Қазақстан халқы Ассамблеясы

13 Мамыр, 2016

1050

«Жеңіс салюты» фестивалінде

Жеңіс – бұл сөздің мағынасы өте терең! Қаза тапқандар туралы  қайғымыз да, азат туған жер үшін қуаныш та, бейбіт өмір сыйлағандардың барлығын мәңгі есте сақтау да!   

Ұлы Отан соғысы жылдарында еліміз КСРО-ның басқа да республикалары секілді фашизмді талқандауға барын салды.   Майданға  Қазақ КСР-інен 1 миллион 200 мыңнан астам сарбаз аттанып, 12-атқыштар, 4-кавалерия дивизиясы, 7-атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жұмылдырылды.

Қазақстандықтар майданның ең қауіпті учаскелерінің біріне жиі түсетін. Қазақ КСР жауынгерлерінің ерлігін Кеңес Одағының маршалы Георгий Жуков жоғары бағалады.

Бүгінгі таңда ҰОС ардагерлерінің көзі тірісі біршама ғана қалды. Ал біздің парызымыз – оларға жеңіс сыйлағандары үшін алғыс айтып, көмек беру. 

Петропавлде «Русская община СКО» ҚБ төрағасы  В.М. Сайко және «Ұрпақ» қазақ мәдени-ағартушылық орталығы» ҚБ төрайымы  Г.Н. Мұсабаева ұйымдастырған «Жеңіс салюты» фестивалі Достық үйі табалдырығынан аттағандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Іс-шараның мақсаты соғыс батырларына құрмет көрсету, құттықтау болды. Көрермендер ардагерлердің академиялық халық хорының өнерін тамашалады. Баршаға таныс соғыстан кейінгі әндерді қарттар мен балалар қосыла шырқады. Сондай-ақ қаламызға еңбектері сіңген қайраткерлер, ардагерлер В.Е. Карпук пен С.С. Гайсин де өнерлерін көрсетті. Олардың өткен күндері жөніндегі оқиғалар жиналғандарға қатты әсер етті.

Ардагерлеріміздің ұзақ және бақытты ғұмыр кешіп,  «Жеңіс салюты» фестиваліндегідей жайдарлы да көңілді болуларына тілектеспіз!

 

 

«Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппараты» ММ

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз хатшысы

Кейін қарай