Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Қыркүйек, 2015

1232

Тұрақтылық пен татулық ту тіккен бірегей ауыл

Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал ауылдық округінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына  жариялаған Ұлт Жоспары 5 институционалды реформа «100 нақты қадам» сынан туындайтын мақсаттар мен міндеттерді түсіндіру мақсатында кездесу болып өтті. Кездесуге  Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов, облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы,  «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай Сейтқалиұлы Байқадамов қатысты.

Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың жұмыс сапары шеңберінде Қызылорда облысы Қармақшы ауданының «ІІІ Интернационал» ауылдық округінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының мақсаттары мен міндеттерін түсіндіруге арналған кездесу болып өтті. Кездесуге  облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы,  «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай Сейтқалиұлы Байқадамов, ауыл тұрғындары, ЭМБ өкілдері, жастар қатысты.

Е.Л.Тоғжанов «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының (Біртектілік пен Бірлік) 4-реформасына егжей-тегжейлі тоқталып, өңірлік Ассамблеяның осы бағыттағы жұмысына шолу жасап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы құрметіне арналған іс-шаралардың достықты нығайтудағы аралық қорытындыларын шығарып, ауыл этностарының бірегей тәжірибесін, олардың елді өркендетудегі еңбектерін атап көрсетті. 

Кездесу барысында ауыл тұрғындары:  «Достық жер МК» ЖШС директоры, облыстық ассамблея мүшесі М. Арифов, зейнеткер Л.Г. Огай, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Ә. Құлдүйсенов, ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы К.Қашақбаевтар өз ой-пікірлерін білдірді.

Сапар  барысында ҚХА Төрағасының орынбасары Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне барып, «ІІІ Интернационал» ауылының негізін қалаған, Социалистік Еңбек Ері Цай Ден Хактың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, сондай-ақ Қызылорда облысы этностарының көрмесімен танысты.

***

Қызылорда облысы Қармақшы ауданының «ІІІ Интернационал» ауылы – Сыр өңіріндегі өзге этнос өкілдері көп шоғырланған елді мекен. Ауылда қазақтармен бірге корей, түрік, орыс, татар, украин, әзербайжан, қырғыз, өзбек, белорус, армян, чуваш ұлттарының өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Ауылдың тарихы 1937 жылдардан бастау алады. Сол жылы қыркүйек айында Қиыр Шығыстан депортацияланған корей халқының бір бөлігі Қармақшы ауданына келді.

1944 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде Грузия Республикасындагы Месхетин таулы өңірінен түріктер Қазақстанға жер аударылып, Қашқансу ауылдық советіне 28 отбасы келді.

1950 жылдары еліміздің  майда колхоздары ірілендіріліп, біріктіріле бастады. Шағын-шағын «Червонняя земля»,  ІІІ Интернационал мен Бозарқаш маңындағы «Утренняя заря» колхозшылары бірігіп, жаңа  ІІІ Интернационал колхозы құрылды. Колхоз председателі болып  Цай Ден Хак сайланды.

Цай Ден Хак осы колхоздың іргетасын қалап, көптеген әлеуметтік нысандардың салынуына мұрындық болды. Сыр өңіріндегі ауыл шаруашылығын жоғары дәрежеге жеткізіп, осы ауылдың дамуына ерекше үлес қосты. Бұл еңбегі үшін 1966 жылы оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

2013 жылы осы ауылда «Әлемнің әміршісі - Еңбек» деген тақырыппен Цай Ден Хактың 100 жылдық мерейтойы өткізілді.

Қармақшы ауданы аграрлы аудан, ауылдың негізгі кәсібі – күріш егу. Қазіргі таңда шағын шаруа қожалықтары күріш егумен қатар бақша өнімдерімен, көкөністер, жеміс-жидектер өсірумен шұғылданады. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында бал арасын өсіру, шағын цехтар, шеберханалар жұмыс жасап, ауыл экономикасының дамуына өз септігін тигізуде.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуында Ассамблеяның туы Қармақшы ауданында көтерілгенін атап айтуымыз керек.  

 

 

Кейін қарай