Қазақстан халқы Ассамблеясы

14 Желтоқсан, 2015

942

Тілім басқа тілегім бір!

Көкшетау қаласындағы Достық үйінде «Шаңырақ» тілдерді оқыту орталығы жемісті еңбек етуде. Өскелең ұрпақ өкілдерін қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мақсатын көздеген бұл мектептің жұмысының басты бағыты  ұлттар арасындағы достық пен келісімнің сақталуына үлес қосу болып табылады

Көкшетау қаласындағы Достық үйінде «Шаңырақ» тілдерді оқыту орталығы жемісті еңбек етуде. Өскелең ұрпақ өкілдерін қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мақсатын көздеген бұл мектептің жұмысының басты бағыты  ұлттар арасындағы достық пен келісімнің сақталуына үлес қосу болып табылады. Бұл тіл ұстарту мектебі «Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығының жанынан 2010 жылы құрылған болатын. Қазақ, орыс, неміс, татар, поляк, кәріс, ингуш және армян тілдерін оқып, үйрену үшін мұнда 9 топ жұмыс жасайды. Оқыту бастапқы  және жалғастырушы деген екі топқа бөлініп жүргізіледі. Мектепте әр ұлт өкілі өзі қалаған тілді меңгерумен қатар, сол ұлттың тарихы, мәдениеті, өнері, салт-дәстүрімен де танысады. Мұндағы барлық топтар өзінің құрамы жағынан интернационалды болып келеді. Бүгінгі таңда мектепте облыс орталығындағы жалпы орта және кәсіби білім беретін мекемелер мен жоғары оқу орындарынан жалпы саны 200-дей бала әр түрлі тілдерді меңгеріп жүр. «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебі Көкшетау қаласының этно-мәдени бірлестігімен тығыз байланыста. Мектеп оқушылары мемлекеттік мерекелермен қатар, өзге ұлт өкілдерінің ұлттық мейрамдарын тойлауға да белсене қатысып, ол этнос жөнінде алған теориялық білімдерін толықтырады. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен жексенбі күні аталмыш мектеп оқушыларының арасында «Жайнай бер, Қазақстан» атты байқау ұйымдастырылып, тіл меңгеріп жүрген жас дарындардың жетістіктері сараланды. Әр ұлттың тілінде айтылған әндердің тақырыбы бір болды. Ол –елге, жерге деген сүйіспеншілік пен Отанға деген құрмет. Тілі басқа болса да тілегі бір жеткіншектер бар өнерлерін ортаға салып, жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Әділ қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Гран при иегері болып кәріс тілін меңгеріп жүрген Қазбекова Алина мен Сатқанова Камила иеленіп, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының алғыс хаттарымен және сыйлықтарымен марапатталды.

Мектеп әдіскері Күлтай Кәрімжанова өз сөзінде тіл үйренуге қызығушылық танытушылар санының жылдан-жылға артып келе жатқандығын айтады. Ендеше, жас ұрпақ өкілдерін толеранттылыққа тәрбиелеп отырған бұл мектептің жұмысына біз де табыс тілейміз.

«Қоғамдық келісім»

мекемесінің баспасөз орталығы

 

Кейін қарай