Қазақстан халқы Ассамблеясы

17 Мамыр, 2016

1037

«Тіл - татулық тірегі» атты республикалық жастар форумы

Петропавлда қазақ тілінде таза сөйлейтін өзге ұлт өкілдері бас қосты. Кездесудің ерекшелігі де осы. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қыз-жігіттер аталған іс-шарада мемлекеттік тілді дамытудағы өзекті мәселелер мен оның қазіргі жай-күйін талқылады. Форумды ашқан облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова бұл жастардан үлкен үміт күтетінін жеткізді. 
Анархан Дүйсенова - СҚО әкімінің орынбасары:

-Тәуелсіз елдің ұрпағы қазақ тілін қастерлеп, болашаққа нық қадаммен алға басу керек. Жастар ата-бабаларының ізін жалғайтындарына сенемін.

Феруз Намет Қазақстанның Жаркент қаласында туып-өскен, ұйғыр ұлтының өкілі. Қазір ол №6637 әскери бөлімінде бақылаушы маман. Жас жігіт қазақ, орыс, ұйғыр, қырғыз және өзбек тілдерінде еркін сөйлейді. Болашақта ол неміс тілін үйренуді де жоспарлап отыр. Өйткені, сарбаздың ата-анасы қытай, француз және украин сынды 12 тілді білетін полиглоттар екен. Әр тілді меңгерген сайын сол ұлтқа жақындай түсесің, - дейді Феруз.
                Ал Нигара Пайзиева өзбек қызы. Өзге этностың өкілі болса да, қазақ тілін жетік меңгерген нәзік жанды ару. Отбасында отанасы кішкентай ұл-қыздарымен мемлекеттік тілде сөйлеседі. Өйткені Отанға деген сүйіспеншілік, тілге деген құрмет отбасынан басталады дейді ол.

-Мен балабақшада жұмыс жасаймын. Жас ұрпақты тәрбиелеймін. Негізі отансүйгіштік пен еліңе деген құрмет отбасынан басталады. Мәселен, біз отбасымызда қазақша сөйлесеміз, бірақ ана тілімізді де балаларымызға үйретеміз. Дегенмен қазақша сөйлеу маған жеңіл. Ойымды жеткізу оңай. Өйткені, қазақ тілі де менің тілім.

Бұл елімізде өткізіліп жатқан 7-ші форум. Бұған дейін мұндай іс-шара Қостанай, Риддер, Астана мен Шымкент қалаларында ұйымдастырылыпты.

Толқын Исакова - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің басқарма басшысы:

-Форумның мақсаты - республикадағы мемлекеттік тілді меңгерген этнос жастарына қолдау көрсету, оның қолданыс аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау. Мемлекеттік тіл - татулықтың, достықтың тетігі, халықты біріктірудің маңызды факторы екенін өскелең ұрпаққа ұғындыру болып табылады.

Жалпы бұл жиынға еліміздің батысы мен шығысынан, оңтүстігі мен солтүстігінен және орталық Қазақстаннан 60-қа жуық делегат қатысты.

   

 

Әйгерім Ержанова

Кейін қарай