Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Наурыз, 2020

2431

Ж.Түймебаев: Тұңғыш Президент жолы – болашаққа ұмтылған қоғамның жолы

Алматы облысынан қабылдап алған «Тұңғыш Президенттің жолымен» халықтық экспедициясының» эстафетасын бүгін Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек Елбасының алғашқы саяси қызметіне жол салған оңтүстік астанаға тапсырды.

Қарағанды қаласында аталмыш шара «Кемеңгерліктің дара жолындағы – Ұлы тұлға» тақырыбының аясында өтті.

Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек, ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев халықтық экспедицияның Н.Назарбаевтың өзі негізін қалаған Ассамблеяның 25 жылдығындағы ерекше жоба екендігін атап өтті.


«Тұңғыш Президент жолын көпке, әсіресе, жас ұрпаққа танытудың мәні зор. Өйткені, Елбасының жолы – Қазақстан тәуелсіздігінің жолымен ұштаса өрілген жол. Ел тарихында болған әр сәтте, қол жеткізілген әр жетістікте Елбасының шешімі, ықпалы, қолтаңбасы бар.

Қарағанды, Теміртау – Нұрсұлтан Назарбаев есімін алғаш танытқан қалалар.

Өзі қатарлас жалынды жастармен бірге ғасырдың алып құрылысы – Қазақстан Магниткасын салуға келген жігіт жастардың көшбасшысына айналды.

Ол осы өлкеде саяси қайраткерлік жолын бастап, ел басқаруда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін жасаған бірегей биіктерге көтерілді. «Еңбек ер атандырады» дейді халық даналығы.

Нұрсұлтан Назарбаевты ер атандырған еңбектің от-қазаны Қазақстан Магниткасында қайнап, ол өзі құйған құрышпен бірге шынықты, адами мінез-құлқы, саяси ұстанымы қалыптасты.

Тұлғаның қалыптасуына оған ата-ана берген тәрбиемен қатар білімінің терең, көңіл көзінің ашық, ортасының тілекші болуы орасан зор ықпал етеді.

Бұл ретте ізденімпаз, еңбекқор жасқа қарағандылық тәлімгерлерінің көреген де ұлағатты, ортасының қамқоршы әрі қолдаушы болғаны – қазақ жерінде елін өрге бастайтын ұлы тұлғаның қалыптасуына алып келгені сөзсіз.

Ендеше, Тұңғыш Президент жолы – бір адамның жүрген жолы ғана емес, ол – болашаққа ұмтылған қоғамның жолы. Ізденістің, еңбекқорлықтың, төзімділіктің, күрестің және жеңістің жолы. Елбасы жолын баршаға танытып, насихаттау Қазақстанды озық елдер қатарына апаратын жас буынды тәрбиелеу үшін керек. Бұл – туған жері, халқы алдындағы перзенттік парызын, азаматтық борышын өтеймін дегендер үшін баға жетпес сабақ», - деді Жансейіт Қансейітұлы.


Елбасы саналы ғұмырының 20 жылын Қарағанды өңірінде өткізді. Осы жерде ол домен пешінің сегізінші разрядты екінші кеншісінен бастап Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысына дейінгі жолды жүріп өтті.

Жансейіт Қансейітұлы 2019 жылдың тарихи тағдыршешті оқиғасы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тапсыруы болғанын айтты.

«Осы арқылы ол өз қолымен Қазақстан халқының дамуының, мемлекет құрылысының, экономикалық және әлеуметтік жаңарулардың жаңа кезеңін ашты. Бұл да Елбасының стратегиялық бағытының бір бөлігі. Тұңғыш Президенттің бұл шешімі оның қайраткерлік қызметіне байланысты жаңа парақты ашты. Ол Қазақстанның стратегиялық даму мәселелерінің маңыздылығына назар аударуда. Демек, Елбасы жолы – Тұңғыш Президент жолы жалғасуда», - деген Жансейіт Қансейітұлы бұл жоба арқылы қазақстандықтар Елбасы замандастарының онымен бірге Тәуелсіз жаңа Қазақстанды құру жөніндегі ұлы тарихи құрмет пен миссияға ие болғанын түсінуі керек деді.


«Қазақстан Елбасының жетекшілігімен аяғынан тұрған мемлекетке айналды. Менің айтарым, біріншіден, Елбасы әлем «қазақстандық жол» деп атаған Қазақстанды үш кешенді жаңартудың авторы және жүзеге асырушысы болып табылады. Екіншіден, Елбасының жетекшілігімен Қазақстан КСРО-ның шикізатты елінен заманауи, аяғынан нық тұрған мемлекетке айналды. Үшіншіден, біздің еліміз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің және орташа даму деңгейі бар елдердің тобына енді. Біздің еліміз әлемнің ықпалды және беделді ұйымдарының мүшесі болды. Сондай-ақ, ядролық ең қауіпсіз елдердің қатарында. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық күн ретінде белгіледі. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткенде, ол Орталық Азия аумағы бойынша 10 жыл үзілістен кейін бірінші рет ЕҚЫҰ саммиті өткен ел болды. Қазақстан ТМД аумағындағы Халықаралық арнайыландырылған ЭКСПО көрмесін өз алаңында өткізген тұңғыш ел. Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан 300 милиард доллардан артық шетел инвестициясын тартты. Мұның барлығы да Елбасы есімімен байланысты», - деді Жансейіт Түймебаев.


Елбасы өз еңбегінде Тәуелсіздіктің 33 табысты нәтижесін сараптай келе, Қазақстан халқы Ассамблеясының еуразиялық масштабта мәдениеттер диалогының үлгісіне айналғанын атап өткен болатын. Өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы қазақстандықтардың достық пен игілікті таңдауын «бақытты таңдауға» балайды.

Жансейіт Қансейітұлы сөз соңында тәуелсіз Қазақстанның тәжірибесінің, Елбасы жолының бізге маңызды сабақ болатынын айта келе, терең білім мен ерен еңбек, үнемі өз-өзін жетілдіру – әрбір адамның өмірлік нормасына айналуы керек деді.



Кейін қарай