Қазақстан халқы Ассамблеясы

14 Ақпан, 2020

3331

Ж. Түймебаев ҚХА алдындағы маңызды тапсырмалар бойынша жиналыс өткізді

14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев ҚХА алдындағы маңызды тапсырмалар бойынша селекторлық режимде жиналыс өткізді.

Жиналысқа әлеуметтік салаға жетекшілік ететін өңірлік әкімдердің орынбасарлары, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту департаментінің директоры, сондай-ақ облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары ҚХА Хатшылықтарының меңгерушілері қатысты.
Жиын барысында Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою және болашақта мұндай кикілжіңдерді болдырмау бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жергілікті атқарушы органдардың атқаратын басты міндеттері жайлы айтылды.
Мемлекет басшысының Үкіметке халықты сабырға шақырып, екі жақпен келісім орнату және татуласу жұмыстарының Қазақстан халқы Ассамблеясымен және ақсақалдармен бірлесе орындалуы тиіс тапсырмасы атап өтілді.
Аталған тапсырманы орындау мақсатында құрамында ҚХА мүшелері – Ассамблея Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ш.Хахазов, «Қазақстандағы дүнгендер қауымдастығы» ҚБ төрағасы А.Войнце бар Жамбыл облысы Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы жұмыс жасауда.
Үкімет комиссиясының жұмысы аясында Масаншы, Ауқатты, Сортөбе, Бұлар батыр, Бәйтерек, Қарасу, Қаракемер ауылдарының тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылды.
9 ақпаннан бастап оқиға салдарынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мақсатында этномәдени бірлестіктердің «Жақыныңмен бірге бол!» республикалық қайырымдылық акциясы өтуде.
10 ақпанда құрылған Масаншы, Ауқатты, Сортөбе, Бұлар батыр, Бәйтерек, Қарасу, Қаракемер ауылдарындағы қазақтар мен дүнгендердің қатысуымен қоғамдық келісім кеңесі өз жұмысын бастап кетті.
Еліміздегі барлық достық үйлерінде этномәдени бірлестіктердің белсенділерімен кездесулер ұйымдастырылды.
Жағдайды тереңінен зерделеу мақсатында Қордай ауданына ҚХА ғылыми-сарапшылық топтары жіберілді.
Жақын арада ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізу жоспарлануда.
ҚХА Төрағасының орынбасары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен өңірлердегі ҚХА хатшылықтарына Жамбыл облысы Қордай ауданындағы кешенді жұмысты жалғастыру керектігін, әкімдіктерге қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын күшейту керектігін атап өтті.
Сондай-ақ, ол профильді барлық министрліктер мен ведомстволар тарапынан да этносаралық қатынастар саласындағы жұмыстардың қажеттілігі және өкілетті мемлекеттік орган тарапынан олардың жұмыстарын үйлестірудің маңыздылығы жайлы айтып өтті.
Этностар шоғырланған шағын жерлерде құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметкерлер үшін оқыту семинарларын ұйымдастыруға баса назар аударылды.
Сонымен қатар жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылдағы жұмысының жоспары қарастырылды.
Ж.Түймебаев ұйымдастырылатын іс-шараларды салтанатты түрде өткізуден бас тартып, нақты халықпен жұмыс істеуге шақырды.
Іс-шаралар тәжірибелік нәтижелерге қол жеткізуге бағытталып, жалпыұлттық бірлікті нығайтуға көмектесуі тиіс.

Кейін қарай