Қазақстан халқы Ассамблеясы

21 Қазан, 2019

2050

Әзірбайжан Қазақстанның ұлттық саясатына қызығады

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Әзірбайжанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадовты (Мамедов) ресми қабылдады. Елші Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылығымен өз тәжірибелерімен бөлісіп, консультациялық кеңес беру үшін ресми Бакуге шақырды.

Елші Әзірбайжан үкіметінің ұлтаралық келісім мен татулықтың кепілді институты бола білген Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылысы мен құрылымына қызығушылық білдіріп отырғанын жасырмады. 

Сондай-ақ, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты мәдени-гуманитарлық бағытта дамыту мәселелеріне басымдық берілген бұл кездесуде Қазақстанда тұратын әзірбайжан этносы өкілдерінің әлеуметтік, экономикалық әлеуеті мен белсенділігі де сөз болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған Ассамблеяның бүгінде шын мәнінде қоғам бірлігінің бірегей алаңына айналғанын әлем мойындады. 

Осыған дейін қазақстандық қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің әмбебап моделіне Қазақстанға ат шалдырған әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен қайраткерлер де қызығушылық білдіріп, Ассамблея жұмысын, бір шаңырақ астында дау-дамайсыз өмір сүрген ұлттар мен ұлыстардың татулығын әлем елдеріне үлгі етуге болады деген мәмілеге келген болатын. Жансейіт Қансейітұлы жоғары мәртебелі мейманға Ассамблеяның құрылуы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы негізін қалаған жалпыұлттық татулық пен тұрақтылықтың қазақстандық үлгісі туралы баяндап берді.

«Сіздердің шақыруларыңызды үлкен ризашылықпен қабыл аламыз. Жуырда Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында болған жұмыс сапарымызда біз қазақстандық қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің моделінің таныстырылымын өткізген болатынбыз. Қоғам бірлігінің әлемнің кешенді құндылығына айналып келе жатқандығын біз қуана қолдаймыз», - деді кездесу кезінде Жансейіт Түймебаев.

«Әзірбайжан да Қазақстан секілді көпұлтты мемлекет. Бүгінде біздің елдер арасында түрлі бағытта интеграциялану жүруде. Осы тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясымен ынтымақтастығымызды қандай да бір келісім немесе меморандум арқылы бекітуді ұсынамын. Сондай-ақ, серіктестігімізді дамыту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясын Әзірбайжанға достық кездесуге шақырамыз», - деді татулық арқылы ел тұрақтылығын сақтаған Қазақстанның ұлттық саясатына байланысты оң пікір білдірген Рашад Маммадов.


Әзірбайжан Республикасының мұндай азаматтық-қоғамдық институт құруға мүдделілік білдіруі де тегін емес. Себебі, бүгінге дейін бұл мақсаттағы жұмыстарды Диаспоралармен жұмыс жасау мемлекеттік комитеті жүргізіп келген болатын. Жалпы Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың негізі 1992 жылы салынды. Екі ел арасындағы байланыс стратегиялық серіктестік және одақтық ынтымақтастық жөніндегі Келісім аясында қалыптасып, дамып келеді. 

Сондай-ақ, екі ел халықаралық ұйымдар шеңберінде де өзара ықпалдастыққа жол салған. Парламентаралық қарым-қатынас та саяси тұрғыда өз жемісін беруде. Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы құқықтық-келісім базасында 100-ден аса құжат бар. Сауда-экономикалық қатынас саласында тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Қазақстаннан Әзірбайжанға экспортқа шығарылатын тауарлардың ішінде минералды ресурстарға, химиялық шикізатқа, егістік дақылдарына, табак өнімдеріне, электр жабдықтарына басымдық берілген. 

Қазақстанға мұнай өнімдері, этилен полимерлері, машина бөлшектері, құрылыс жабдықтары импортталады. Қазіргі уақытта тараптармен мұнай-газ және ауылшаруашылығы салаларында ірі бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, бүгінде азаматтық авиация саласында да өзара ықпалдастық шаралары дамуда. Аймақтық деңгейде де сауда-экономикалық байланыс жүйелі жолға қойылған.

Әзірбайжанда Қазақстанмен бірлескен «Әзірбайжан-Қазақстан» достық қоғамы жұмыс жасайды. Шекаралас аймақтарда екі елдің достық байланысын дәріптеген түрлі шығармашылық шаралар ұйымдастырылып отырады. Бұдан өзге ғылым саласында жобалар жүзеге асырылуда. Рашад Маммадовтың айтуынша, Әзірбайжанның ұлттық кітапханасында Қазақстанды танып-білуге арналған бұрыш ашылған.

Қазақстандықтар әзірбайжан ұлтының даңқты қызы, қоғам қайраткері Асылы Османның қазақ халқына сіңірген еңбегін ерекше бағалайды. Жалпы тарих деректеріне көз жүгіртер болсақ, әзірбайжан этносының өкілдерінің Қазақстанға қоныс аударуы өткен ғасырдың 20-40 жылдарына сәйкес келеді. Бүгінде қазақстандық әзірбайжан этносының өкілдерінің саны 130 мыңға жуық. Олар негізінен Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында көптеп шоғырланған. 

Кездесу соңында Жансейіт Түймебаев Рашад Маммадовқа Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жарық көрген «Елбасы және халқы» кітабын тарту етті.

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Кейін қарай