Қазақстан халқы Ассамблеясы

16 Қазан, 2019

5063

Қарасуда Түркі халықтарының тарихынан сыр шертетін бірегей жекеменшік музей ашылды

Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының Қарасу елді-мекенінде ерекше адам тұрады. Барлық саналы ғұмырын Ахысқа түріктеренің тарихын зерттеуге, қазақ пен түріктердің арасындағы мызғымас достығын жырлауға арнаған ақын, жазушы.


Ол – Түркістан облысы Сайрам ауданының Құрметті азаматы. Ол – жүзден астам ғылыми жұмыс пен қырықтан астам кітаптың авторы. Ол – Иброхим Хукиев. Соңғы кездері біздің кейіпкер Иброхим Түркі деген лақап атпен танылып жүр.


Иброхим ата соңғы кездері ахысқа түріктері ғана емес, түркітілдес халықтардың ортақ тарихын, мәдениетін зерделеуді серік еткен. Бұл сарында жиырмадан астам кітап пен драмалар жазылып та қойған. Олар оқырмандарына қазақ, орыс, түрік, өзбек, әзірбайжан тілдерінде жол тартты. 


Атап айтсақ, түркі халықтарының тарихын, достық байланыстарын, мәдени мұраларын зерттеген еңбектері «Ахысқа Түріктерінің Тарихы, әдебиет және ақындарының қысқаша анталогиясы», «Ахысқа түріктерінің қысқаша тарихы, ислами өмірі, жанұялық тұрмыс жағдайы» энциклопедиясы кітаптарында қазақ халқының кең пейілділігі, кең далаға Құдай берген берекенің дәлелі «Отан туралы монологы», «Эътиқадға садақат», «Тұран жұртым - Түркістаным», «Хақан», «Тұраннама» кітаптары жарық көрді.


«Жүсіп Сарямий» және «Өмір қуаныштары» драмалары облыстық Өзбек драма театрында жоғары көркемдік талғампаздықпен сахналанған. Сондай-ақ, 2004 жылы «Тағдыр» және «Ахыска түріктері», 2016 жылы «Бір тағдыр, бір ел» атты тарихи фильмдерді түсіруге ұйытқы болған. Ол туындылар арқылы Иброхим ата өз халқының бастан кешкен қасіреті мен Қазақстан этносатрының бірлігі мен достығын тамаша сипаттай алды. Аталмыш деректі филімдері жергілікті телеарналарда көрерменге жол тартып, оның әділ бағасын алды. 


Өзбекстанның Самарқанд облысында дүниеге келген Иброхим ата 1980 жылдан бері сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында тынбай еңбек етіп, қоғамдық өмірге белсенді араласып кетті. Көп жылдар бойы ұстаздық етті. Аймақтың өзбек тілінде жарық көретін «Жанубий Козогистон» («Дустлик байроги») газетінің негізін қалап, оның қарыштап дамуына да өз сүбелі үлесін қосты.


Айтпақшы, Иброхим Түркі қазақ, түрік, өзбек, орыс тілдерінде жарық көрген «Ахискали» газетінің негізін қалаушы әрі бас редакторы болып көп уақыт қызмет етті.


Халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін бірнеше мәрте Қазақстан халқы Ассамблеясының медальдары мен грамоталарымен марапатталған. Иброхим Түркі Түркістан облыстық «Алтын қауырсын» номинациясының иегері, Сайрам ауданына 90 жыл төсбелігісімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің грамоталары және облыстық әкімнің стипендияларымен де наградталған. 


Сондай-ақ, облыстағы ұлыстардың мәдениетін, тарихын, әдебиетін жандандыру ісінде көптеген жаңалықтардың енуіне тынбай атсалысып келе жатқан қоғам белсендісі деуге әбден болады.

Иброхим Түркінің мемлекеттік тілді нығайтуға деген құрметінің зор екендігін оның тарихи жазбалары мен өлеңдерінен айқын көруге болады.


Иброхим Түркі зейнетке шыққан шағында тамыры тереңге бойлаған тарихқа зер салып, жәдігерлерді жинақтап, өткен-кеткенді саралауды жақсылап қолға алған. 


Осы мақсатта 2018 жылы Сайрам ауданының 90 жылдығына арнап «Тұран жұртым – Түркістаным» атты Қазақстанда бірегей саналатын үй-мұражайын ашуға бел буған. 

Біздің кейіпкер үй ауласында арнайы шақтап салынған 50 шаршы метрлі ғимараттың ішіне жинақталған талай тарихи кезеңдерден сыр шертетін жәдігерлерді ұқыпты етіп қаз-қатар тізіп қойған. 


Бүгінгі таңда осы алақандай ғана жерде 3000 мыңға жуық бір ғана ахысқа түріктерінің ғана емес, бүкіл түркі халықтарының мәдениетінен, тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер жинақталып, орын-орнымен, рет-ретімен орналастырылған. 


Мұражайдың бас тақырыбында кең қазақ даласы, тарихы, түркі халықтарының рухани астанасы Түркістан қаласының тарихы мен мәдениеті, Қазақстан халқы Ассамблеясының орны жөніндегі деректер мен пікірлер баршылық. 


Сондай-ақ, мұражайда түркі халықтарының әдебиеті, тарихи, мәдениет тұлғаларының өмірбаяндары, жазбалары, философиялық көзқарастары топтастырылған. 


Мұражайға әр жылдардағы басылымдар, фотосуреттер, деректі фильмдер, қолдан жасалған тарихи жиһаздар көрермендер назарына ұсынылған. 


Зират етушілер жазып қалдырған естелік пікірлерде мұражайда жинақталған бай қазына өскелең ұрпақты отанға сүйіспеншілік пен ұлттар арасындағы достықтың мән-мағынасын түсініп, қадірлеуге жетелейтін ерекше мотивотар екені туралы көп айтылған.


Шынымен де, Иброхим атамыздың өз қолымен тұрғызылып, осыншама уақыт жиналған бай жәдігерлер галереясы шынымен де көздің жауын алып қана қоймай, осының барлығын көріп тұрған адамды алыс уақытқа жетелеп кететіндей, сол кездің уақытына бір шолу жасап шыққандай керемет әсерге бөлері хақ. 


Ахыска түріктері туралы сөз қозғағанда Түркістан облысын мекен еткен бауырлас ағайындар туралы, олардың басын біріктіретін этномәдени орталық туралы айтпай кетуге болмайды.


Түрік этносының өкілдері Қазақстанда өткен ғасырдың 40-шы жылдары саяси жер аудару салдарынан қоныстанғаны тарихтан белгілі. «Ахыска» Оңтүстік Қазақстан облыстық түрік этномәдени бірлестігі 1999 жылы құрылған. Этномәдени бірлестікті әр жылдары облыстың танымал азаматтары басқарып келді.


2019 жылы жалпы жиналыстың шешімі бойынша «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы бойынша филиалының төрағасы болып Сарманбай Сафаров сайланды. Этномәдени орталықтың бөлімшелері Түркістан қаласында, Түлкібас, Сайрам, Төлеби, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында жұмыс істейді.


Түркістан облысының аумағында 16 353 түрік этносының өкілдері тұрады. Төлеби, Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам аудандарында және Түркістан қаласында жинақы тұрады. Бірлестік жанында Жастар қанаты, ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесі ойдағыдай жұмыс жасайды.


Түркі мәдениеті мен өнерін жаңғырту мақсатында «Або», «Яшлар» ансамбльдерінің би ұжымдары құрылып, Түркістан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы өткізетін барлық мәдени іс-шараларға белсенді түрде қатысып, өнер көрсетеді.


Сонымен қатар, түрік этномәдени бірлестігінің өкілдері жыл сайын қайырымдылық іс-шараларға белсенді қатысады, сондай-ақ орталық Түркістан облысы Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесе отырып барлық іс-шаралар мен мемлекеттік мерекелерге белсене қатысады. Орталықта жүйелі түрде «Алғыс айту күні», «Тіл мерекесі», «Наурыз мейрамы», «1 – мамыр», Ораза байрам мерекелеріне арналған іс-шаралар ұйымдастырылып өткізіліп тұрады және әр түрлі жарыстар мен ойындар, әндер, билер, байқаулар мен олимпиадалар өткізіледі.


Жергілікті түрік ағайындар мемлекеттік және мемлекеттік емес білім беру мекемелері арқылы білім беру процессіне қатысады, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына көмек көрсетеді.


Бірлестіктің негізгі мақсаты ұлттық тілді, мәдениетті, дәстүрді сақтап қалып, оны ары қарай дамытып, түрлі этностар арасындағы достық, бірлік пен келісімді нығайту болып саналатыны айтпаса да түсінікті болар.

Материалды әзірлеген Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Кейін қарай