Қазақстан халқы Ассамблеясы

14 Қазан, 2019

1251

Өскеменде Борис Щербаковтың 80 жылдығы аталып өтті

Өскемендегі Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында зерттеуші ғалым, белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Борис Щербаковтың 80 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара өтті. 


Концертте Борис Васильевичтың шығармаларынан үзінділер оқылып, қойылым қойылды.

Жазушының қаламынан 300-ге жуық ғылыми мақалалар мен 35 ғылыми-танымдық, көркем шығармалар жарық көрсе, соның барлығы арнайы ұйымдастырылған көрмеге қойылды.


Зерттеуші Қазақстанның түкпір-түкпіріне, Орталық Азияға, Алтайға, Үндістанға, Вьетнам сияқты түрлі елдерге ғылыми экспедиция жасаған. Ол әлемдегі ерекше құстарды зерттеп, ғалымдарға белгісіз түрлерін ашқан.


«Жалында» би ансамблі Борис Васильевичқа сыйлық ретінде «Құстар биін» қойып, көрермендердің ризашылығына бөленді. Ал облыстық драма театрының актерлері жазушының «Настенька» шығармасынан үзінді ұсынды.

Мерейтой иесіне Ресейден, Қазақстаннан әріптестері құттықтау тілектерін жолдаған. Облыстық әкімдіктен, маслихаттан, қоғамдық кеңестен келген қызметкерлері мен әріптестері ерең еңбегі үшін алғыстарын арнады.


Қала әкімі Жақсылық Омар арнайы келіп ақсақалды құттықтады. Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының директоры Элдар Төлеубеков болса, Борис Щербаковқа Шығыс Қазақстан жерінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, төсбелгі тақты. 


Борис Щербаков - белгілі өлкетанушы ғана емес, сонымен қатар көрнекті орнитолог, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің «Мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығының лауреаты, Өскемен мен Хошиминнің құрметті азаматы. Осы жылдың наурыз айында көптеген марапаттарға тағы біреуі қосылды - Қазақстан халқы бірлігін нығайтуға, бейбітшілік пен келісімді сақтауға, рухани мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалі табысталды.

Кейін қарай