Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Қазан, 2017

3628

«Тотыдай таранған Таразым»

2017 жылдың 6 қазанында «Қала күні» мерекесіне орай «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында «Тотыдай таранған Таразым» атты мерекелік іс-шара өтті. Аталған концертті тамашалауға 2000 жылдық тарихы бар киелі шаһар тұрғындары, қала қонақтары мен облыс аумағында тұратын этномәдени бірлестік мүшелері жиналды.

Мерекені Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаева құттықтау сөзімен ашты: «Ұлы Жібек Жолының бойында Отырар, Испиджаб, Яссы, Сауран және басқа да көне қалалар өсіп, өркендегені белгілі. Олардың әрқайсысы еліміздің саяси және экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Осы орайда, Қазақстанның ең көне шаһарларының бірі – Тараздың алар орны ерекше деп ойлаймын. Қаламызды ертеректе ұлы ақындар «Дала гүліне» теңеген. Қазіргі таңда, кішкентай, жанға жайлы, жасыл қаламыз күннен-күнге көркейіп келеді. Барлық тұрғындарды Қала күнімен шын жүректен құттықтай отырып, әр азаматтың еңбегінің арқасында Тараз гүлдене береді деген сенімдемін».

Әр елдің салты басқа. Оларды бір-бірінен ерекшелеп тұратын ғасырлар бойы сақталып, дәріптелген салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері Жамбыл облысында тұратын этностарда баршылық. «Тотыдай таранған Таразым» мерекелік іс-шарасының сәнін келтірген де осы шеберлердің бұйымдары. Қырғыз, дүнген, неміс, грек, өзбек және басқа да этнос өкілдері көрме ұйымдастырып, қала тұрғындарының назарына ұсынды.

Іс-шара этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен мерекелік концертке ұласты. «Үкілім», «Гунча» би топтары, «Поющие сердца» ансамблі, дүнген қызы Феруза Мусаева және татар-башқұрт ЭМБ өкілі Рузалия Ахметшина Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының барлық іс-шараларына үнемі белсене атсалысатыны белгілі. Ал қала күніне арналған концертте олардан бөлек, Тараз жұртына танымал «Әдемі-Ай» дуэті әсем әнін тарту етсе, «Вынхуа» дүнген ЭМБ «Юнчи» триосы «Көне Тараз» күйін орындап, жиналғандарды өз өнерімен тәнті етті.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі

Дата события ассамблеи: 09.10.2017

Кейін қарай