Қазақстан халқы Ассамблеясы

13 Наурыз, 2017

911

ТАРАС ШЕВЧЕНКОНЫҢ 203-ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ІС-ШАРА

Маңғыстау облысында украин халқының ұлы ақыны Тарас Шевченконың 203 жылдығына арналған іс-шара өтті.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юрий Тимощенко, Украинаның Қазақстандағы уақытша өкілі Владимир Джиджора, «Қазақстан украиндарының радасы» ЗТБ үйлестіру кеңесінің мүшесі, Астана қаласындағы «Оберег» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тамара Ширмер, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Іс-шараға келген қонақтар алдымен Маңғыстау обысы әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашевпен кездесті. Олар сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жаңғырту тақырыбында әңгіме жүргізді.

Әкім орынбасарымен кездесуден кейін делегаттар Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласына жол тартып, «шевченколық» естелік жерлерді аралады. Олар ұлы Кобзарь мұражайына, ақынның шамамен 7 жыл тұрған жер асты үйіне, Новопетровск бекінісінен қалған тарихи қабырғалар мекеніне сапарлады.

«Мемлекет өз қаржысына украин және қазақ халқының  құнды заттарын қорғауға алғаны және ұлы кобзарьдың  құжаттарын, жеке заттары мен картиналарына аса мән бергені қуантады. Тарас Шевченконың әрбір үшінші туындысы Қазақстанға, қазақ ұлтының тұрмысына, мәдениеті мен салт-дәстүріне арналғаны белгілі. Егер оның картиналарын көрген болсаңыз, жергілікті әйелдердің сұлулығы керемет суреттелген», - дейді Ю.Тимощенко.

Қонақтар Т.Шевченконың Ақтау қаласындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Т.Шевченкоға арналған ескерткіштердің ішінде (ТМД елдерінде барлығы 1500 ескерткіш бар) ең үлкені Ақтау қаласында. Осы ескерткіш алдында ұлы ақынның құрметіне митинг өтті. Оған қонақтардан басқа Ақтау қаласының әкімі С.Тұрымов, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары С. Алдашев және Маңғыстау облысының ҚХА хатшылығының меңгерушісі Г.Исмурзина қатысты.

Митингтен кейін делегаттар «Достық үйіне» келді. Этномәдени бірлестік өкілдері мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қонақтарды аса қонақжайлылықпен қарсы алды. Қазақтың ұлттық бауырсағы мен шұбатынан дәм таттырды. Достық үйі мен облыстағы ҚХА жұмысын таныстырды. Мұражайдағы 21 этномәдени бірлестіктің көрнекі жәдігерлерін көрсетті.

Юрий Тимощенко мен Владимир Джиджора мұражайдағы «Тілек кітабында» қолтаңбаларын қалдырды.

«Біздің қонақтар таң-тамаша болды. Украинада  бұндай жоқ, бұл тәжірибе оларды қызықтырары анық. Этностардың көптігіне қарамастан, оларға бірдей орын, бірдей жағдай жасалған. Біз әдістемелік кабинеттер мен көрмеде болдық. Сондай-ақ, делегаттар мемлекеттік тілді меңгеру тәжірибесіне, яғни мемлекет тарапынан оқытушыға жалақы берілетініне, тіл үйренушіге барлық жағдай жасалғанына  таң қалды», - дейді өз сөзінде Ю. Тимощенко.

Делегаттардың соңғы барған жері Абай атындағы мәдени-демалыс кешені болды. Кешенде халық шығармашылықтарының көрмесі өтіп, Т. Шевченконың 203-жылдығына арналған концерт ұйымдастырылды.

 

 

Кейін қарай