
06 Қазан, 2016
1179
«Ырыс алды - ынтымақ» форумы
Орал қаласының Достық үйінде «Ырыс алды - ынтымақ» форумы ұйымдастырылып, онда өңір ақсақалдары жастарға өз аманаттарын жеткізді.
«Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Александр Әжіғалиевтің айтуынша, аталған іс-шара ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткенді таразылап, келешекті бағдарлап, ой-пікір алмасу бағытында ұйымдастырылды. Бұл ретте аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесі жастар үшін ерекше құнды.
Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы ақсақалдар алқасының төрағасы, өңірде басшылық қызметтер атқарған Рахметолла Сүйербаевтың атап өткеніндей, өмірлік тәжірибесі бай, ерлігі мен еңбегі қатар өрілген ардагерлер жастармен ұдайы кездесіп тұрады. «Біз Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыртпалықты, одан кейінгі қиыншылықтардың бәрін бастан кешірдік. Сонда да білім алып, көздеген мақсаттарымызға қол жеткізе білдік. Ең бастысы, аға буын өкілдері Отанға, халқына адал болды, әділдік пен тәртіпті ту етті. Өкінішке қарай, халқымыздың ХХ ғасырдағы өткен жолдары, аштық, соғыс, саяси қуғын-сүргін сынды нәубеттер толық ашылып, жазылып болған жоқ. Сондықтан жас ұрпақ сол кезеңнің көзі тірі куәгерлерінен тарих жылнамасына қажетті деректерді алып қалуы керек», - деді Р.Сүйербаев.
Соғыс және прокуратура ардагері, Мәскеудегі 1945 жылғы Жеңіс шеруіне қатысқан Иван Гапич майдангерлер қатарының күн санап селдіреп бара жатқандығын жеткізді. Тағы бір майдангер, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Хамза Сафин Отанын сүйіп, өз елінің өркендеуіне үлес қосу әр азаматтың борышы екендігін атап көрсетті. «Біз патриотизм туралы көп айтамыз. Әңгіме тек насихатта ғана емес, әңгіме әр адамның өз Отанына, еліне өмірін арнап, қалтқысыз қызмет ете білуінде. Қазақстан бізсіз өмір сүре алады, бірақ біз Қазақ елінсіз өмір сүре алмаймыз. Ұлтына қарамастан, елімізде әр адамның өмірден өз орнын табуына барлық жағдай жасалып отыр. Елбасымыз бастаған сара жолмен жүріп, бірлігімізді ту ете алсақ қана барша арман-мақсатымызға қол жеткізе аламыз», - деді Х.Сафин.
Форумда сондай-ақ шешен ұлтының өкілі болса да, қазақ тілінде туындылар жазып жүрген қаламгер, Бөрлі ауданының құрметті азаматы әрі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұхтар Бокаев, корей және әзірбайжан этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Григорий Те, Алибала Мирзоев сынды ардагерлер өз ойларымен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін аяп қалған жоқ.. Жиналған қариялар Отаным деп соққан жүректеріндегі сезімдерін оздерінің еңбектері, Отан үшін фашистпен шайқасқан күндері, кішкентай бала болса да ескі вагонның ішінде ата-аналарын жоғалтып, жер аударылғандары туралы әңгіме қозғап, жастардың сұрақтарына жауап берді. Жастарымыз Қазақ елінің тарихын қалаған тұлғалардың әңгімелерін ұйып тыңдады. Кездесу өте жылы да шырайлы өтті. Кездесуде жастар қойған сұрақтар да қариялар үшін маңызды болды, «Ағалар, сендер бізге сенесіздер ме?» деген сұраққа өмір көрген қарияларымыздың бірі көзіне жас алып: «Айналайын, үйдегі балаларыма, немерелеріме өз ұрпағым деп сенемін, ал Отанымды соғыста қорғап қалған халықтың ұрпағына қалай сенбеймін, әрине сенемін» деді.
Кездесу соңында жастар жыр оқып, қүй орындады, әннен шашу шашып, кішігірім сыйлықтарын табыс етті.
БҚО «Қоғамдық келісім» КММ – нің баспасөз қызметі
Ұқсас жаңалықтар
-
Астанада «Вайнах» қауымдастығының белсенділері марапатталды
-
Алена Жапониядағы жарыстан жеңіспен оралды
-
«Жаңа толқын – Өзгерістер энергиясы» атты ҚХА жастар форумы өтті
-
Алматы қаласында V Республикалық Ақсақалдар кеңесінің форумы өтті
-
Алматыда ҚХА Аналар кеңесінің төрағаларына арналған тренингтер аяқталды
-
ҚХА республикалық этномәдени бірлестіктерімен өзара іс-қимылына жауапты ретінде С. Пономарёв тағайындалды
Ұқсас жаңалықтар
-
Астанада «Вайнах» қауымдастығының белсенділері марапатталды
-
Алена Жапониядағы жарыстан жеңіспен оралды
-
«Жаңа толқын – Өзгерістер энергиясы» атты ҚХА жастар форумы өтті
-
Алматы қаласында V Республикалық Ақсақалдар кеңесінің форумы өтті
-
Алматыда ҚХА Аналар кеңесінің төрағаларына арналған тренингтер аяқталды
-
ҚХА республикалық этномәдени бірлестіктерімен өзара іс-қимылына жауапты ретінде С. Пономарёв тағайындалды