Қазақстан халқы Ассамблеясы

11 Қаңтар, 2016

770

Жастар Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласын талқылады

«Достық үйінде» этномәдени бірлестік жастары кездесті. Іс-шараның ұйымдастырушылары - Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облыстық хатшылығы, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-сі мен «Жас қанат» жастары.

Тағылымды кездесу аясында қатысушылар Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын талқылады. Кездесуге Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының белсенділері, студенттер, оқушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара басында Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облыстық хатшылығының меңгерушісі Г.М.Исмурзина сөз алып, жиналғандарға Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын түсіндірді. «Осыдан 20 жыл бұрын Елбасының қолдауымен ашылған Ассамблея мемлекетіміздің көптеген жетістіктерге жетіп, әлемнің алпауыт елдерімен иық теңестіруіне өз үлесін қосуда. Президент өз мақаласында қазақстандықтардың ең басты құндылығы татулықты ерекше бағалайтындығын жеткізген. Біз Елбасының көрсеткен бағыт-бағдарымен жүруіміз қажет», деді ол.

Жиын аясында Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы А.Ә.Джайлханова облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы «Жас қанат» жастар ұйымының жұмысына тоқталды. «Қазіргі таңда «Жас қанат» құрамында 70 жас бар. олардың барлығы өз ортасының белсенділері. Мен осында отырған барша жастарды сол ұйымға мүше болуға шақырамын. Себебі, аталмыш ұйым мұнайлы аймақта болып жатқан түрлі іс-шараларды ұйымдастырып,   облыстың дамуына өз үлесін қосады. Сондай-ақ, ұйым көптеген танымдық іс-шараларды да ұйымдастырады. Мұның барлығы қазіргі өскелең ұрпаққа керек. Осылайша барлық жас бірлігі мен татулығы жарасқан Қазақстанды көркейтуде өз үлесін қосады деген сенімдемін»,- деді ол.

Іс-шарада белсенді жастар Мемлекет басшысының мақаласы ерекше жазылғандығын айтып, өз ойларын ортаға салды.

Жиын соңында қатысушылар этномәдени бірлестіктер жанындағы «Жас қанат» жастар орталығының төрағасын сайлады. Ұйымның төрағалығына «МАЭК - Қазатомпром» ЖШС-те инженер болып жұмыс істей жүріп,  өткен жылдың желтоқсан айынан бері Т.Г.Шевченко атындағы  украин этномәдени бірлестігін басқаратын Андрей Сторожук сайланды. «Мен өз қатарластарымның маған артқан сенімін ақтауға тырысамын. Этносаралық келісімді нығайту – баршамызға ортақ іс. Ел бірлігі мен татулығы жолында аянбай еңбек етуге уәде беремін», - деді ол.

МОӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

  

  

Кейін қарай