Қазақстан халқы Ассамблеясы

06 Наурыз, 2020

1988

Ж.Түймебаев: Конституция мен ҚХА – ел дамуындағы екі ұлы құндылық!

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциялық кеңестің ұйымдастыруымен «Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясы – тұрақтылықтың, жаңғыру мен бірліктің іргетасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтуде. Оған Ассамблея Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов және Конституциялық кеңес мүшелері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысуда.

Айта кету керек, аталмыш шара Конституцияның және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25-жылдық мерейтойларына орай ұйымдастырылған болатын.

«Осыдан жиырма бес жыл бұрын, Ассамблеяның бастамасымен өткен республикалық референдумда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, ел өмірінің жасампаз жаңа дәуіріне қадам басты. Тәуелсіздігіміздің тірегі болған Ата заңымыз – мемлекет пен қоғамда орын алған барлық қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамудың бастауына, қозғаушы күшіне айналды.

Осы уақыт ішінде Конституциямыздың арқасында әлем Қазақстанды демократиялық, зайырлы, әлеуметтік және құқықтық мемлекет ретінде таныды.

Қазақстан Республикасының Конституциясы елдік мақсат, елдік мүдде, елдік құндылықтар айналасында ұйысқан азаматтық қоғам құруға, қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастыруға негіз болды. Осылайша, Қазақстанның мемлекеттік ұлттық саясаты қоғамдық келісім конституциялық қағидасына негізделе отырып, жалпы адамзаттық тұжырымдарға сәйкес халықтың біртұтастығын қалыптастыруға бағытталды. Ел бірлігінің іргетасын бекітті», - деді жаңа Конституцияның қабылдануымен Ассамблеяның құрылуы Қазақстан тарихында тәуелсіздіктің табысты жетістігі ретінде бір-бірімен өзара байланысты тағдыршешті оқиға болғанын айтқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Қансейітұлы.


«Қызметінің ширек ғасырлық межесіне жетіп отырған Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы – тұрақтылықтың, өркендеудің және жаңғырудың берік іргетасына айналған ел дамуындағы екі ұлы құндылық.

Тұңғыш Президентіміз - Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. Ол – жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан!».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев этносаралық қатынастардың тұрақтылығын ел дамуының басымдықтарының бірі ретінде ұдайы атап көрсетеді.

Бүгінде Конституцияның қағидалары, Ассамблеяның атқарып жатқан жұмысы - халық бірлігін нығайту, қоғамның негізгі құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді орнықтыру, Қазақстан халқының мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін жаңғырту, сақтау және дамыту бағытындағы игі істерге бастамашы болып табылады», - деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры А.Бижанов, Конституциялық кеңестің мүшесі В.Малиновский, Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры Ө.Жалаири, Д.Қонаев атындағы заң академиясының профессоры Қ.Айтхожин, заң ғылымдарының докторы Э.Дүйсенов, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Ш.Әмірбеков баяндама жасап, Конституция құндылықтары, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, жеке тұлға еркіндігі, саяси экономикалық жағдай мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ҚХА-ның рөлі тақырыптарында талқылаулар жүргізді.


Кейін қарай