Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Мамыр, 2016

1023

«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» Халықаралық форумы

«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумының екінші күні үш жүздің басын қосқан Ұлытау жерінде жалғасты. 30 мамыр күні барлық делегаттарды Ұлытау ауданының әкімі Х.Омаров бастаған ұлытаулықтар «Бірлік» монументінің алданда қарсы алды. Қанға сіңген әдетінен жаңылмаған аудан тұрғындары келген қонақтарды дәм-тұзымен, ас-суымен қарсы алды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Абдрахманов өз сөзінде Ұлт кіндігі – Ұлытауда өткен хандар жиынын, көрегендігімен дау шешкен билердің тау қатпарларында қалған іздері жайлы сыр шертті.

Мұнан кейін қонақтар «Таңбалы тас» алаңында болды. Еліміздің барлық өңірінен келген меймандар көшет отырғызып, қолтаңбаларын қалдырды.

Ұлытаудың мақтан тұтар ескерткіштерінің бірі «Бес арыс» мемориалдық кешені. Бұл жерде Алаш зиялылары А.Байтұрсынов, М.Шоқай, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, С.Жанайдаровқа арналған ескерткіштер қойылған. Ұлт болашағы, азаттық жолында құрбан болған арыстар бір минут үнсіздікпен еске алынып, рухтарына дұға бағышталды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ауданды көгалдандыру мен абаттандыруға қатысты 25 игі іс атқару жоспарланған. Жоспар аясында және 1 маусым балаларды қорғау күніне орай бүгін «Өркен» бала-бақшасы жанынан балалар ойын алаңы ашылды. Жүздері бал-бұл жайнаған бүлдіршіндерді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.В.Жұмаділдаева құттықтады.

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғат қорық-мұражайындағы Хандар алаңын меймандар үлкен қызығушылықпен тамашалады. Алыс-жақын шет елдерден, Қазақстанның барлық облысынан келген форум қонақтары Кенесары хан ескерткіші алдында естелікке суретке түсіп, мұражайды аралады.

Хан ордасы - Ұлытау өңіріндегі жаздық хан ордасы. Бұл ордада қазақтың бірнеше ханы тақта отырған. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бастаған игі жақсылар Абылайды осы ордада ақ киізге көтеріп, хан сайлаған. Ал 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа осы Хан ордасында құрмет көрсетілген. Бүгінде ол тақ аудан орталығындағы мұражайда сақтаулы. Құнды деректерді меймандарға Ұлытау мұражай-қорығының директоры Б.Қожахметов жеткізді.

Ұлытау жері тарихи ескерткіштерге толы. Әрбір тасы мен самал желі де  тарих тұңғиығынан сыр шертіп тұрғандай. Жыл сайын мұнда отандастарымыздан бөлек, шетелдіктер де экскурсияға ағылып келіп жатады. Барлығының мақсаты бір – Хандар мекенін тамашалап, алған әсерімен бөлісу. Форум делегаттары да қасиетті мекенді аралап, өткенге тағзым етті.

 «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» Халықаралық форумы делегаттарының Ұлытауға сапары осы жерде тәмәмдалды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Л.А.Прокопенко Ұлытау жұртшылығына қонақтар атынан алғысын білдірді. 

   

   

   

   

Кейін қарай