Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Наурыз, 2022

438

Қызылордада «Алғыс айту – азаматтық парыз» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

1 наурыз – Алғыс айту күні Достық үйінде Қызылорда облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-ның ұйымдастыруымен «Алғыс айту – азаматтық парыз» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық этномәдени бірлестіктердің және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы құрылымдарының жетекшілері мен белсенділері, зиялы қауым өкілдері, қала және аудан тұрғындары (онлайн-байланыс арқылы) қатысты.


Дөңгелек үстел модераторы, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова Алғыс айту күні, ең алдымен, тағдырдың жазуымен қоныс аударған этностар өкілдерінің берекелі мекеніне айналған Қазақстанның қасиетті жеріне деген құрмет, адамдардың бір-біріне деген ілтипат білдіретін күні екенін атап өтті.

Алғашқы баяндаманы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев жасады.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының қоғамдық бастамадағы орынбасары, неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ирина Шек өз баяндамасында этнос өкілдерінің асыға күтетін мейрамдарының бірі – Алғыс айту күні екенін атай отырып, бұл күннің ұлтты біріктірудегі орасан зор маңызын атап өтті.

Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылының тұрғыны, зейнеткер Жұмакүл Тілеубаева медицина қызметкерлерінің ерен еңбегін атай отырып, өзінің жүрек ауруынан емдеген дәрігерлерге, сондай-ақ барша ақ халатты жандарға алғысын білдірді.

Осыдан 5 жыл бұрын құрылған «Волонтеры Кызылорды» қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Чебакова волонтерлерлік қозғалысы жұмысының басталуы туралы айтып, азаматтардың шынайы тілектерімен, жұмыс нәтижелерімен және т.б. бөлісті.

«Мансап» мектебінің директоры София Абдуразакова өз сөзінде «қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресін» қағидатын басшылыққа ала отырып, меценаттарға алғысын білдірді.

30 жылдық тәжірибесі бар донор Лямига Хамзина донор ретінде қан тапсырып, халық алғысына бөленіп жүрген азаматтар туралы айтты.

Облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі басшысының орынбасары Лайла Пашаева шешен халқының атынан Қазақстанға және қазақ жеріне алғыс білдірді.

Ал Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Журналистика» мамандығының 3-курс студенті, Президенттік стипендия иегері Азамат Абимолда журналистика мамандығының қыр-сыры, азаматтық ұстанымдары мен мамандыққа адалдық туралы айтып берді.

Дөңгелек үстел пікір алмасумен жалғасты.

Кейін қарай