Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Сәуір, 2016

912

Жастар көшбасшы тұлғалармен кездесті

 

Ақтаудағы «Достық үйі» ғимаратында оқушылар мен студенттер қаланың  көшбасшы тұлғаларымен кездесті. Жиын Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облыстық хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» КММ мұрындық болуымен ұйымдастырылды.  Оған «Жас қанат» жастар ұйымы жанындағы этномәдени бірлестік өкілдері де арнайы қатысты.

– Бүгінгі ұйымдастырылып отырған іс-шар, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне зор ықпал етеді. Бұл бейресми кездесу, яғни шақырылған қонақтармен сұхбат еркін форматта өтеді. Жалпы, қызметте, бизнес саласында жақсы жетістікке жеткен тұлғалар өздерінің іс-тәжірибесімен бөлісті. Кездесудің түп мақсаты да осы деді, –  «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Аманкүл Жайылханова..

Сондай-ақ басқосуда, МО мәслихатының депутаты, «Forte Bank» АҚ Ақтау қаласындағы филиалының директоры Аббат Уримбаев өз тәжірибесін мысалға келтіре отырып, қызметке тұруда кездесетін қиыншылықтары туралы әңгімелеп берді.

– Алғаш жұмысқа орналасайын деп келгенімде, мені сол мекеменің басшысы көп уақытқа дейін қабылдағысы келмей жүрді. Алайда, соған қарамастан мен берілген тапсырманы орындап жүрдім. Өйткені, сол уақыт нан табудың, жұмысқа орналасудың  қиын қыстау кездері болатын. Нәтижесінде, мекеме басшысы мені жұмысқа  6 ай сынақ мерзімімен тегін жасайсыз деген бір ғана шартпен қабылдады. Келіспеске амал қалмады, содан берілген тапсырманы күні-түні орындап, алдыма қойған мақсатыма жеттім.

Осы сәтті пайдалана отырып, қазіргі жастарға айтарым, адам қиындықтан, сынақтан қорықпау керек. Маңдай термен табылған нанның, қашанда тәтті екенін естен шығармауымыз керек. Оңайлықпен олжаның да болмайтынын бүгінгінің жастары ескерсе екен. Оқу керек. Іздену керек. Өйткені, ақпарат күнде жаңарып отырады. Көштен қалмай ілесіп отырса, әлі де талай асуларды бағындырасыздар, – деді ол.

Аббаттың пікірін Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов те қолдады. Бұл қызметке жақында келген А. Нұрдәулетов жас та болса, талай лауазымды қызметтерді атқарған. Ол Форт-Шевченко қаласының әкімі лауазымында болып, тұрғындардың талай мәселелерінің шешілуіне септігін тигізген.

– Мәселен, мен бұрын жүк тасушы болып жұмыс жасағанымды қазір ұялмай айта аламын. Өйткені, әрбір еңбек бағалануы тиіс. Бастысы, адам шыдамды және еңбекқор болуы керек. Адамның бағындыра алмаймын деген асуы болмайды. Бәрі өздеріңіздің қолдарыңызда екенін әр уақытта ойыңызда түйіп жүріңіздер, - деп атап өтті  А. Нұрдәулетов.

Қызметтегі жетістігімен «CRUZLogistics» ЖШС Батыс Қазақстан аймағы филиалының директоры Вадодария Хитеш Чандра да бөлісті. Үндістан азаматы,  Қазақстанды екінші үйі санайды.  Тіпті, өзін қазақпын деп таныстыратын ол, қазақ тіліндегі атын Кеңес деп таныстырды. Бұлай деп оны достары атап кеткен екен.  

– Менің Қазақтанда өмір сүріп жатқаныма 10 жыл болды. Сол уақыт ішінде мен бір нәрсені түсіндім.  Оқимын, еңбек етемін деген адам үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Кез келген нәрсенің тетігін тауып, жұмыс істеуге болады. Тек, жалқаулар ғана жұмыссыз отыра береді. Тіпті, мен білетін бірнеше ел бар, қанша жұмыс істегің келіп тырыссаң да ештеңе таба алмайсың. Сондықтан, қиындықтардан қорықпау керек, сонда ғана көздегеніңізге жетесіз.

– Басқосуда Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облыстық хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина да өз ойын білдірді. «Шын мәнінде біз тыныш, қай жағынан алып қарасаңыз да өркендеген мемлекетте өмір сүріп жатырмыз.  Ұрпақтарымыздың бақытына орай, елімізде тыныштық пен бейбітшілік орнаған, басқа елдермен салыстыруға да келмейді. Тіпті, кейбір елдерде соғыс болып жатыр, тамақ, су жоқ. Құдайға шүкір, ұйқымыз тыныш, нанымыз көп. Соны бағалай білуіміз қажет. Сол үшін еліміздің одан әрі нығайып, әлемнің ең беделді мемлекеттерінің қатарында болуға сіз сияқты жастардың тигізер септігі мол. Аймақтың экономикалық -  әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жұмылған жұдырықтай еңбектенуіміз керек», - деді ол.

Амал мерекесі қарсаңында өткізілген AmalTalks интеллектуалдық конференциясы туралы «IT-тірлік» онлайн журналының авторы Тимур Бектұр да біраз ойымен бөлісті. Ол студенттер мен оқушыларды қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып, интеллектуалды іс-шаралар өткізу ерекшеліктері туралы баса айтты.

«HiTech Trading Kazakstan» компаниясының директоры Марат Олейников пен «Қаражанбасмұнай» АҚ жанындағы «Жас мамандар кеңесінің» кеңесшісі Думан Ахметов та өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Қызмет барысында кездескен қиындықтар мен қызықтар туралы жастарға ой тастады.

Өз кезегінде жастар толғандырып жүрген сұрақтар бойынша тиісті мамандардан жауап алды. Жоғары дәрежелі мамандар, өз істерінің шебері жастарға жеке кәсібін бастау үшін де біраз мәлімет берді. Өйткені қазір шағын және орта кәсіпке база назар аударылуда. Олар жоғары оқу орнын бітірген жас мамандар үшін қызметке қалай орналасу керек, несие жеңілдіктері  туралы  біраз толыққанды ақпаратпен хабардар етті. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: «Еңбек бәрін жеңбек» яғни еңбектенген жанның қашанда несібесі мол болмақ.

   

   

 

МОӘА «Қоғамдық келісім»КММ баспасөз қызметі

Кейін қарай