Қазақстан халқы Ассамблеясы

06 Шілде, 2021

463

Ілияс Буларов: «Тәуелсіз Қазақстанның символы мен мақтанышы»

Биыл Елорда күнін атап өту ерекше мәнді болғалы тұр, себебі бұл мейрам ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында өтеді. Жаңа астананың құрылуы - бұл біздің Отанымыздың тәуелсіздікке жету жолындағы алтын кезең.


Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1994 жылғы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмола Астана болып өзгертілді. Балалық шағы балқарлық, түрік, чех, неміс балаларымен бір ауылда өткен, алғашқы еңбек жолы Карметкомбинаттың көпұлтты жұмыс ұжымында басталған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін ұлтаралық келісімнің маңыздылығы, яғни басқа этностар өкілдерін өз ұлтынан бөліп тастамау, олардың бірлігін қамтамасыз ету – астананы көшіру идеясындағы басты факторлардың бірі.

Ол кезде тоқсаныншы жылдардың ортасында бұл идеяның жүзеге асатынына сенетіндер көп болған жоқ, «жаңа қала салу және оны жылжыту үшін көптеген жылдар қажет болады» – деп сенетіндер де болды. Бірақ олардың бәрі дұрыс болмады. Астана қысқа мерзімде салынды және тұтастай алғанда ел дамуының символына айналды.

1998 жылдың 10 маусымында Егемен Қазақстанның жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері өтті. Бұл тарихи оқиға - Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асырудың бастауы болды.
Тоқсаныншы жылдар ортасында бұл идеяның жүзеге асатынына сенгендер көп болмаған, «жаңа қала салу және оған көшу үшін көп­те­ген жыл қажет» деп санағандар да болды. Бірақ олардың бәрі қателескен еді.

Нұр-Сұлтан ең қысқа мерзім ішінде салынып, тұтас елдің дамуының нышанына айналды. Астананы көшіру геосаяси, экологиялық, логистикалық және басқа да көптеген параметрлер бойынша салмақты шешім болды. Енді бұл қала достықтың, этносаралық және конфессияаралық келісімнің символы. Елбасының стратегиялық жобасын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев даналықпен жалғастыруда. Біз үшін бұл нағыз ауызбірлік пен достықтың үлгісі. Үкіметтің кеңейтілген отырыстарының бірінде Президент Тоқаев бүгінде астананы, әсіресе қаланың шет аймақтарын тиісті әлеуметтік, тұрғын үй, көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұрғанын және «Тұтастай алғанда қаланы абаттандырумен үнемі айналысу керек... Бұл біздің мемлекетіміздің витринасы»,- деп атап өтті.

Біз Елорданың қалыптасу тарихындағы үлкен өзгерістердің куәсі болып отырмыз. 2019 жылдың 20 наурызында Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің инаугурациялық сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет үшін сіңірген еңбегін атап өтіп, мемлекеттің астанасына тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Оның бастамасын ел Парламенті қолдады. Елорда - барлығымызды біріктірген біздің мақтанышымыз. Біз бейбітшілік пен келісімде өмір сүреміз. Сондықтан Елорданың атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту көреген шешім болды. Бұл Тұңғыш Президенттің еңбегі үшін ризашылықтың белгісі. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бұл шешімді толығымен қолдады. Елорданың жаңа атауы «Нұр-Сұлтан» мемлекеттілігіміздің өзіндік тарихи айнасы, онда біздің ұлттық бірегейлігіміз, бірлігіміз көрініс табуда. Біздің дамып келе жатқан жас астанамыздың жаңа тарихы басталды.

Елорда Батыс пен Шығыс мәдениеті мен дәстүрін тоғыстыр­ған қалаға айналып шыға келді. Әлемнің белгілі сәулеткерлері Нұрсұлтан Назарбаев­тың ойын жүзеге асыра білді. Олардың ішінде Кисе Курокава, сэр Норманн Фостер, Кензо Танге және т.б. бар. Осылайша «Бәйтерек» – Елорданың және бүкіл елдің бренді бой көтерді. Оның төбесінен шаһарды көзбен еркін шолып шығасың. Тұңғыш Президентінің сызбасы негізінде «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық кешені салынды. Арнаулы полимерлік жабынмен жабдықталған кешен «Forbes Style» журналының нұсқасы бойынша, әлемдегі ең үздік он экоғимарат қатарына енді. Нұрсұлтан Әбішұлы ойластыр­ған тағы бір маңызды нысан – «Отан қорғаушылар» монументі.

Сонымен қатар, Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу барысында Тұңғыш Президент пирамида қағидаты бойынша «Бейбітшілік және Келісім сарайын салуды ұсынды. Пирамида түрлі діндердің, этностар мен мәдениеттердің бірігуінің, халық пен мемлекеттің бүкіл әлемге ашықтығының символына айналды. Бүгінде «Бейбітшілік және Келісім сарайы» - Елорда келбетінің ажырамас бөлігі.

Нұр-Сұлтан қаласы ғылым мен мәдениет орталығы. Елорда елдің бүкіл талапкерлерін өзіне тартады: мұнда Қазақстанның басты жоғары оқу орындары орналасқан. «Назарбаев Университеті» әлеуметтік, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары бойынша мамандарын дайындайды. Университеттер, мұражайлар, театрлар, мұрағаттар, көрмелер, көркем шеберханалар, шығармашылық одақтар, концерттік алаңдар Елорданы мәдениет жетістіктері мен үздік дәстүрлерінің қоймасына айналдырды. Сондай-ақ, бас қалада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бар, оның қорында бір жарым миллионнан астам кітап қоры бар. Оқу залдары бір мезгілде 500-ден астам оқырманды қабылдайды. Бұл жерде үнемі дәрістер, дөңгелек үстелдер мен көрмелер өткізіліп тұрады.

Тарихи өлшем бойынша жас қаланың мәдени өмірі қанық және қызықты. Оның мұражайларында, театрларында және концерттік залдарында ұлттық және заманауи өнер үйлесімді синтезделеді. «Астана Балет» театры 2012 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Труппаның ұйытқысын А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің үздік түлектері құрайды. Театр ұжымы қысқа мерзім ішінде қазақстандық қана емес, шетелдік көрерменді де жаулап алды.

Елордамыздың көз тоймас жауһарына айналған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры әлемдік стандарттарға сай техникамен жабдықталған. Театр ұлттық нақышты ескере отырып, әлемдік классикалық үлгіге сай салынған болатын. Есіл өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан «Астана Опера» театры өзінің асқан әсемдігімен қала тұрғындары мен қонақтарын таң қалдырады.

Субұрқақтар құрылғылары мереке, қуаныш пен балғындық сезімін тудырады. Ал, олардың кейбіреулері жергілікті халықтың көзайымына айналды. Солардың бірі – «Бәйтерек» монументінің бас символына жақын орналасқан «Ән салатын субұрқақ». Бұл Елорда тұрғындары мен қонақтарының серуендеуіне арналған сүйікті орын, әсіресе кешке қарай мұнда көп адамдар жиналады, түрлі-түсті жарық жанып, көрермендер алдында музыкалық қойылым орындалады. Түрлі түстермен боялған су ағындары билеп тұрғандай әсер қалдырады.
Елорданы өз құрамы бойынша көп ұлтты өңірге көшіру көпэтносты мемлекеттің нығаюына, елдегі этностық топтар арасындағы достық пен келісімнің сақталуына және артуына ықпал етті. Нұр-Сұлтанның ерекше этномәдени бейнесі қалыптасты, онда рухани-зияткерлік дискурстың негізгі ұғымы толеранттылық болып табылады, ал полиэтникалық қауымдастық (жүзден астам этностар) өзіне тән ерекше астаналық рухы бар бірыңғай қалалық анклав ретінде әрекет етеді.

Өз тарапымнан ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі ретінде Қазақстанның бас қаласының орасан зор алқаптарды көгалдандыру тәжірибесі тұрғысынан жыл сайын ұдайы өсіп келе жатқан маңызын атап өткім келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Елорданың айналасында жасыл белдеу құрудың бастаушысы болды. «Жасыл белдеу» жобасы Елбасының тапсырмасы бойынша 1998 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Жобаның басты мақсаты – қаланың өзінде және оған жақын аумақтарда жасыл алаң қалыптастыру және оны сақтау. Нұр-Сұлтан қаласын жасыл қалаға айналдыру жөніндегі жұмыстар қала ішінде де жаппай жүргізіліп жатқандығын айтуымыз керек. Соның нәтижесінде соңғы жылдардың өзінде бірнеше бақтар мен скверлер пайда болды. Астананы гүлмен көмкеру ісі де қызу қолға алынуда.
Елордалық екпелер Щучинск-Бурабай курорттық аймағының орман алқабымен бірігетін және үлкен дала аумағының «жасыл өкпесіне» айналатын күн алыс емес.

Есіл өзені – Елордамыздың ерекше көркі. Аңыздармен көмкерілген Есіл өзені өз суларын баяу ағызады. Қаланы қиып өткен өзеннің оң мен сол жағалауы бір-бірін қимайтын екі адал ағайын секілді. Есіл жағалауы қала халқы мен қонақтарының демалып, қайықпен серуендейтін жеріне айналды. Есілдің Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік шекарасы шегінде Кенесары айлағынан басталып, сол жағалауға дейін 45 минутқа созылатын туристік су жолы ашылды. Екі жағалауын көмкерілген көпірлері жақындатса, жыл – он екі ай Есілге қармақ салған балықшылар үшін өзеннің орны бөлек.

Елор­даның Еуропадан Азияға апаратын жолдар қиылысында орналасуы өте тиімді. Себе­бі, бұл географиялық жағдай оның саяси, экономикалық, мәдени және рухани орталығына ай­на­луының басты кепілі.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен қаланған жаңа Елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің Тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды.

Бүгінде Нұр-Сұлтан халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) тарихи саммиті, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) мерейтойлық саммиттері өтті. 2011 жылдың басында республиканың Елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады, «Expo-2017» халықаралық көрмесі өтті.

Нұр-Сұлтан қаласының күн сайын көр­кейіп келе жатқан қала екендігін ескерсек, оның өсіп-өркендеп, аз уақыт ішінде сырт­қы көрінісі ішкі мазмұнына сай болып, қанат жайып, шеттен келгенді де, іш­тен барғанды да тамсандыратын ға­жайып қалаға айналғаны бәрімізге мақ­таныш. Бұл күні әрбір қазақстандықты Нұр-Сұлтан қаласының күнімен құттықтаймын және баршаңызға бейбітшілік, жақсылық, амандық және Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі үшін жаңа жетістіктер тілеймін!

Ілияс Буларов,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты


Кейін қарай