Қазақстан халқы Ассамблеясы

08 Қазан, 2018

1594

Өзбек этномәдени орталығының жастары Жолдауды қолдайды


 

Ағымдағы жылдың 7 қазанында Астана қаласындағы Достық үйінде өзбек этномәдени орталығының «Астана Ёшлари» жастар қанатының отырысы өтті.

Отырыста Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы талқыланып, жастар қанатының жылдық жұмысының қорытынды есебі жасалды.  

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы  М. Споткай, Астана қаласының өзбек этномәдени орталығының төрағасы, ҚХА мүшесі және ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Ш. Пулатов, төрағаның жастар ісі жөніндегі орынбасары, Теміртау қалалық Мәслихат депутаты, кәсіпкер Ф. Курбанов және өзбек жастарының белсенділері мен Астана қаласының ЖОО студенттері қатысты.

Отырыс модераторы Шерзод Пулатов қатысушыларды Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауымен таныстырып, жалпы Қазақстан халықтарының Жолдауды бірауыздан қолдап отырғанын жеткізді.

«Бізге этносаралық келісімді сақтап, Отанымызда бейбітшілік пен тұрақтылықтың нығайюына күш жұмылдыру керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне белсенді қатысып, барымызды бағалауға және оны көбейтуге, сонымен қатар Жолдауда көрсетілген тапсырмалардың жүзеге асуына қарекет етуге тиістіміз. Келесі жыл Қазақстанда «Жастар жылы» болып жарияланды. Мен ел жастары Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін іске асыруға белсенді түрде қатысатынына сенімдімін және біз алдағы уақытта басты мақсаттарымызға қол жеткізіп, дамыған отыз мемлекеттің қатарына кіреміз деген ойдамын», — деді Ш. Пулатов.

Осыған орай этномәдени орталықтың жас мүшелерінің алдына келесі жылға жоспар құрып, оны тиімді жүзеге асырудың жолдарын қарастыру ұсынылды.

«Жаңғыру жолы» ҚХА жастар қозғалысының төрағасы, ҚХА мүшесі Максим Споткай Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асырудағы жастар қозғалысының рөлі туралы айтып берді.

«Бүгінде «Жаңғыру жолы» қозғалысы «Жастар жылын» өткізудің Жол картасын әзірлеуге кірісті. Бұл — іс-шаралардың үлкен жоспары. Осы кездесуде бірнеше қызықты ұсыныстар айтылып жатыр. Біз өзбек этномәдени орталығымен бірге өсіп келе жатқан ұрпақ үшін пайдалы бірқатар жобаларды жүзеге асырудамыз. Келесі жыл Қазақстан жастарының жылы болып жарияланды. Әрине, бұл тәуелсіздік тарихында теңдесі жоқ өскелең ұрпақты қолдау шарасы. Келесі жыл әрбір жас қазақстандық үшін маңызды болмақ. Жүздеген нақты жобалар жүзеге асырылып, жастарға қолдау көрсету шаралары іске асырылатын болады деп сенемін. Бұл жыл сөз емес, іс жүзінде «жастар» жылы болуға тиіс. Ақыр соңында жаңа ұрпақтың көптеген әлеуметтік және экономикалық мәселелері өз шешімін табады деп сенемін. Олардың ішінде жұмысқа орналастыру, қол жетімді сапалы білім алу, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері өз шешімін таппақ. Менің ойымша, барлық жастар көшбасшылары мен ұйымдар осы жұмысқа белсенді түрде қосылады», — деп М. Споткай өз ойымен бөлісті.

Сонымен қатар спикер «Жастар жылы» Жол картасына қатысты республика бойынша өңірлердегі жастарға ұсыныстар мен өз жобаларын ұсынуға тапсырма берілгенін айтып өтті.

«Астана Ёшлари» жастар қанатының зияткерлік тобының жетекшісі, Назарбаев Университетінің студенті Үмітжан Рахманқұлов Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына қатысты өзбек жастарының пікірімен бөлісіп, жастар жобасымен таныстырды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, біз қазақстандық жастардың зияткерлік деңгейін және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыра аламыз. Мысалы, біз ұсынып отырған «ҚХА Business Case Cup» жобасын іске асыруға белсенді қатысуға, сондай-ақ бизнестің түрлі салаларындағы табысты кәсіпкерлердің қатысуымен бірқатар кездесулер мен семинарлар өткізуге дайынбыз. ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығы бізді осы бастамаларда қолдайды деп үміттенемін», — деді ол өз кезегінде.

ҚХА өз кезегінде қазақстандық жастардың тың жобаларын үнемі қолдап, оған демеушілік көрсетіп отырады. Оған «Жастар энергиясы — бірлік энергиясы» форумы аясындағы стартап алаңы дәлел.

Сонымен қатар отырыс барысында «Астана Ёшлари» жастар қанатының белсенді мүшесі Сардор Юлдашев Астана қаласының өзбек этномәдени орталығының жұмысына қатысу тәжірибесімен бөлісті: «Өзбек этномәдени орталығының  жанындағы  «Астана Ёшлари» жастар қанатында қазіргі күнде сексеннен артық белсенді жастар бар. Олар бірнеше тармақтарда  жұмыс атқарады, білім, мәдениет және спорттық республикалық және қалалық іс-шараларға белсенді қатысады.

2018 жылдың сәуір айында Ақмола облысында өткен «Жастар синергиясы» жастар лагеріне қатысып, үлкен жетістікке жеткен тұлғалармен кездесіп, олар бізбен өздерінің табысқа жету сырларымен  бөлісті. Мен содан қанаттандым десем, артық айтқандығым емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы маған көп нәрсені үйретті. Біз, яғни, Қазақстан жастары мемлекетке, халыққа керек екенімізді сезіндік және біздің мойнымызға үлкен жауапкершілік артылса, оны толығымен жүзеге асыра алатынымызды дәлелдедік. Сол үшін де үздіксіз білім алып, үнемі ізденісте болуы керек екенімізді білдім», — деді ол.

Жастар қанатының жылдық есебімен белсенді жастардың бірі, этномәдени орталықтың «Астана Ғунчалари» ансамблінің мүшесі Мұхтарамхон Мамадалиханова отырыс барысында:

«Ассамблеяның ұйымдастырып жатқан жобаларына, шараларына қалтықсыз үлес қосуға аянып қалмаймыз. Қазақстанда тұрып жатқан халықтарға қамқорлық жасалып жатқаны — адам жанына жылылық ұялатады. Соған орай біздің орталық этникалық тұтастық пен өзбек ұлтының мәдениеті мен тілін сақтауды, оны дамытуды көздейді. Ұрпақтан ұрпаққа аман етіп жеткізуді мақсат етеді. Ол үшін бізге барлық жағдай жасалып отыр. Соны дұрыс пайдалана білсек деймін.

Қазақстандағы этникалық топтардың бірі ретінде рухани жаңғыруға өз үлесімді қоссам деймін. Оны менің замандастарым қолдайды. Біздің жастар қанаты еліміздің саяси, әлеуметтік және басқа да құқықтарын жүзеге асыруды және қорғауды мақсат етеді. Осыған қоса ұлттық сананы, дінді, этникалық салт-дәстүрлерді және қазіргі заманғы бастамаларды дамытуды да мақсатымызға айналдырдық.

Жалпы орталық ұлттық  мәдениеттің бастапқы элементі ретінде өзбек тілінің колдану аясын кеңейту және дамыту, тілді қорғау үшін кешенді және мақсатты түрде жұмыс атқару бағыттарын негізге алып жұмыс істейді.  

Менің түсінігімде ұлттар қай мемлекетте өмір сүрсе де, өзінің тілін, дінін, ділін, мәдениетін, тарихын, шығу тегін ұмытпай, қастерлеп, атадан балаға шынайы қалпын жоғалтпай жеткізуі керек.

Орталық жастары барлық мерекелік іс-шараларда белсенді қатысады. Елбасымыздың Жолдауында айтылғандай, алдағы 2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланғаны бізді одан да көп шабыттандырды. Мен бірлігі жарасқан еліміздің бір мүшесі ретінде бұдан да жоғарғы жетістіктерге жете алатынымызға сенімдімін», — деп сөз қозғады.

Отырыс соңында өзбек жастары қанатының жаңа басшылары тағайындалып, жастар қанатының алдағы кезеңге арналған міндеттері нақтыланды және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының Жол картасына ұсыныстар енгізуге тапсырма берілді.

Астана қаласының өзбек этномәдени орталығының жауапты хатшысы болып Қаржы академиясының студенті Максадбек Абдужаббаров, «Астана Ёшлари» өзбек жастар қанатының жетекшілігіне Астана Медицина Университетінің студенті Сардор Юлдашев тағайындалды, ал оның орынбасарлары болып Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері Мухтарам Мамадалиханова және Зулайхо Курбанова сайланды. Сонымен қатар ақпараттық топтың жетекшісі болып Асаль Тәжібаева бекіді.

Отырыс соңында Ш. Пулатов «Астана Ёшлари» өзбек жастар қанатының белсенділерін марапаттау рәсімін өткізді.

«Астана Ёшлари» жастар қанатының алдыңғы басшылары Шахноза Аббозкизи мен Фарангиз Ахмедоваға мерейтойлық медаль табысталып, өзбек этномәдени орталығының белсенділеріне алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар берілді. 

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

Дата события ассамблеи: 08.10.2018

Кейін қарай