Қазақстан халқы Ассамблеясы

19 Қыркүйек, 2019

1463

Қызылорда облыстық әкімдігі аймақтық Ассамблеяға материалдық-техникалық қолдау көрсетеді

Қызылордадағы Достық үйінде облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен «Бейбітшілік пен келісім формуласы: бірлік және жаңғырту»атты аймақтық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясы өтті.

Аймақ басшысы атап өткендей, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен әр түрлі форматтағы жүзге жуық іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді.

«Сыр елі - достық мекені» жобасы аясында этномәдени бірлестіктердің қатысуымен 30-дан астам іс-шара ұйымдастырылды. Облыстық Ассамблеяның қолдауымен Байқоңыр қаласының әкімшілігі ұйымдастырған «Халықтар достығы» ұлттық мәдени фестивалі өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында Елбасы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, Қазақстан халқы Ассамблеясына медиация институтын пайдалана отырып, туындаған даулы мәселелердің алдын алуды және дер кезінде шешуді қамтамасыз етуді тапсырды. Біздің облыста бітімгершілік рәсімдер саласын кеңейтуге бағытталған  жұмыстар жасалуда, медиаторлар саны өсуде. Достық үйінде және барлық аудан орталықтарында медиация кабинеті ашылды», деді аймақ басшысы.


Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының XXI сессиясында берілген тапсырмаларға сәйкес, қайырымдылыққа ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, жыл басынан бері меценаттардың қолдауымен 798 қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылып, 25 мыңға жуық адам 270 миллион теңгеден астам сомаға көмек алды.

Облыстық ассамблея «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы және «Сыр елі – достық мекені» этномәдени бірлестіктерінің Мәдениет күндері сияқты жобаларды табысты жүзеге асыруда. Достық үйінің тілдерді оқыту кабинетінің, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының корей тілін оқыту орталығының жұмысын ерекше атап өтуге болады.


Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымында Қоғамдық келісім кеңестері маңызды буын болып табылады. Қызылорда облысында 2 қалалық, 7 аудандық және 155 кенттік және ауылдық қоғамдық келісім Кеңестері жұмыс істейді. Олар өз отырыстарында жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді қарастыра отырып, қоғамдық бақылау функцияларын орындайды, елді мекендерді абаттандыруға, қайырымдылықты, меценаттықты, еріктілікті, медиацияны дамытуға бағытталған қоғамдық маңызы бар іс-шаралар мен игі істерді ұйымдастырушылар болып табылады. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметін қамтамасыз ету бойынша Жол картасын әзірлеп, жүзеге асыруда.

Аймақ басшысы аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдерінің назарын Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын қолдау, жергілікті қоғамдастықтардың өзекті мәселелерін шешуде олардың рөлін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажеттігіне аударды.


Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерін аккредиттеу процессі басталып кетнкені белгілі. Осы тұрғыда аймақтық әділет органдарында тіркелген 11 этномәдени бірлестіктердің 6-ы аккредиттелді. Екі этномәдени бірлестік аккредиттеу рәсімінен өтуде. Қалған бірлестіктер белсенділік танытпауда. Осыған байланысты облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ этномәдени бірлестіктерге ұйымдастырушылық және әдістемелік көмек көрсетуді қолға алуда.

Өз тарапынан облыс әкімдігі облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, Достық үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, қоғамда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар мен жобаларды өткізуге қаржы бөлуге қолдау көрсететін болады.

Сессияда әкімдер, ҚХА мүшелері, оқытушылар мен мұғалімдер, белсенді жастар сөз сөйлеп, бейбітшілік пен келісімді нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу, қоғамдық даму мәселелері бойынша өз пікірлерімен бөлісті.


Мысалы, Ислам Ғұбанов атап өткендей, облыстық Ассамблеяның қолдауымен шешен халқының жер аударылуының 75 жылдығына орай шешен Республикасымен достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған «Батыс ағын» бірлескен жобасы жүзеге асырылуда.

Нұрсәуле Мұсаева өскелең ұрпақты тәрбиелеуде отбасы, ата-ана рөліне, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шараларына баса назар аударды.

Өз кезегінде Ольга Сивцова еріктілерді даярлау орталықтарын құру, әлеуметтік желілерде волонтерлік инфрақұрылымды құру қажеттілігі, азаматтардың, әсіресе студенттер мен оқушылардың ерікті қызметке қатысуын кеңейту қажеттілігі туралы айтты.

Кейін қарай