Қазақстан халқы Ассамблеясы

ШЕТЕЛДІК ЖАСТЫҢ ТАҢДАУЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІ

Бүгінгі жаһандану дәуірінде тіл тек қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттыңрухы, халықтың болмысы, елдің тұтастығын сақтайтын құдіретті күш. Қазақтілі де осындай мәртебелі миссияны абыроймен атқарып келеді. Тәуелсіздікпен бірге бойтүзеген тіл саясаты бүгінде нақты нәтижесін беріпотыр. Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқының ортақ құндылығына, этностарарасындағы өзара түсіністік пен татулықтың дәнекеріне айналып келеді.

Бүгінде елімізде қазақ тілін ерікті түрде үйреніп, оны өмірлік жолына серікетіп жүрген этнос өкілдері жетерлік. Сондай-ақ, қазақ тілінің қадіріне жетіп, алыс-жақын шет елдерден келіп, мемлекеттік тілде арнайы білім алып жүрген жас буын қатары да күннен-күнге артуда.   

Солардың бірі – Оңтүстік Азиядан, нақты айтқанда Пәкістан Ислам Республикасынан келген талапты жас – Мухаммад Усама Шахид.

Ол – Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университеттің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жатқан төртінші курс студенті. Бұлмамандықты таңдауы оның ішкі рухани ізденісінің, тілге деген шынайықызығушылығының айқын дәлелі. Өз еркімен қазақ тілін үйреніп, оны тек күнделікті қарым-қатынас құралы ғана емес, болашақ кәсібіне айналдыруы – нағыз табандылық пен ықыластың жемісі.

Мухаммадтың туған жері – Пәкістанның Пенджаб өлкесіндегі Чиниотқаласы. Ол алғаш рет Қазақстан туралы интернеттегі деректерден біліп, терең қызығушылық танытады.
– «Қазақстанның тарихы, мәдениеті, әсіресе ұлттар арасындағы бейбітқарым-қатынас мені қатты баурады. Қазақ халқының рухани байлығы, салт-дәстүрі, әдебиеті ерекше әсер етті. Осыдан соң қазақ тілін үйренуге дегенқұлшынысым оянды», – дейді ол.

Қазақстан – терең тарихы мен бүгінгі тұрақтылығы үндескен ел. Ал Семей – ұлы ойшыл Абайдың рухын бойына сіңірген киелі мекен. Мухаммад үшіндәл осы қалада білім алу – үлкен мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.

Ол тек тілді үйренумен шектеліп қалмай, қазақ және урду тілдерініңұқсастықтары мен айырмашылықтарын ғылыми тұрғыдан зерттеуге денқойып жүр. Оның айтуынша, қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең бай, еңәуезді тілдердің бірі. Әсіресе үндестік заңы тілге ерекше саздылық, табиғиүйлесім береді. Бұл заңдылықтың өзі – тілдің ішкі мәдениетінен хабар береді.
– «Урду тілі – үнді-еуропа тілдер тобына жатады. Грамматикалық құрылымымен дыбысталуы қазақ тілінен өзгеше. Дегенмен, екі тілге де араб, парсы және түркі тілдерінен енген сөздер ортақ. Осы ұқсастықтар екі ел арасындағы мәдени байланысты да тереңдете түседі. Ал шынайы ынта мен ниет болса, кез келген тілдің қиыншылығы жеңілмек», – дейді Мухаммад.

Семей қаласына алғаш аяқ басқанда-ақ қазақ халқының кеңпейілділігі мен қонақжайлылығы жас талапкерді ерекше әсерге бөлеген.
– «Адамдар өте жылы жүзді, ашық, қамқор. Мұғалімдерім мен достарыммаған әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Осындай бейбіт, ынтымақты ортадатіл үйрену де, білім алу да – үлкен бақыт», – деп ағынан жарылады ол.

Бүгінде ол өз ойын еркін жеткізіп қана қоймай, әдеби шығармалардытүпнұсқада оқып, қазақша ғылыми жобалармен де айналысады. Қазақ тілініңкөркемдігін, лексикалық байлығын терең меңгеріп, оны кәсіби түрде зерттепжүрген өзге ұлт жастарының қатарында болуы – қазақ тілінің әлеуетінарттыра түсетін жарқын мысал.

Мухаммад Усама Шахид болашақта Қазақстанда қалып, қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын мұғалім немесе кәсіби аудармашы болуды армандайды. Сонымен қатар, ол қазақ мәдениетін туған елі – Пәкістанда насихаттауды, екіел арасындағы рухани байланысты нығайтуды өзіне парыз санайды.