Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Мамыр, 2016

1113

Жас дарындар байқауы

Қарағанды қаласының Достық үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жыл сайынғы «Fashion House Karaganda-kids» жас дарындар мен сән байқауы болып өтті. Аталмыш іс-шара Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі мен «Шебер» сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдау орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды. 

«Fashion House International» модельдер мен дарындар форумы – әлемнің түкпір-түкпірінде, оның ішінде ТМД елдері, Вьетнам, Тунис және Францияда өткізілетін ірі жобалардың бірі. Финалдық байқауды Мәскеу және Лос-Анджелес қалаларында тамашалауға болады.

Байқауға 4-9 және 10-14 жас аралығындағы бүлдіршіндер қатысты. Ұйымдастырылып отырған жарыстың негізгі мақсаты – таланты таңдай қақтырар жасөспірімдерді таңдап алып, өнер атты алып таудың шыңына жетелеу, талабына қанат бітіріп, биікті бағындыруға бағыт-бағдар беру. Сондай-ақ, осы байқау арқылы кішкентай балапандардың санасына ұлттық тәлім-тәрбиені, бойына дәстүр мен діліне деген құрметті сіңіруге үлес қосу.

Жас дарындардың өнері мен талабын әділ-қазылар алқасы бағалады. Олардың құрамында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі – Мария Фатеева, «Шебер» сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдауы орталығының әкімшілік директоры – Дарья Валитова, Қарағанды облысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы және «Delux» журналының бас редакторы – Әлия Садырбаева, дизайнер-модельер, FHI Vietnam-2013 байқауындағы этно-костюмінің үздік дизайнері – Нұргүл Рысқұлова, «Выбирай» журналының PR-менеджері – Сабир Ниязов, көптеген халықаралық және республикалық байқаулырдың жеңімпазы - «Триумф»  хореографиялық ұжымының жетекшісі – Юлия Комиссарова болды.

Байқаудың негізгі бағдарламасы 4 басты сынақтардан құралды. Көрермендердің назарын аударып, керемет әсер қалдырғаны – ұлттық киімдердің көрсетілуі. Бұдан бөлек, қатысушылар өздерінің шығармашылық таланттарын да паш етті: эстрадалық және халық әндерін орындады, заманауи билерді биледі. Әділ-қазылар кішкентай балапандардың үлкен ынта-ықыласына дән риза болды.

Байқауда «Казачья Вольница» қоғамдық бірлестігі мен «Видергебурт» неміс орталығы» облыстық қоғамының балалар ансамблі өнер көрсетті.

Байқау нәтижесі бойынша барлық қатысушы балалар 22 номинация бойынша марапатталды. Оның ішінде «Ең үздік әнші», «Ең үздік биші», «Ең үздік актер» және көптеген басқалары. «Ең үздік этностық костюм» номинациясы бойынша үндістердің ұлттық киімін көрсеткен Виолетта Драгне жеңімпаз атанды. Виолеттаға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі мен Қарағанды облыстық әкімдігі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің атынан Аналар кеңесінің мүшесі Мария Фатеева қазақ халқының ұлттық бас киімі – сәукелені табыстады.

Барлық әділ-қазылар өз аттарынан номинация жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар ұсынды. Олардың ішінде актерлік шеберлікті жетілдіретін және шет тілдерін үйретуге арналған бір жылдық тегін сертификаттарды табыс етті. Бұдан бөлек, республика көлемінде жарық көретін журналдарда қатысушының портфолиосы жарық көреді.  

Аталмыш жоба қаланың кішкентай тұрғындары үшін дәстүрге айналды. Жыл сайын кезекті сыннан сүрінбей өтуге қызу дайындықты әзірден бастап кетті.  

   

 

Қарағанды облысы әкімі аппаратының

"Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметі

тел., WhatsApp: +77024190203

e-mail: info@kelisim.kz

 

Кейін қарай