Қазақстан халқы Ассамблеясы

06 Қараша, 2019

1444

Ж.Түймебаев корей бизнес өкілдерін ҚХА-ның Кәсіпкерлер Ассоциациясымен ынтымақтастықта жұмыс жасауға шақырды

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Қазақстандағы Корей Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ким Дэ Сикті қабылдады. Тараптар кездесуінде екіжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен халықтар арасындағы татулықтың беріктігі және Қазақстан аумағында тұратын корей этносының экономикалық белсенділігі сөз болды.

Елшімен ресми кездесу кезінде Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың Қазақстан тарапынан жоғары бағанатынын айтты.

«Қазақстандық азаматтар болып табылатын корей халқының өкілдері біздің елдер арасындағы алтын көпірге айнала алатынын баса айтқым келеді. Біз қоғамның бірлігі мпен келісімін, Қазақстандағы барлық этностар мен азаматтардың шынайы теңдігін қамтамасыз ете алдық. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының басты құпиясы да осында», - деген Жансейіт Қансейітұлы қазақстандық тараптың корейлерден отандық өндірісті, ауылшаруашылығын, көлік және байланыс саласын дамытуда үйренері бар екенін де жасырмады.

«Ассамблея құрылымында Кәсіпкерлер ассоциациясы жұмыс жасайды. Біз осы бағытта экономикалық ынтымақтастықтың перспективті бағыттары бойынша серіктестік құра аламыз. Осыған байланысты таяу уақыттарда ҚХА Кәсіпкерлер ассоциациясының бизнес-форумын өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы. Және оған корей тарапынан да кәсіпкерлердің қатысуы туралы ұсыныс білдірді.

Қазақстан-Корей серіктестігінің жан-жақты дамып келе жатқанын айта кету керек. Біздің елде оңтүстіккорейлік бизнес өкілдерінің қатысуымен 1000-ға жуық кәсіпкерлік нысаны тіркелген.

«Кәрістердің Қазақстан азаматы ретінде саясат, экономика, әлеумет салаларында үлкен жетістіктерге жеткенін әрдайым мақтан тұтамын. Осы орайда, Корея Республикасының үкіметі кәрістерге жан-жақты қолдау білдіріп, қамқорлық көрсеткені үшін Қазақстан үкіметіне зор алғысын білдіреді. Корея Республикасының Елшісі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының елді біріктіру жолында жеткен жетістіктерін көріп, шын жүректен тәнті болдым», - дейді Жансейіт Түймебаветың сөзіне қолдау білдірген елші Ким Дэ Сик мырза.

Жалпы екі ел арасындағы ресми дипломатиялық байланыс 1992 жылы орнатылған болатын. 1993 жылы Қазақстанда алғаш рет Корей елшілігі ашылды. Ал Корей елінде Қазақстан елшілігі 1996 жылдан жұмыс жасап бастаған. Бүгінде екі ел басшылығы тараптар арасындағы саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Осы мақсатта парламентаралық және партияаралық әріптестік жолға қойылған. 2009 жылы «Нұр Отан» партиясы мен корейлердің «Сэнури» партиясының арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол жеткізілді.

Бүгінде Қазақстанда корей этносының 100 000-нан астам өкілі тұрады. Корейлердің Қазақстанға алғаш келуі 100 жыл бұрын басталған тарих. Олардың негізгі бөлігі – 20789 корей отбасы Қазақстанға Қиыр Шығыстан өткен ғасырдың 30-шы жылдары күштеп көшірілген болатын.

 

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Кейін қарай