Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Наурыз, 2020

1402

Жанат Исаева: Насихаттың аз болуы, медиацияның сотқа дейін міндеттелмеуі – сала дамуының бірден-бір кедергісі

Қазіргі қоғамда дау-жанжалдың саны көбейіп, азаматтардың сотқа жүгіну тәжірибесі көбеюде. Осыдан бес-алты жыл бұрын бұл бағытта 1 млн іс қаралса, бүгінде олардың саны 3 миллионнан асып жығылады.

Даулардың көптігінен судьялардың жүктемесі жылдан-жылға артуда, әр судьяның өндірісінде бір мезетте 100-ден астам азаматтық іс пен материалдар қаралады. Бұл жағдай соттардың жұмыс сапасына, істерді қарау мерзіміне әсерін тигізуде.

Судьялардың VI съезінде Мемлекет басшысы сот тәртібінде қарауға жататын даулар санын қысқарту, оларды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, отандық сот төрелігін қалпына келтіру мүмкіндігін беретін татуласу рәсімдерін және медиацияны дамыту маңыздылығын атап көрсеткен болатын.

Осыған орай, 2011 жылы «Медиация туралы» ҚР Заңы қабылданып, тәжірибеге енгізіле бастады. Бес институционалдық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде 2015 жылдың 31 қазанында қабылданған жаңа Азаматтық процестік кодекске (АПК) алға қойылған міндеттерді орындауда дауларды реттеудің соттан тыс және сотқа дейінгі тәртібіне, соттағы татуласу рәсімдеріне көңіл бөлініп, татуластыру шараларын кеңінен қолдануға және дауды альтернативті тәсілмен шешу жолдарын белгілейтін «Татуластыру рәсімдері» деп аталатын тарау енгізілді.


Медиация заңы – азаматтық-құқықтық қатынастардан, оның ішінде кәсіпкерлік және өзге де экономикалық қызметті жүзеге асыруға байланысты туындайтын құқық туралы дауларды, еңбек және отбасы құқықтық қатынастардан, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өзге де жеке құқықтық қатынастарынан, сондай-ақ жеңіл және ауырлығы орташа қылмыстар туралы іс бойынша қылмыстық-құқықтық қатынастар саласында туындайтын дауларды реттеу кезінде қолдануға бағытталған.

Тараптар арасындағы дауды (жанжалды) реттеуді медиация тәртібінде медиатор немесе тараптардың өтінішхаты бойынша судья жүзеге асырады. Бір іс шегінде тараптар бірқатар мәселелерді шеше алады. Өйткені талап қоюдың мәні мен негізінің бір мезгілде өзгертілуі шешіледі. Әсіресе бұл балаларға қатысты дауларды, мұра туралы туыстар арасындағы дауларды, көршілер арасындағы дауларды, еңбек ұжымындағы дауларды қарау және шешу кезінде оң ықпал етеді.

Медиация процесінде жеңімпаз және жеңілген тарап деген болмайды. Медиацияның басты мақсаты - екі тарапты да қанағаттандыратын шешім табу. Медиацияның артықшылығы – ол осы рәсімнің толық құпиялығының сақталуына кепілдік беріледі және екі тарап ортақ келісімге келетіндіктен шешімнің орындалу деңгейі жоғары болады. Ең бастысы, медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді.

Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады. Соттағы іс жүргізу процесінен айырмашылығы, медиация - еркін процесс. Көп жағдайларда, тәжірибеде тараптардың арасында жағымсыз қатынас орнығып, олар байланысқа ауыр және сирек барады. Осындай жағдайда, медиатор көмекке келуі мүмкін. Ол істің нәтижесіне қызығушылық танытпайтын, тәуелсіз жеке тұлға ретінде қарастырылады. Оның басты мақсаты - екі жақты татуластыру.

Қазақстандық қоғамға медиация жат емес, оның жағымды тұстары мен қажеттілігін түсініп отырмыз. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, медиацияның елімізде кең қолданыста болмауына бірнеше себептер мен түйткiлдi тұстар жоқ емес.


Барлық кедергілерді үш топқа бөліп қарастырса болады:

Бірінші топ – маман даярлаудан бастап насихаттауға дейiнгi аралықтағы жұмыста бiрiздiлiктің жоқтығы. Содан болар, халықтың медиаторлар туралы бiлетiнi аз. Бiлген күннiң өзiнде бұл жүйе елдiң сенiмiне кiре қойған жоқ. Көпшiлiк әлi де болса санаға сiңе қоймаған медиациядан гөрi сара жолы бар соттарға жүгiнгендi жөн көредi. Халықтың санасында кез келген дау-дамайды «сот шешеді» деген ұғым қалыптасқан. Ал шетелде кез келген тұрмыстық дау-дамай медиаторлардың көмегімен шешіледі. Сондықтан медиация жүйесінің тезірек кең қолданысқа кіруі үшін жұмыстар жасалуы керек. Насихаттың аз болуы, сотқа дейін медиацияны міндетті ету тәжірибесінің жоқтығы.

Екінші топ – экономикалық кедергілер: кәсіби медиаторлардың ақылы болуы, тараптардың қосымша қаражат шығаруға құлықсыздығы, заңгерлердің медиацияға жүгінуге қызықпаушылығы, себебі істі партисипативтік келісіммен шешу арзанға соғуы мүмкін, ал бір сатыдан екінші сатыға даудың ұласуы арқылы адвокаттардың гонорары өсетіні сөзсіз.

Үшінші топ – субъективтік немесе психологиялық кедергілер: қоғамдық қатынастардың жоғарғы деңгейдегі шиеленісі; дауласушы тараптардың медиация процедурасы туралы құқықтық практиканың жөнді білмеуі; медиатордың беделін мойындамауы, құқықтық мәдениеттің төмендігі.

Дауларды медиация тәртібімен шешу шетел тәжірибесінде де кедергілерге тап болып, ол елдерде оңтайлы шешу жолдарын тапқан.

Мысалы, Ұлыбританияда медиатордан бас тартқан тарап істің өз пайдасына шешілсе де, барлық сот шығынын көтереді. Сондықтан, қосымша шығынға батпас үшін, тараптар бітімгерлікке жүгінеді. Сонымен қатар Ұлыбританияда жан­жалдарды шешу бойынша арнайы қызмет – жедел желі жұмыс істейді. Оған кез келген адам хабарласып, жағдайын айта алады. Соңында мәселені шешу бойынша кеңестер, медиаторлар тізімі ұсынылады. Елімізде де осындай желі ұйымдастыру бірқатар түйткілді шешуге ықпал етер еді.

Ал Америкада экономикалық даулардың 90 пайызы медиаторлардың көмегімен шешіледі екен. Онда арыздану алдын­да медиаторға жүгіну міндет болып қалыптасқан. Сонымен бірге, ұлттық институт, жеке және мемлекеттік орталықтар, арбитраж қауымдастығы бар. Нью-Джерси штатында тараптар істе медиация қолданылмайтын объективті себептерді келтірген жағдайда ғана арызды сот қарайды. Бұл тәжірибе Канаданың кейбір аудандарында жоба ретінде енгізіліп, оң нәтиже берген. Себебі арызданушылардың тек 1-2 пайызы ғана медиациядан бас тартқан.

Шетелде сотқа жүгінгеннен гөрі медиаторға жүгіну тиімділігі сонымен қатар сот шығындарының қымбат болуымен де байланыстыруға болады. Мысалы, егер талап құны 10 мың еуро болса, (біздің мемлекетте ол 4 млн.190 мың тенге), оған төленетін мемлекеттік баж Австрияда 673 еуро (281,987 тг.), Германияда – 588 еуро (246,372 тг.), біздің мемлекетте ол жеке тұлғалар үшін 40,190 тг., заңды тұлғалар үшін 120, 570 тг. Ал егер сот шешімін осы іс бойынша жоғары сатыға шағымданса Австрияда мемлекеттік баж 1036 еуро (434,084 тг.,) ал Германияда — 784 еуро (328,496 тг.) құрайды, яғни қымбаттай түседі.

Соттарда істерді қарау мерзімінің ұзақтығы да шешуші рөл атқарады. Халықаралық салыстырмалы-құқықтық зерттеулердің мәліметтері бойынша Англияда істі Жоғарғы Сотта қарау мерзімі – Лондонда 161 апта болса (32 ай), ал елдің басқа қалаларында 195 апта (39 ай) құрайды екен. Графстволарда 70 и 90 апталарға дейін барады екен.

Француз Азаматтық процесстік кодексі бойынша азаматтық істерді қарау мерзімі 8,8 айды құрайды. Оңайлатылған істер бойынша бізде бір ай ішінде қараса, ол елде 5 айдай екен. Апелляциялық сатыда істі қайта қарау мерзімі 15,6 ай болады екен.

Германияда ақылға қонымды мерзімде қарау қарастырылған. Ол келесідей: участкелік соттарда 50 пайыз істер 3 ай мерзімде қаралады, 30 пайыз – алты ай ішінде, 18% — 12 ай, 4% істер екі жылдан астам уақытта қаралады.

Біздің елддің мемлекеттік баж құны салыстырмалы алғанда өте арзан, азаматтық істерді қарау мерзімдері де ұзақ емес.

Қазіргі таңда «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасын жүзеге асыру аясында ҚР Жоғарғы Соты мен Қоғамдық даму министрлігі ынтымақтастық туралы меморандумның аясында еліміздің аудандары мен ауылдарында дәстүрлі «дала құқығы» негізінде дауларды шешуді меңгерген ақсақалдар мен құрметті адамдар қатарынан Билер кеңестері құрылды.

Билер кеңесінің негізгі мақсаты – сот процесіне дейінгі және соттағы бітімгершілікті ұйымдастыру және азаматтар арасындағы татулық пен берекені сақтауға негіз болу. Бұл Жоба оң нәтиже беріп, медиация институтының әрі қарай дамуына келесідей іс-шаралардың жүзеге асуы тиімді болар еді:

- медиаторларды оқыту мәселесін заңнама арқылы жетілдіру қажет. Қазақстанда медиаторларды дайындайтын орындар жетерлік, олардың қызметі тексеріліп жатқан жоқ: шетелдіктер өз бағдарламаларымен немесе медиаторлық тәжірибесі аз адамдар және сертификат беріліп келеді. Медиаторларды дайындау сапасы бақыланып жатқан жоқ, ал ол өз кезегінде медиатормен жасалатын қызмет сапасына тікелей әсер етеді.

- медиаторларды дайындау бағдарламаларды жаңартып, оларға біліктілігін жоғарылату институттарын қарастыру, тәжірибесіне қарай әр медиатордың рейтингісін жасау;

- медиаторларды азаматтық және қылмыстық істер бойынша мамандандыру, бөлу. Еңбек, отбасы және жасы кәмелетке толмағандарға қатысты, тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы азаматтық істер бойынша сотқа дейінгі медиацияның міндетті болу тәжірибесін енгізу қажет. Тәжірибе көрсеткендей, медиацияға жүгіну отбасылық, мұра, корпоративтік даулар бойынша жиі кездеседі. Осы істер бойынша медиацияны міндетті етуге болар еді. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға мемлекеттен тегін көмек көрсету қарастырылса болады. Мысалы, Финляндияда тегін көмек көрсетіледі.

- әлеуметтік жарнама, ақпараттық роликтердің санын арттыру. Көп жағдайда БАҚ бұл ақпаратқа жарнама ретінде ғана баға беріп, ақылы негізде көрсетуді ұсынады. Мемлекеттік құрылымдарға осы тарапынан көмек көрсетілу қажет.

Қорыта айтқанда, медиация кез келген құқықтық мемлекеттің мүддесіне оң ықпал береді: тиімді сот жүйесінің қалыптасуына, соттың қызметін жеңілдетумен қатар сапаға ықпал етеді - істі қарауға кететін сот шығындарының азаюы, даудың тез шешіліп, оның теріс зардабының жойылуы, конфликтті күштеу әдістерін қолдануды азайту.

Жанат Исаева,

Қызылорда мемлекеттік университеті,

заң ғылымдарының кандидаты, доцент

Кейін қарай