай қоныс аудырылуы 1944 жылдың 23 ақпаны мен 9 наурыз аралығында жүзеге асырылды.

КСРО Жоғарғы кеңес төралқасы шешендер мен ингуштерді депортациялау шешімін Ұлы Отан соғысы жылдары, әсіресе, Кавказ жеріндегі неміс әскерінің ұрыс әрекеттері кезеңінде көптеген шешендер мен ингуштар Отанына сатқындық жасап, әскери қызметтен жаппай қашып, тылда қаруланған қарсылық көрсетеді деген сенімсіздікпен негіздеген.

- Әрбір екінші вайнах қазақ халқының көмегі мен қолдауы арқасында аман қалды. Бүгінгі кездесуде ақсақалдар өскелең ұрпаққа тарихты жеткізу үшін өз естеліктерімен бөліседі, - деп сөзін қорытындылаған Увайс Хаважиевич облыстық ҚХА Хатшылығының басшысы Е. Құсайынға сөз кезегін ұсынды.

«Еске алатын болсақ, біздің халқымыздың басынан небір тар жол тайғақ кешулер өтті. Сұрапыл соғысты да, аштықты да, репрессия жылдарының зобалаңын да көрді. Қиын кезде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымшылдыққа сол кезден бет бұрған халықтар достығы бүгінгі күнге жетіп отыр. Қазіргі таңда біз бірлігі мен татулығы жарасқан жасампаз халықпыз деп сеніммен айта аламыз», - деп өз сөзін түйіндеді Хатшылық басшысы.

Қариялар кеңесінің мүшелері – Солтүстік Кавказ халықтарының еріксіз жер аударылуының жалғыз куәгелері. Қаһарлы жылдары олардың көбісі көз алдында туғандары мен жақындарынан айрылды. Ақсақалдардың айтуынша, жергілікті тұрғындардың қамқорлығы ғана қатал қоныс аударылудың азабынан құтқарған.

Ресми деректерге сүйенсек, Шешен-Ингуш АССР-інен 496 мыңға жуық адам күштеп көшіріліп, оның ішінде Қазақ ССР-на 411 мың бейбіт халық тұрақтаған.

Іс-шара барысында С. Ильясов және Б. Өмірзақова авторлық еткен «Дружба на века» кітабының тұсауы кесілді.

Кітап авторлары Қазақстандағы вайнах өкілдерінің өмірі, тұрмысы, сондай-ақ, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтып, дамытуға, достықты насихаттаған тәрбиелік мәні бар істеріне ерекше көңіл аударған.

Ана тілі, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрып арқылы ғана басқа халықтың мәдениетін қабылдай алатынымыз анық. Авторлардың жеткізуі бойынша, қазақтар мен вайнахтарды дін ғана жақындастырмай, тарихы та ұқсастыққа толы екен. 

   

 

 

Қарағанды облысы әкімі аппаратының

"Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметі

тел., WhatsApp: +77024190203

e-mail: info@kelisim.kz

 

 

Кейін қарай